жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Дәл қазіргі сәт бұрын болғандай әсер қалдырса»: ғылым дежавюді қалай түсіндіреді?

«Дәл қазіргі сәт бұрын болғандай әсер қалдырса»: ғылым дежавюді қалай түсіндіреді?
Depositphotos.com
Қызығы, зерттеулерге сай, жоғары білімді, саяхатқа құмар және түсін есте сақтайтын адамдар дежавюді жиі сезінеді екен.

Кейбіреулер дежавюді тылсым құбылыс деп қабылдаса, басқалары оны жүйке жүйесінің ерекшелігімен байланыстырады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Дежавю дегеніміз не?

«Мен мұнда бұрын болған сияқтымын», «Бұны бір рет көргендеймін» деген сезім сізге таныс па? Жаңа қалаға көшкенде барлық жер бұрыннан белгілі сияқты көрінуі мүмкін. Не болмаса, алғаш жолыққан адамды бұрыннан білетіндей әсер аласыз. Бұл – дежавю деп аталатын құбылыс.

Бұл ұғымды алғаш рет 1876 жылы француз философы Эмиль Буарак «déjà-vu» – «бұрын көрген» деген мағынада енгізген. Дегенмен, оны түсіндіруге талпыныстар бұдан әлдеқайда ерте басталған. Мәселен, Платон мұны «бұрынғы өмірдің белгісі» деп санаған. Зигмунд Фрейд оны адам санасындағы жасырын қиял мен қазіргі жағдайды жақсартуға ұмтылыс деп түсіндірген. Ал Карл Юнг оны «ұжымдық бейсаналықтың көрінісі» деген. Ал Голливуд фильмдерінде дежавюді «матрицадағы қателік» ретінде көрсетеді.

Алайда ғалымдардың басым бөлігі мұнда ешқандай мистикалық сыр жоқ деп санайды. Джеймс Дж. Джордано, Вашингтондағы Джорджтаун университетінің неврология профессоры:

«Дежавю – қалыпты құбылыс. Адамға белгілі бір сәт, ой немесе сезім бұрын бастан өткендей көрінеді, бірақ іс жүзінде ол болмаған», – дейді.

Зерттеулерге сүйенсек, жер бетінде өмір сүрген адамдардың 90%-ы бір рет болса да дежавюді сезінген. Қызығы, жасы ұлғайған сайын мұндай жағдай сирей береді.

Неліктен дежавю болады?

Профессор Джорданоның айтуынша, мидың «уақыты шатастыруынан» осындай әсер пайда болады. Біздің миымыз тәжірибені өңдеп, өткенмен салыстыра отырып болашақты жоспарлайды. Кейде осы сигналдардың арасында сәйкессіздік туып, адам қазіргі сәтті «естеліктей» қабылдайды.

Бұл құбылыстың түп-төркіні таламуспен байланысты. Бұл ми бөлігіне барлық есту, көру, дәм сезу, сипап сезу ақпараттары кіреді де, содан кейін ми қыртысына беріледі. Егер осы процестегі жылдамдықтар бір-біріне сәйкес келмесе, санада «қазір болып жатқан оқиға бұрын болғандай» әсер туады.

Ғылым не дейді?

Родерик Спирс, АҚШ-тағы Браун университетінің доценті, дежавюді зерттеу оңай емес екенін айтады:

«Бұл құбылысты бақылау қиын, өйткені ол күтпеген жерден пайда болады. Лаборатория жағдайында оны қолдан туындату мүмкін емес», – дейді ол.

Неврологияда ең көп тараған түсіндірме – «қосарланған өңдеу» теориясы. Яғни, ми бір мезетте түрлі сезімдерді қабылдап, оларды біртұтас тәжірибеге айналдырады. Егер осы процесте аздап кідіріс болса, ми бір оқиғаны екі бөлек әсер ретінде қабылдап, бірін өткеннің елесіндей көрсетеді.

Физик-теоретик Митио Каку дежавюді «естің шатасуы» деп атайды. Оның ойынша, біз белгілі бір жағдайды бұрын бастан кешкендей боламыз, себебі ми ескі естеліктердің үзінділерін қайта қозғайды. Сонымен бірге ол параллель әлемдер теориясымен байланысты гипотезаны да жоққа шығармайды.

Тағы бір болжам бойынша, дежавюге стресс ықпал етуі мүмкін. Ми тыныққан кезде ақпаратты жақсы өңдейді, ал шаршағанда жүйке процестері баяулап, уақытша сәйкессіздік пайда болады.

Қызығы, зерттеулерге сай, жоғары білімді, саяхатқа құмар және түсін есте сақтайтын адамдар дежавюді жиі сезінеді екен.

Бұл ауру белгісі ме?

Жоқ. Джорданоның айтуынша, дежавю – дені сау адамның бойында кездесетін қалыпты құбылыс. Әдетте ол 15 пен 25 жас аралығында жиі байқалады.

Алайда, егер дежавю айына бірнеше рет қайталанып, есінен танумен немесе ұйқыға ұқсас халмен қабаттасса, дәрігерге көрінген жөн. Өйткені кейбір жағдайларда ол жасырын эпилепсияның белгісі болуы мүмкін.

Қорытынды

Ғалымдар әзірге дежавюге нақты әрі бірегей ғылыми түсініктеме бере алған жоқ. Дегенмен, көпшілігі бұл құбылыстың біздің миымыздың ақпаратты өңдеу ерекшелігіне байланысты туындайтынына келіседі.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар