Ауылдың «кіндік шешесі»
Ауылдың «кіндік шешесі»
Өзі туып-өскен ауылда отыз жыл көлемінде дүниеге келген балаларға «кіндік шеше» болған, отбасында саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырып, шөбере сүйіп отырған Сағынбүбі Әубәкірованың өмірін нағыз ұлағатты ғұмыр деуге болады. Әттең ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, бүтіндей бір ауылдың ақылшы қариясы, Құдай қосқан қосағы Иенбергеннен қапыда көз жазып қалғанда ана жүрегі езіліп сала берген. Өмірлік жарының сексен жасын отбасында ағайын-туыс, құдалар болып, балалардың ортасында атап өткені сол еді, ауырмай-сырқамай «Ендігі тірлік саған аманат, Сағын-ау...» деп балаларды тапсырып, мәңгілікке аттана бергені...
Балалардың алды Ғалым – елге белгілі қаламгер-журналист. Одан кейінгі ұлы – Білімі «Білім» шаруа қожалығының жетекшісі, Сәкені – Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы. Қыздары Гүлнұр Алматыда мемлекеттік кірістер саласында қызметте болса, Елнұры кәсіпкерлікпен айналысып, жемісті қызмет атқарып жүр. Үлкен ұлмен бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде қатар оқып, бір салада қызмет атқарғандықтан Қордай ауданының Қызылсай ауылындағы Иенберген қарияның шаңырағына жол түсіп тұрады. Дастарқаны жиналмайтын Сағынбүбідей денсаулық сақтау саласының үздігімен талай рет әңгімелесудің сәті түскен. Бүтіндей бір ауылдың «кіндік шешесі» атанған аяулы ананың өмір жолы жайлы да сыр тартқаным бар бірде. Сағынбүбі Әубәкірова Ұлы Отан соғысының қарсаңында, 1940 жылы 16 қараша күні Қордай ауданының Өрікті ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Сегіз жылдық мектепті бұрынғы Жандысай, қазіргі Қызылсай ауылында, ал орта мектепті бүгінгі Масанчи ауылында үздік бітіреді. Кейуана Өріктіден Жандысайға жаяу-жалпы қатынап оқыған жылдарын еске алып, біршама үнсіз қалды. Асыл ананың көз алдына бүгінде қатары сиреп қалған сыныптастары келді ме, әлде балғын шақтарын «ұрлаған» соғыстың отты жылдары түсті ме, көз жанарын бір нүктеге қадап, қалың ойдың тұңғиығына батып кетті. Бәлкім Құдай қосқан жан жарын, балаларының әкесін аңсады ма?.. Оқуға зерек, қиыншылықтан қаймықпайтын қайсар қыз іргелес жатқан қырғыз елінің Тоқмақ қаласындағы медициналық училищені 1960 жылы фельдшер-акушер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Арнаулы оқу орнының жолдамасымен Жандысай ауылына фельдшер-акушер болып орналасады. Сол жылы ауыл жігіті, жоғары білімді мұғалім Иенбергенмен отбасын құрып, шаңырақ көтеріпті. Келген шаңырағы Қордай өңіріне белгілі сұрмерген Қасабайдың әулеті болып шығады. Ақ пен қызылдың қырғынында қарапайым халықтың қаны ақтардың оғынан Жандысай өзенімен қызыл қан болып аққанда атақты мерген жаудың талайын жер жастандырып, бүтіндей ауыл халқын қырылып кетуден аман алып қалғанын Сағынбүбі жас та болса білетін. Киелі әулетке келін болған соң, қара шаңырақтың түтінін түзу шығаруда өзіне үлкен міндет жүктелетінін бірден сезді. Аң-құсқа шығатын аңшыларға дейін осы үлкен шаңыраққа келіп, мерген бабаларының рухына құран түсіртіп барып, саят құруға аттанатын. Бір жағынан іргелі ауылдың денсаулық саласы болса да өзіне жүктелген. Аяғы ауыр келіндерді бақылауға алып, дәрігерлік ақыл-кеңес беріп отыру, айы-күні жеткендерін аман-есен босандыру сынды аса үлкен міндетті мінсіз атқару керек. Оның үстіне шаруашылықтың жаз жайлауы, қыс қыстауында отырған малшы қауымның денінің саулығына да жауапты болған соң, тынымсыз еңбек етуге тура келетін. Ел жадында «жұт жылы» болып қалған 1969 жылдың ақ түтек боранындағы мына оқиға фельдшер-акушердің есінен шыққан емес. Бірде «алыс мал қыстауында отырған қойшының келіншегін толғақ қысып жатыр» деген хабар түседі. Шаруашылықтың «вездеходымен» шұғыл аттанып кетеді. Ауылдан он бес шықырым шығысымен-ақ ақ түтектен қарыс қадам жол көрінбей, машина омбы қарға тығылып, тұрып қалады. Ойланатын уақыт жоқ, қайсар жан бағана жағалап жаяу тартады. Екі сағат дегенде шопан үйіне әрең жетсе, бірінші перзентіне толғатып жатқан келіншектің кірпіктері ғана болар-болмас қимылдайды. Басқа тіршілік белгісі жоқ. Дереу іске кірісіп, іштегі шақалақтың тірі екеніне көз жеткізген акушер әйелді босандыру жолындағы барлық айла-тәсілдерді қолдана отырып, аман-есен босандырып алады. Жарық дүниеге келген шақалақтың іңгәлаған дауысы үйдің ішін шуақ шашқандай жарқыратып жіберді. Бұл кезде әбден қалжыраған Сағынбүбі үсік шала бастаған аяқ-қолына спирт жағып, сақтық шараларын қолға алып жатты... Бұл бір ауылда, бір орында табаны күректей 33 жыл еңбек еткен Сағынбүбі Әубәкірованың адам өмірін ажалдан арашалап қалған жалғыз ғана оқиғасы. Әйтпесе қаншама адамға қайта өмір сыйлады десеңізші...
Денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл атқарған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Аудандық, облыстық деңгейде бірнеше рет грамоталармен марапатталып, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін тақты. 1978 жылы аудан бойынша медицина қызметкерлері арасында өткен социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, Қордай аудандық партия және атқару комитетінен сыйлыққа жеңіл автокөлік алды. Ол заманда аудан атынан жеңіл автокөлік табыстың тайқазанын қайнатқан нағыз еңбек озаттарына ғана берілетінін ескерсек, адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жанның ерен еңбегі әділ бағаланғанын аңғарасың. Ақ қар, көк мұзда, жаздың аптап ыстығында кез келген көлікке мініп, болмаса атқа қонып, кейде жаяу-жалпы жүріп талай жанды ажалдан алып қалған ардақты ана, үшін сексен жас аз емес. Адамдардан алған шексіз алғыс шығар, әзір акушер ана қуатты, қара шаңыраққа ие болып отырған ортаншы ұл Білімнің қолында, немерелері мен шөберелерінің ортасында. Жанат келін де бір мың болғыр жан, қашанда «апалап» құрақ ұшып жүргені. Аман болыңыз, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын, талай жанды емдеп, қаншама сәбиге анасындай өмір сыйлаған «кіндік шеше»!
Амангелді ӘБІЛ, Қордай ауданы