Қоғам

«Балалар телефоннан бас тартып жатыр». Әлеуметтік желіде таралған бейнежазба ата-аналарға көмегін тигізе ме, балаға зиянын келтіре ме

Балалар дәрігері Жұлдыз Рахметованың әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасы санаулы күннің ішінде көп қаралым жинап, ата-аналардың қажетіне жарап жатқан сияқты. Гаджетті есепсіз тұтынатын бүлдіршіндер пайдалы контентті көргеннен кейін лезде смартфоннан бас тартқан, деп хабарлайды  jambylinfo.kz

Әлеуметтік желіде таралған балалар дәрігері Жұлдыз Рахметованың бейнежазбасы біраз әулеттің әуресін жеңілдеткендей. Бейнежазбада көрініп тұрғандай, дәрігер баланың ата-анасына қоңырау соққандай болады да «балаңыздың аты кім, жасы нешеде» дей келе қазір баратынын, «екпе» салатынын айтады. 10 жасқа дейінгі балаларға арналған контент қазір көптің қажетіне жарап жатыр екен. Таңнан кешке дейін телефонға байланған бүлдіршіндер салауатты өмірге бет бұрған.

Аталған бейнежазба қазір өте танымал болып келеді. Жазылған пікір де алуан түрлі. Алғыс айтқандар да, балаларды дәрігермен қорқытудың жақсы іс еместігін ескерткендер де бар. Оған 12 жылдық тәжірибесі бар ақ халаттының жауабы дайын. Айтуынша, ол өзінің ісін дұрыс деп санайды.

Психолог Гүлзира Қалдыбаеваның сөзінше, баланы дәрігер атымен қорқыту тіпті  дұрыс емес. Өйткені бала сәл есейгенше аталған әдіс пайдасын бергенімен, кейінірек қолданыстан шығады. Ал,  ақ халаттыларға деген баланың қорқынышы мәңгілік сақталады.