Депутат Абзал Құспан Елтаңбаны өзгертуді қолдап, шенеуніктерді ақылдасуға шақырды
Осы мәселені көтерген ол бүгін мәжілістің отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады
Қазақстанның Гербін ауыстыру мәселесінде осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруын ұсынамын. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
«Ұлттық Құрылтай - іргелі елдік мәселелер ортаға салынатын, идеологиялық бағдарымыз талқыланатын алқалы алаң. Осыған орай күні кеше Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі - Герб мәселесінің де көтерілуі орынды», - деді мәжіліс депутаттарының атынан сөйлеген ол.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елтаңбаны ауыстыру туралы ұсынысы қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқыланып жатыр. Абзал Құспан атап өткендей, олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді.
Оның айтуынша, «біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз - жалпы гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі - таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор», - дейді ол.
Құспанның пікірінде, қазіргі Елтаңбамыз да «жаман емес» әрі «ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан».