Қоғам

Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жаза мерзімін өтеп, бостандыққа шықты

Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сотталушы Нұрасыл Болат жаза мерзімін толық өтеп, бостандыққа шыққан, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Еске салсақ, Алматы қалалық әскери соты 2023 жылдың 9 қазанында оған қатысты үкім шығарған болатын. Ол 2023 жылдың ақпанында заңгер мен оның жұбайына күш қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі бойынша 1,7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген еді.

Алайда кейін әлеуметтік желілерде оның түнгі уақытта еркін жүргені түсірілген видео тарады. Осы жағдайдан соң Медеу аудандық №2 соты пробация қызметінің өтінішін қарап, жазаны қатаңдату туралы шешім қабылдады.

Нәтижесінде, Нұрасыл Болатқа тағайындалған жаза бас бостандығын шектеуден нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, ол 1 жыл 5 ай 10 күнге сотталды.