сенбі, 23 қараша, 2024 12:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауылда автокөлік сырлап, ақша тауып жүр

Ауылда автокөлік сырлап, ақша тауып жүр
ашық дереккөзі
Ауылда автокөлік сырлап, ақша тауып жүр

Бұрын адам көп шоғырланған аудан немесе облыс орталықтарынан ғана кездестіретін шаштараз, тігін цехы, техника жөндеу орталығы секілді сервистік қызмет көрсетуге қатысты кәсіп түрлері бүгінде ауылдық елді мекендерде де кең өріс жая бастады. Бірі мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларға қатысу арқылы өз ісін дөңгелетіп отырса, ал енді бірі ешкімнің қолдауынсыз-ақ жеке кәсібін ашқан. Қолынан келген істі табыс көзіне айналдырып, елдің алғысына бөленген жастың бірі – Қайрат Үкібаев. Ол Жамбыл ауданы Шайдана ауылында тұрады.

Ырзығын өзгелердің темір тұлпарын әрлеп-сырлау арқылы табатын Қайрат Бекболатұлы әу баста жанына жақын кәсіппен ауылда айналысамын деп ойламаса керек. Айтуынша, Тараз қаласында елдің соғылған көлігін жөндеп жүргенде карантин басталып, ауылға қайтуға тура келіпті. «Шектеу шаралары жеңілдетілсе, жұмысыма қайта оралармын» деп ой түйген кейіпкеріміз үйде бос жатпай, ауылдастарының көлігін қалпына келтіруді әдетке айналдырған. Кейіннен тұтынушы көбейіп, жұмыс ауқымы ұлғайған.

– Автомеханик мамандығын бітіргенім болмаса, көлікті әрлеу-сырлаудың арнайы оқуын оқымағанмын. Бұл салаға дейін бірнеше жыл өрт сөндіру саласында жұмыс істедім. Көлік қаңқасын қалпына келтіру, бояу-сырлау, әрлеу жұмысына ойда жоқта кезіктім. Алғашында Тараз қаласындағы «Игілік» техника жөндеу орталығында Сағи есімді бір білікті ұстаға көмектесіп жүрдім. Қолымның ебі бар екенін байқаған ол көп ұзамай мені қасына жұмысқа алды. Екі жылдың ішінде соғылған, сырылған, бүлінген көліктерді қалпына келтірудің қыр-сырын жетік меңгердім. Майысқан темірлерді тарту, керу, сынған жерін дәнекерлеу секілді күрделі жұмысты да сапалы атқаруды үйрендім. Негізінен көлікті сырлаудың технологиялық үдерісі сырлауға даярлау, сырлау, кептіру секілді үш кезеңнен тұрады. Айтуға оңай болғанымен, майысқан темірді бастапқы қалпына келтіру, бояуды дұрыс таңдау, электрлі компрессормен жұмыс істеуде бояуды біркелкі шашу, жылтырату секілді жұмыстар қабілеттілікпен қатар, ұқыптылықты да қажет етеді. Бүгінде ауылда жатып-ақ айына 200-300 мың теңге табыс тауып жүрмін. Ендігі мақсатым – кәсібімнің аясын кеңейту. Әзірге әкемнің ескі гаражын пайдаланып жүрмін. Ал, маған көлікті емін-еркін сырлайтын, кептіретін аумағы үлкен жай керек. Аудан орталығындағы тиісті мекемелерге осы жөнінде қолдау көрсетуді сұрап бардым. Биыл кеш қалыппын, келер жылы 505 мың теңге грантқа ілігуге болады екен. Кәсібімді кеңейту үшін бұдан да қомақты қаржы керек. Өйткені, көлікті сырлап ғана қоймай, доңғалақ желімдеу, моторын, қозғалтқышын шашып-құраумен айналысатын техника жөндеу орталығын ашсам деген ойым бар. Ал, оның білікті мамандары ауылдан-ақ табылады, – дейді Қайрат Бекболатұлы.

Техниканың тілін тапқан Қайрат қазір 28 жаста. Отбасылы, балалы-шағалы. Жұмысқа деген ыждаһатынан бөлек, кісінің көңіліне, жағдайына да қарайтын артықшылығы бар. Таразда 180 мың теңгеге бағаланатын сырлау жұмыстарын Қайрат 100 мың теңгеге істейді. Оның атын естіген тараздықтар бүгінде Шайданаға іздеп барып, шағын сарайының алдына кезекке тұратын көрінеді. Жұмысы сапалы, баға жүйелі болса, кез келген қызметке сұраныстың артатыны орынды. Жұмыс қауырт болғандықтан, қазір ағасы Әсет қолғабыс етіп жүр. Олар «Өзгеге қызмет көрсете отырып, өзіңе жұмыс істегенге не жетсін? Қалада біреудің қол астында еңбек етсең, табысың бөлінеді, жалға алған орын үшін тағы шығындаласың. Мұнда ақыны тек еңбегімізге ғана аламыз» дейді. Ертеректе көлік жөндеу, сырлау-әрлеу секілді жұмыстарды өзге ұлт өкілдері атқаратын. Қазір бұл істі қазақ балаларының меңгергені қуантады. Қайраттың «Көлік жөндеу, бояу шеберханасын ашсам» деген арманының орындалып, іске асуы аудандағы осы саланы дамытудың басы-қасында жүргендерге байланысты. Олар болам деген баланың белін бууға көңіл бөліп, қолдау білдірсе жұмыс жанданғалы-ақ тұр. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының бір бағыты – елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жастардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау емес пе?..

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Жамбыл ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар