Қоғам

Бишімбаевқа қарап барлық мемлекеттік қызметші сондай екен деп ойлаудың қажеті жоқ – Әшімбаев

Сенат спикері мемлекеттік қызметте адал адамдар жұмыс істейтінін атап өтті

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазір сотқа тартылып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қарап барлық мемлекеттік қызметшіге баға беру дұрыс емес деп санайды. Бұл туралы ол сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


БАҚ өкілдері одан Астанадағы сотта қаралып жатқан бұрынғы шенеуніктің ісі бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына көлеңке түсірмей ме деп сұрады. Әшімбаев Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметін баяғыда атқарғанын еске салды. 


Ол мемлекеттік қызметте адал әрі прогрессивті қызметкерлер еңбек ететінін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев тағы да сотқа тартылып жатыр. Бұрынғы шенеунік азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деп айыпталуда. 
Бишімбаев бұған дейін де жемқорлық қылмысы үшін істі болған. Айта кетері, ол 2016 жылғы мамырдан желтоқсан айына дейін ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.