Қоғам

Баспана нарығы – басты назарда

Баспана нарығы – басты назарда

Қазақстанда баспана нарығы сан құбылып, тұрғын үй бағалары шарықтап тұрғаны белгілі. Десе де елімізде баспаналы болуға арналған әр түрлі бағдарламар жұмыс істейді. Бұл халықтың табысына қарай тұрғын үй алуы үшін жасалып отырған мемлекеттік қолдау. Мәселен бір күнкөріс минимумына дейін табысы төмен азаматтардың жалақы мөлшері осы сомадан аспаса, жалдамалы тұрғын үй ала алады. Екі күнкөріс минимумына дейін табысы бар азаматтар, «Бақытты отбасы - 2-10-20» бағдарламасы арқылы 2 пайызбен несие ала алады. Сондай-ақ 3,1 күнкөріс минимумына дейін табысы бар азаматтар, яғни отбасындағы әр мүшесі үшін 96,7 мың теңге болса, жаңадан қабылданған «5-10-20» бағдарламасы арқылы үй алуға мүмкіндігі бар. Ал табысы 3,1 күнкөріс минимумынан жоғары азаматтар екінші деңгейлі банктер ұсынатын «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй ала алады. Мұның барлығы да нарықтық ипотека екенін ұмытпауымыз керек. Десе де осы бағдарламалар іске қосылғал баспанасыз жүрген облыс тұрғындарының көпшілігі қоныс тойын тойлай бастағанын атап өтуіміз қажет. Бұл өз кезегінде өңірдің баспана нарығына оң әсер етіп, тұрғындардың үйлі болуына себептігін тигізіп отыр. Жалпы құрылыс саласы кез келген өңірдің экономикалық локомотивтерінің бірі болып табылады. Өйткені елдің экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы көбіне құрылыс саласының тиімді қызмет етуімен тікелей байланысты. Ал құрылыс саласы-күн сайын көп еңбектенуді талап ететін өте күрделі де жауапты жұмыс. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылыс саласын дамытуға барынша басымдық берілді. Баянды бағдарламалар, жарқын жобалар жүзеге асып, нәтижесінде қыруар тірлік тындырылды. Соның ішінде Тараз қаласын сөз етсек, өтпелі кезеңде, яғни 1990-2000 жылдары тоқырап қалған құрылыс саласы облысымызда мемлекеттің айрықша қолдауының нәтижесінде 2005 жылдан бастап қайта жанданды. Осы жылдары қалада құрылыс саласы қарқынды қанат жайды. Атап айтсақ 3-4 жылдың ішінде «Астана» ықшамауданының құрылысы толығымен аяқталды. Аталған ауданда 28 бес қабатты, 3 тоғыз қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Шаһардың бас жоспары жасалып, қала аумағы кеңейіп, қосымша жер қосылды. Сол кездерде «Бәйтерек» ықшамауданындағы жаңа үлгідегі көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарымен тікелей айналысатын қала әкімдігіне қарайтын арнайы құрылыс бөлімі құрылды. Аталған бөлім құрылыс ұйымдырын жақсартуда көптеген жұмыстарды атқарды. Соның нәтижесінде қала ішінен бой көтерген әр түрлі тұрғын үйлерді айтпағанда Бәйтерек, Арай 2 сынды ықшамаудандар пайда болды. Үкіметіміз кейінгі кезде қабылдаған «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламалары бойынша да тұрғын үй құрылысы дамыды. Осы мақсатта өткен жылы Сүлейменов көшесінің аяғында №15 ықшамауданның құрылысы басталған болатын. Осы екі жылда 19 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кілеттері табыс етілді. Бұрын бос дала болып жатқан жерге қазір заманауи сәулетте соғылған 5 қабатты тұрғын үйлердегі 1 600-ге жуық пәтерге тұрғындар келіп қоныстануда. Көшіп келіп пәтер алған тұрғындар құрылыстың сапасына дән риза. Алдағы уақытта бұл шағын ауданда 200 аса көпқабатты тұрғын үй, мектеп , балабақша тағы басқа да мәдени-әлеуметтік нысандар салыну жоспарлануда. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй салуға кезекте тұрған азаматтарға арнап 300-ге жуық типтік жобада жеке үй құрылысы жүргізілуде. Осындай алып құрылыстарды жүргізуде қажырлы еңбек етіп жатқан «Бином», «Агроспецстрой», «Жамбылхимстройинженерниг», «Тараз құрылыс Инвест» және өзге де құрылыс компанияларының қосып отырған рөлі зор. Қорыта айтқанда облыс орталығы және өзге де аудандарда жаңадан тұрғын үйлер салынып, оның суәлеті сән түзеуіне мемлекетіміздің қазақстандықтарға әртүрлі жолмен баспана алуға мүмкіндік жасауының арқасы. Соның арқасында облыс тұрғындарының кейбірі арнайы ипотекалық бағдарламаларға қатысса, тағы бірі жалдамалы немесе қызметтік пәтерге ие болуда. Сатып алу құқығы бар арендалық баспана да халықтың әжетін ашып отырғаны анық. Түптеп келгенде бұл азаматтардың мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктің азаматтардың кей тобына беретін баспанасын қарастыра алуы есебінен жүргізіліп отыр. Бұл өз кезегінде екінші нарықтағы үйлердің бағасының тұрақтануына оң әсер ете бастады.

 

Дәулетхан ӘЛІПБАЕВ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы. Тараз қаласы