сенбі, 23 қараша, 2024 20:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Асаның имамдары асарлатып үй салып берді

Асаның имамдары асарлатып үй салып берді
ашық дереккөзі
Асаның имамдары асарлатып үй салып берді

Нарық заманында бір-біріне ақысыз көмектесу деген қалып барады. Дегенмен, бізде игі дәстүр бар, ол – асар. Яғни, көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ, үй салу сияқты ауыр жұмыста бірлесе көмек қолын созу дәстүрі елімізде қайта жанданды. Бұл қазақтың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын, кеңдігін, көпшілдігін білдіреді. Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бұл – қазақы әдепті жаңғыртудың бір жолы. Басты мақсат – халықтың бірлігін арттыру, мұқтаж жандарға көмек беру. Жобаның тағы бір ерекшелігі – үйлі болатын отбасын анықтауда ауыл әкімдігі ғана емес, қазыналы қарияларымыз да атсалысуда. Игі іс облысқа қарасты барлық ауданда қолдау тауып, тұрғындардың ауылдастарына асарлатып үй салып беру ісі ерекше қарқынмен жүзеге асуда.

Жамбыл ауданындағы Аса ауылында мешіт имамдары асарлатып үй салып, тұрмыстық аз қамтылған отбасыларға сыйлады. Жалпақтөбе ауылындағы көпбалалы жалғызілікті әкеге 4 бөлмелі баспананы тарту етті. Оған қоса, осы ауданға қарасты Бесағаш, Жасөркен, Жалпақтөбе ауылдарындағы мешіт қызметкерлеріне де қызметтік үй салып берді. Сонымен қатар, мерейтой аясында Қаракемер, Бірлесу-Еңбек, Бесағаш ауылдарындағы мешіттердің жанынан асхана ашып, аудан аумағындағы 7 мазараттың қоршауын жасады. Бірлесу-Еңбек, Бесағаш, Қаракемер, Жалпақтөбе, Жасөркен ауылдарындағы мешіттерін күрделі жөндеуден өткізді.

– Әрине, «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей, барлың іс көпшіліктің бірігуімен ғана нәтижелі болмақ. Сол секілді біздің Жамбыл ауданының жамағаты да ортақ мүддеге негізделген іске барынша үлес қосуға күш сала білді. Сол бірліктің арқасында осындай оң іс тындырылып отыр. Бүгін пайдалануға берілген мешіттердің жанындағы асханалар, баспаналар, бәрі де жергілікті жамағаттың, аудан кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен, көмегімен жүзеге асты. Алла разы болсын оларға. Аудан кәсіпкерлері орталық мешіттің қызметіне арнайы көлік те сыйлады. Бұл халықтың дін қызметкерлеріне көрсеткен құрметі, көп жылғы еңбектің бағаланғаны деп білемін. Шүкір, ауданымызда діни ахуал тұрақты. Ауыл имамдарының жұмысы өз деңгейінде, оларға мешіт жамағаты қолдау көрсетіп отырады. Аудан аумағындағы мешіттердің тазалығына да ерекше мән беріледі. Алланың жердегі үйін тазалап, оған ілтипатпен қарауға барлық жамағат көңіл бөледі, -дейді ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков.

Мерейтойды ас та төк той-думанмен өткізбей, көпке пайдасы зор іс тындырумен атап өтуді көздеген ҚМДБ өкілдеріне халық та риза. Нағыз қуанышты атап өтудің сипаты осындай болса керек-ті.

Қамар Рахметуллина

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар