Қоғам

Ең тәртіпті жүргізушіге – ерекше құрмет

Ең тәртіпті жүргізушіге – ерекше құрмет

Облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов өңірдегі ең тәртіпті және ең қарт көлік жүргізушісі Лидия Сидоренкоға құрмет көрсетті. 60 жылдан бері көлік тізгіндеп жүрген кейуана бірде-бір рет ереже бұзбаған екен.Тараз қаласының 85 жастағы тұрғыны Лидия Сидоренка ең алғаш рет көлік тізгініне 24 жасында отырыпты. Содан бері «Москвич», «ВАЗ-2106», «Волга» маркалы автокөліктерін айдаған Л.Сидоренко облыстық полиция департаменті бастығымен кездесуге көлікті өзі айдап келді.Салтанатты рәсімге орай облыс орталығындағы жергілікті полиция қызметі басқармасы ғимаратының саптық дайындық алаңына «Волга», «Москвич», «Жигули» маркалы бірнеше ретромашина қойылды. Қарт жүргізуші олардың ішіндегі көңілі ауғандарының рөліне отырып, жиналғандарға көлік басқару шеберлігін көрсетті.Ал Жанат Қуанышұлы Лидия Сидоренкоға көп жылдар бойы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін арнайы алғыс хатпен марапаттап, гүл шоғы мен құнды сыйлық тапсырды.Өз кезегінде өңірдің ең тәртіпті жүргізушісі департамент басшылығына ризашылығын білдіріп, өз тәжірибесімен бөлісті.– Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтаңыздар! Жол үстінде бір-біріңізді құрметтеудің еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе жас жүргізушілерді осы шарттарды мұқият сақтауға шақырамын. Сонда ғана жолда тәртіп орнап, жол-көлік оқиғалары мен қайғылы оқиғалар азаяды, – деді Лидия Сидоренко.Шынында, кеше ғана жүргізуші куәлігін алып, көлік тізгіндеген жастардың темір тұлпарды шектен тыс жылдамдықпен айдап, оқыс оқиғаға тап болатынын жиі байқаймыз. Сондықтан да жас жүргізушілерге 60 жылдан бері жол ережесін бұзбаған Лидия Сидоренко сынды жандарды үлгі етудің берері мол болмақ.Шынболат КҮЗЕКБАЕВ