Қоғам

«Армандықтардың» арманы көп

«Армандықтардың» арманы көп

Облыс орталығындағы «Арман» жатақханасы тұрғындарының арманы көп. Мұнда электр жарығы екі күнде бір сөніп, кәріз суы жертөлесін көл еткені былай тұрсын, қысы-жазы ыстық сусыз отырғандарына да отыз жылға жуық уақыт өтіпті.

Тоқсаныншы жылдары құбырлары тоналып, ыстық суға зар болған жұрт күні бүгінге дейін осы мәселенің шешімін күтуде.

«Кемедегінің жаны бір» демекші, мұндағы көпшіліктің айтары ортақ, өтініші бір. Кейбіреулері тіпті көшіп кетейін десе, аламын деп келгендер ыстық судың жоқтығын біліп, жертөленің жайын көріп-ақ теріс айналып кетеді екен. – Жертөлеміз талай жыл бойы адам шошитын күйде. Құбырлардың барлығы шіріп кеткен. Ылғи су алып жатады. Кәріз жүйесі де жертөлеге ағып жатыр. Оның иісі қолқаны қабады. Өзім осында 1992 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Біздің жайымыз ешкімге керек емес. Сондықтан қазір шағым айтудан да шаршадық. Себебі нәтиже жоқ. Қысы-жазы газға су жылытып жуынамыз. Балалар мектепке барады, үлкен кісілер бар. Барлығымыз ыстық суға мұқтажбыз. Электр жарығы да екі күнде бір өшіп қалады. Бір адам қарыз болса барлығымыз шаммен отырамыз. Кейбіреулер мұндағы пәтерін жалға беріп кеткен. Ал олар уақытылы төлемейді. Ол да бізге проблема. Бұл мәселемен учаскелік полиция инспекторлары да айналыспайды. Қасымызда сәулетті «Арбат» соғылды. Қала көркі күннен күнге артуда. Бірақ сол «Арбаттың» қасында тұрып, осындай күйде ғұмыр кешіп келеміз. Және үйдің қасынан өтетін, балабақшаға қатынайтын жол да көңілімізден шықпайды. Бұрын ешқандай ой-шұқыры жоқ тәп-тәуір жол болатын. Газ, су тартатындар қопарып кетіп, сол күйі бірнеше жыл шаңы шығып жатты. Енді екі көлік сыймайтын жол төсеп қойды. Балаларды көлік қағып кетер ме екен деп те алаңдап отырамыз, – дейді тұрғын Хадиша Идирисова. Шынтуайтында ыстық су беру еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осындағы тұрғындардың қарызына бола тоқтатылған. Дегенмен қазір олар ыстық суға қолдары жетсе уақытылы төлеуге уәде беріп отыр. XXI ғасырдағы жарықтың мәселесі де жанға әбден батқан.

Жарығы жиі сөнсе де үміті сөнбеген, ыстық су арман болған мұндағы халықтың талап тілегі осы. Өз кезегімізде біз де «Арман» жатақханасы тұрғындарының өтініші жауапты мамандардың назарына алынады деген сенімдеміз.

 

Нұржан Қадірәлі