Қоғам

Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

Еліміздің ертеңі болар тұлғаны қалыптастыру бүгінгі балабақша тәрбиешілерінің де еншісінде. Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Көпшіліктің алғысына бөленген, бала жанына жол таба білген тәрбиешінің бірі Гүлфайруз Ғабдуллина Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы №1 бөбекжай-балабақшаның «Айгөлек» кіші тобында жұмыс істейді.

Тәрбиеші Гүлфайруз Тоқтанқызы ұзақ жылдар бойы талай баланы балабақшадан ұшырып, тәлім-тәрбие беруде. Ол 1967 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Бала Г. Тоқтанқызы Тараз қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернатта білім алады. Одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Алғаш еңбек жолы бұрынғы Толстой көшесінде орналасқан №2 балабақшада тәрбиеші болып басталады.

2000 жылдары Жуалы жеріне отбасымен бірге қоныс аударады. №1 бөбекжай-балабақшаға 2003 жылдан бастап жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін абыройлы жұмыс істеуде.

Оның үнемі балалармен, ата-аналармен көптеген жұмыстар атқарып, ұжымның беделін көтеруге күш салуын ұжым басшылығы мен мүшелері де жоғары бағалайды. Тәжірибелі тәрбиеші туралы №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Даниярова «Гүлфайруз Тоқтанқызы ұжымдағы белді қызметкерлердің бірі. Өз жұмысына тиянақты жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз, тәжірибелі тәрбиеші. Адами жағынан болсын, қызметкер жағынан болсын, қарапайым әрі адал жан. Ол баламен балаша ойнап, баланың, ата-ананың көңілін тауып жұмыс жасай алады. Ол тек тәрибеші ғана емес, жан-жақты өнерімен ерекше. Кез келген істі уақтылы орындап отырады. Өзіндік пікірі бар жайдарлы, нағыз өз ісінің маманы. Жалпы, балалар да, ата-аналар да оның  адамгершілік болмысына риза» деп тәрбиеші тұлғасын суреттеді.

Ол өмірлік мақсаты мен арманын тәрбиеленуші бүлдіршендерімен байланыстырады. Топтан түлеп ұшқан балалары жақсы азамат, тұлға болып қалыптасқанын қалайды.

Баланың жанына терең үңілген жан ғана оның жүрегіне жол табады. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Тәжірибелі Гүлфайруз Тоқтанқызы ұжымның мақтанышы, балалардың қамқоршысы. Осынау мамандықтың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын балалармен бірге жүріп сезінеді.