жұма, 27 желтоқсан, 2024 10:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ата-ана аманаты әрдайым есімізде

Ата-ана аманаты әрдайым есімізде
ашық дереккөзі
Ата-ана аманаты әрдайым есімізде

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің негізгі ұйытқысы ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, ыстық ұясы. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі болып есептеледі.

Мың да бір шүкір. Бүгінде өсіп-өніп, тамырын тереңге тартқан мәуелі бәйтерекке айналғанымыз алтын бесігімізде ата-анамыздан алған ұлағатты тәрбиенің ықпалы. Әке-шешеміз ортамызда болмағанымен берген тәлім-тәрбиесі мәңгілік бағдар болып, өмір жолында адастырмай алып келеді. Биыл әкеміз Мәдібай Сүгірәлиевтің өмірден озғанына 31, анамыз Ұлдаркүл Бекбосынованың дүние салғанына 20 жыл толып отыр. «Әке – асқар тау» дейді халқымыз. Қазақ отбасында әкенің орны, құрметі ерекше. Әкеміз Мәдібай қай кезде болмасын шаңырағымыздың ұйытқысы, қамқоршысы, тірегі бола білді. Әке тәрбиесінің баланың болашағына негізгі бағдар болатыны белгілі. «Балаң қымбат, оның тәрбиесі одан да қымбат болуы керек» деген ұстанымды берік ұстанған әкеміз ұл-қызының тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ізгі қасиеттерді бойымызға сіңіре білді. 1919 жылдың 1 қазанында Талас ауданы Сталин селосында (қазіргі Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылы) дүниеге келген әкеміз еңбекке ерте араласып, ерте есейеді. Жеті сыныптық білім алып, соғысқа аттанғанға дейін ауылда әртүрлі жұмыстар атқарады. Еңбекпен есейген, кездескен қиындық-кедергінің бәрін қайсарлықпен жеңе білген әкеміз 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Кейін Ұлы Отан соғысының отты жылдарын еске алғанда: «1943 жылы кескілескен ұрыстың бірінде оң аяғыма оқ тиіп, ауыр жараландым. Жан-жағыма қараймын. Жараланып жатқан немесе өмірімен қош айтысқан майдангер достарымды көргенде өне бойым тітіркеніп кетті. Жаудың оғы кәдімгі жаңбырша жауып тұрды. Басымды көтере алар емеспін. Тірі шықпасыма көзім анық жетті. Әл-дәрменім де таусылды. Қай тұстан, қалай келгенін қайдам кенет бір орыс қызы бұқпантайлап жаныма жақындап келіп, алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Мойнынан орамалып алып, аяғымды байлап, көлікке салды. Есімі Катя екен. Осылайша Катяның арқасында өлім аузынан қалдым. Сөйтіп Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы госпитальға келіп, оқ тиген аяғымды кестіріп, ауылға қайттым», деп күрсініп, көзіне жас алып отыратын. Бір аяқтан айырылып, елге келгеннен кейін сұм соғыстың кесірінен әбден титықтаған туған елдің еңсесін көтеруге үлесімді қайткен күнде де қоссам деген арманы мен үміті әкемізді одан сайын шыңдай түсіп, ауылдың қым-қуыт тірлігіне білек түріп араласып кетеді. Соғыстан кейінгі жүдеу тұрмысты көтеруге аянбай атсалысады. Туған жерінде есепші болып жұмысқа орналасып, араға жылдар салып 1965 жылы «Жданов» кеңшарына (қазіргі Сәду Шәкіров ауылы) отбасымен қоныс аударады. Өмірлік мақсатына адал, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары әкемізге басшылық кеңшардағы орталық қойманың меңгерушісі қызметін сеніп тапсырады. Сөйтіп орталық қоймада 1978 жылға дейін жұмысты істейді. Қашанда өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын әкеміздің еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болып, елдің алғысына бөленді. 1978 жылы зейнетке шығуына байланысты сол кездегі «Ойық» кеңшарының директоры Сейілбек Әбдиев әкемізге бес бөлмелі үйдің кілтін табыс етеді. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін бірнеше орден-медальды да кеудесіне жарқыратып тақты. Ал анамыз Ұлдаркүл Бекбосынова 1932 жылы Талас ауданы Карл Маркс ауылында (қазіргі Амангелді ауылы) дүниеге келген. Отбасындағы балалардың үлкені болғандықтан анамыз да қаршадайынан қара жұмысқа жегіліп, малшы ата-анасына қолқанат болып өседі. Соғыс басталғанда бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаймағанына қарамастан үлкендермен бірге тылда еңбек етіпті. 1950 жылы әкеміз Мәдібаймен шаңырақ көтеріп, өмірдің жаңа баспалдағына аяқ басады. 1957 жылы «Ойық» қаракөл кеңшарына (қазіргі Ойық ауылы) жұмысшы болып қабылданады. 1965 жылы әкеміз Мәдібайдың «Жданов» кеңшарына ауысуына байланысты аталмыш кеңшардағы орталық қоймаға жұмысқа орналасады. Орталық қоймада табан аудармай 10 жыл істеп, 1975 жылы денсаулығына байланысты жұмыстан қол үзуге тура келеді. Әкеміз Мәдібай бен анамыз Ұлдаркүл екеуі сегіз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздары әр салада жемісті еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Әкеміз бен анамыздың мейірім шуағын көріп өскен біз олардың жүріп өткен өмір жолын қастерлеп, бағалаймыз. Ең алдымен адам болуды басты парыз санаған ата-анамыздың аманаты әрдайым есімізде тұрады.

 

Еркінбек СҮГІРӘЛИЕВ, Талас ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар