Қоғам

Қазақстанда оқушылар енді сабақ кезінде телефон қолдана алмайды

Қазақстанда оқушылар енді сабақ кезінде телефон қолдана алмайды

Президент парламент қабылдаған заңға қол қойған соң, мектеп оқушыларына сабақ кезінде телефон ұстауға тыйым салынады, деп хабарлайды .kz. Бүгін сенат депутаттары кейбір заңнамалық актілерге білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды мақұлдады. Құжатта сабақ кезінде оқушыларға ұялы телефондарды пайдалануға шек қою туралы норма бар. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева балаларынан хабар ала алмай қаламын деп қорқатын ата-аналарды сабырға шақырды. Өйткені оқушылар үзіліс кезінде ұялы телефонды пайдалана береді. Тек сабақ үстінде ұстауға тыйым салынады.

Сонымен қатар осы заңда тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, мектептерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар да бар. Бұдан бөлек, кішкентай балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді  құлыптармен қамтамасыз ету міндеттілігі енгізілген. Сондай-ақ жаңа ықшам аудандарда мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай, көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Бұл үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге, сапалы білім беруге және тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сенат депутаттары мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.