Болат жолдың бойтұмары
Болат жолдың бойтұмары
Шалғайдағы Шу ауданының тұрғындары шойын жолдың қос қапталына қоныстанғандықтан, халықтың басым бөлігінің еңбек жолы осы саламен байланысты. Осы орайда, темір жол торабын егеменді еліміздің экономикалық қуаты мен жүрегі дейтін болсақ, бұл саланың жұмысын жүйелі үйлестіру темір жол бекеттеріне жүктелген. Еліміздегі осындай шоқтығы биік бекеттердің бірі – ірге көтергеніне ғасырға жуық уақыт болған Шу темір жол бекеті. Мұндағы ерсілі-қарсылы вагондарды сүйреп, бірін ажыратып, енді бірін тіркеп жатқан қарбалас тірлік ешқашан толастаған емес. Темір жолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында біздің бүгінгі әңгімеміз тұтас ұжым тағдырларының болат жол бойындағы тірлігі біте қайнасып, құрыштай шынығуына, бақыттарын еңбектен табуына дәнекер болған «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» туралы болмақ. Аталған мекеме туралы сөз қозғамас бұрын сәл кері шегінсек... Бұрынырақта дистанцияның қазіргі жұмыстарының барлығы шаруашылық әдіспен жүргізіліп, барлық істер қол күшімен атқарылған екен. Қажетті деген құрал-сайманнан күрек, кетпен, қашау және топырақ таситын зембіл болған. Осылармен жер қазып, үстіне рельс төсеп, жол салған. Қандай бейнеті зор еңбек десеңізші. Бүгінде осы жолдардың бәрі қолмен атқарылып, адамның күшімен тұрғызылған десең, көнекөз қарттар болмаса, кейінгі жастардың сенбейтіні жасырын емес. Елу жылда – ел жаңа. Бүгінде қоғам да, уақыт та, заман талабы да өзгерді. Тәуелсіздік алып қайта түлеген ел экономикасының ілгері басуы жаңа технологияға, жаңаша сипатқа ие болып, өзгеше қарқын алды. Алғаш рет 2006 жылы құрылған «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» мекемесі де заман талабына икемделіп, бүгінде жаңа технологиялардың игілігін көре бастаған. Бастапқы кезде мекеме Ресей мемлекетінде жасалып шығарылған өнімділігі жоғары, темір жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізетін күрделі ВПР, ПРБ, ЩОМ жол машиналарымен жабдықталыпты. Ал, бүгінде мұнда 61 жол машинасы жұмыс істейді. Оның ішінде Австриядан 29, Ресейден 18 және Франция мемлекетінен 14 заманауи техникалар әкелінген. Сонымен қатар, сол жылдары мұндағы жұмысшы саны да 50 адамнан аспаған еді. Қазіргі таңда мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 456-ға жетіп отыр. Бір қуантарлығы, соның ішіндегі 400-ге жуық жұмысшы жергілікті тұрғындардан құралған. Жалпы дистанция бес өндірістік телімге бөлінген. Бүгінгі таңда бұл мекеменің техникалық базасы жаңартылып, мүмкіншілігі күн санап артып келеді. Темір жол телімдеріндегі бұрын қолмен атқарылып келген жанкешті еңбекті жеңілдететін, уақыт талабына сай келетін арнайы техникаларды қолдану арқылы дистанция ұжымы орташа және күрделі жөндеу жұмыстарының тиімділігін едәуір арттыра түсуде. Мәселен, «РМ» техникасы жол жөндеу жұмысын бастауға негіз салып, жол асты шағыл тастарын тазалап, қайта төсесе, «МФС» машиналары ластанған тастарды шығарып тастайды. Ал, «Дуомат» техникасы төселген жолдың астына қиыршық тасты өлшемге сай етіп енгізеді, белгілі салмақпен көтермелей ұрып нығыздайды және рельс үстінен өтетін ауыр салмақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұдан соң «ДГС» техникасы жолдың жинақылығын қалпына келтіріп шықса, ең соңынан «ПБР» жол көлігі қорытынды тазалау жұмыстарын жүргізеді. Орташа жөндеу жұмысында тиісті көлемде ағаш шпал салынады, жол шегелері қағылады, сынған төсемдері түгелдей ауыстырылады. Одан әрі жаңа қиыршық тас төселіп, ол жолды көтермелей ұру жұмыстарымен жалғасады. Дистанциядағы жол машиналарының осындай жөндеу жұмыстарын жүргізулерінің нәтижесінде барлық бағыттағы поездардың жылдамдығы сағатына 110-140 шақырымды бағындыратын мүмкіндікке ие болып отыр екен. Міне, болат жолдың бойындағы жолшылар еңбегінің бір мезгілдік көрінісі дәл осындай. «Шу машиналандырылған жол дистанциясының» өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ерлан Сайлауұлының айтуынша, аталмыш мекемеде Австрия мемлекетінің Линц қаласында орналасқан «PLASSER-THEURER» заводында оқып келген білікті мамандар жұмыс істейді екен. - Біздің қызметкерлер шет мемлекеттермен қатар, өз еліміздегі біліктілікті арттыру орталықтарында әрдайым білім алып келеді. Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы қызметкерлердің арасындағы машинист-нұсқаушы Бейсен Ақылбеков, машиналарды баптаушы Ержан Халықов, кадр бөлімінің бастығы Света Ынтымақова, «RM-80» №405 жол машинасының бастығы Ғани Бақтыбаев сынды және өзге де жол мамандарын ауызбірлік пен ұйымшылдықтың, ізденімпаздық пен біліктіліктің үлгісін көрсетіп жүрген, ортақ істің өрге басуына өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан нағыз еңбек адамдары десем артық болмас еді. Олар әр жылдарда өздерінің алған тәжірибесін жергілікті жұмысшыларға үйретуден ешқашан жалыққан емес, - дейді бөлім бастығы. Ынтымақты ұжымды үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы - «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» филиалының директоры қызметіне Пернебек Уткелбаев келген екен. Тағы бір айта кетерлігі, өндірістік-шаруашылық қызметте қол жеткізген зор жетістіктері үшін «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» Қазақстандағы темір жол мекемелерінің арасынан «Салалық жарыстың жеңімпазы» атағын бірнеше мәрте жеңіп алған. Оған қоса, бас механик Эдгар Сейсебеков «Үздік маман» арнайы төсбелгісімен марапатталыпты. Ал, 2016 жылдың қорытындысы бойынша «Рационализаторлық қызметті ұйымдастыру бойынша үздік филиал» байқауында «ҚТЖ» ҰК» - «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» жүзден жүйрік шығып, төл мерекелері қарсаңында қуаныштары еселене түсіпті. Иә, жұмыс болған соң оның бейнеті мен рахатының қатар жүруі заңды. Техникалар бұзылып жатады, жылдың төрт мезгілінің өзіндік қиыншылықтары бар. Бірақ, қалай болғанда да берілген тапсырманы уақтылы, сапалы орындау, кәсіпорынға сөз келтірмеу, жұмыстың ілгері басуын қамтамасыз ету – ең басты парыз. Міне, осындай үдеден шығып жүрген «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» бүгінде көптеген әріптестеріне үлгі болып жүрген жайы бар. Ерғали Қартайған