сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 6:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Б.Сапарбаев Тараздағы білім нысандарының жөндеу жұмыстарымен танысты

Б.Сапарбаев Тараздағы білім нысандарының жөндеу жұмыстарымен танысты
ашық дереккөзі
Б.Сапарбаев Тараздағы білім нысандарының жөндеу жұмыстарымен танысты
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен сенбі күні Тараз қаласын жұмыс барысымен кезекті рет аралап, бірқатар білім беру нысандарына бас сұқты. Атап айтқанда, өңір басшысы №22 орта мектептің жаңа ғимараты және саңырау және нашар еститін балаларға арналған мамандандырылған "Мейірім" мектеп-интернатының оқу корпусының құрылыс барысын барлады. "Сахпоселок" массивінің аумағында орналасқан №22 орта мектеп ғимаратын кеңейту қажеттілігі туындағанына аз болмаған. 400 - ден астам бала аядай ғана тозығы жеткен қос қабатты екі ғимаратта оқуға мәжбүр болып келген еді. Оның бірі 1972 жылы мектеп үшін арнайы салынса, ал екіншісі 1880 жылы бой көтерген. Бір қызығы, екінші ғимарат бір кездері бай саудагерге тиесілі болған, ол оны кейінірек бастауыш сыныптардың игілігі үшін мектепке берген. Осы жылдар ішінде мектептің екі ғимараты да бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Соның салдарынан терезелері мен есіктері, едендері-жиһаз-жабдықтары, сантехникасы және тағы басқаларының бәрі тозығы жеткен. Сонымен қатар, мектепте ішкі санитарлық-гигиеналық тораптар болмаған. Білім беру мекемесінің директоры Шолпан Дихонбаеваның айтуынша, жыл сайын оқушылар саны артып, қазіргі таңда 480-ге жеткен. Бұл мектеп үшін өз тарихындағы ең жоғары жүктеме болып табылады. - Біз кеңейту қажеттілігі туралы мәселені бұрыннан көтеріп келдік. Бастапқыда жергілікті билік біздің мектепте күрделі жөндеу жүргізіп, тағы бір оқу корпусын салу туралы шешім қабылдады. Бірақ облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өткен жылдың көктемінде мектепке келіп, балалардың қандай жағдайда оқитынын көріп, көрші аумақта жаңа мектеп ғимаратын салу туралы шешім қабылдаған болатын. Енді міне, балалар мен ата-аналар, мұғалімдер оның құрылысының аяқталуын асыға күтуде. Келесі оқу жылында біз жаңа мектепте оқимыз деп үміттенеміз, - деді оқу ордасының басшысы. №22 орта мектептің жаңа ғимараты 600 балаға арналған үш қабатты екі корпустан тұрады. Құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда. Бердібек Сапарбаев құрылыс материалдарына және ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды. - Жаңа мектеп заманауи, әдемі көрініске ие болуы керек. Біз балалардың жан-жақты дамуы мен білім алуы үшін жақсы жағдай жасауға тиіспіз. Бұл мектептің бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қосымша білім беру үшін түрлі секциялар ашу қажет. Ол осы аймақ тұрғындары үшін аса маңызды, - деп атап өтті Б.Сапарбаев. Сондай-ақ, бүгінге дейін мектеп тек орыс тілінде білім беріп келсе, пайдалануға берілгеннен кейін мұнда қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашу жағы қарастырылуда. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жаңа мектептің барлық құрылыс жұмыстарының сапасын мұқият бақылауды, аулаларын барынша жарықтандыруды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мекеме аумағын сенімді қоршаумен қамтуды тапсырды. Ол ғана емес, Б.Сапарбаев мектептің іргесіндегі аумақтың да ​ әдемі әрі заманауи көрінісін ойластыру қажеттігін алға тартты. Бұдан соң облыс әкімі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатына арнайы ат басын бұрды. Онда бүгінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 130 бала білім алуда. Мекеме бұрынғы балабақшаның ынғайластырылған ғимаратында орналасқандықтан, жергілікті билік қосымша 80 орындық оқу ғимаратын салу туралы ұйғарымға келген. - Бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық топтар бұрынғы ғимаратта қалады. Онда да ұйықтайтын бөлмелер, спортзал, кәсіптік бағдар беру кабинеттері бар десек, оларда қыздар тігіншілікпен, тамақ әзірлеумен айналыса алады, ал ұлдар металл және ағаш өңдеу техникасын игереді. Жаңа ғимаратта тек жоғары сыныптар оқитын болады. Мұнда он үлгілік оқу кабинеті, он бейінді - сурдопедагогтардың сабақтарына арналған арнайы жабдықтармен жарақтандырылған кабинет, педагог-дефектологтың жеке сабақтарына арналған және информатика кабинеттерімен қамтылған, - деді мекеме директоры Азат Назаралиева. Мектеп-интернатының жаңа оқу ғимараты құрылысы 70 пайызға аяқталған.​ Ол ғимаратта балалар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана оқи бастамақ. Бүгінде мектептің барлық оқушылары үйде қашықтықтан білім алуда. Бердібек Сапарбаев мекеменің жұмысымен танысып, тәрбиеленушілерінің жетістіктері туралы сұрады. Мұғалімдер балалардың өнердегі және спорттағы жетістіктері туралы мақтанышпен жеткізді. Мектеп түлектерінің арасында көптеген спорт шеберлері бар болып шықты. Аймақ басшысы жаңа оқу ғимаратын салудың маңыздылығын атап өтті, онда есту қабілеті бұзылған балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалатындығына айрықша көңіл бөлді. Сонымен қатар, облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі балалар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту керектігін баса айтты. Айталық, бұл іске шаштараздар, тігін шеберханаларын немесе массаж салондары сияқты жеке компанияларды тарту аса маңызды, олардың негізінде орта мектеп оқушылары оқи отырып, пайдалы дағдыларды игеріп шыға алады. Дәл осы бағытта есту патологиясы бар адамдар жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Облыс орталығындағы жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған №20 орта мектепке де бас сұқты. 525 орынға есептелген мектеп ғимараты 1962 жылы Тараз қаласындағы Крылов көшесінде бой көтерген. Қазіргі уақытта мұнда 379 бала орыс және қазақ тілдеріндегі сыныптарда оқуда. Мекеме директоры Гүлнар Төлендиеваның айтуынша, мектепте осы жылдар ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Өткен жылдың тамыз айында мектеп нысанына күрделі жөндеу басталған. Балалар жаңа тоқсаннан бастап, яғни 11 қаңтардан бастап толықтай жаңартылған өз мектептерінде білім алатын болады. Қазір мектеп жаңа келбетке ие болған. Нақтырақ айтсақ, ғимараттың қасбеті боялып, терезелері мен есіктері, едендері ауыстырылған, әр қабат ерекше дизайнмен әрленіп, жиһаздары да толығымен жаңаланған. - Қазір мектеп заманауи көрініске енгенін көріп отырмыз. Дизайны да жақсы таңдалып, түстер өз үйлесімін тауыпты. Меніңше, балалар енді мұнда жоғары көңіл-күймен әрі жағымды әсермен білім алатын болады, - деді Б.Сапарбаев.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар