Қоғам

Экологиялық сенбілік ұйымдастырылды

Экологиялық сенбілік ұйымдастырылды

Үстіміздегі жылы «Сарыкемер – Тараз» жолының бойы абаттандырылып, К.Орынқұлов көшесінің бойында орын алған "Отбасы аллеясы" халық игілігіне берілген болатын. Сенбі мен жексенбі күндері аудан орталығы саналатын Сарыкемер елді мекенінде экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын аумаққа мыңға тарта түрлі ағаштар отырғызылды.

Аталмыш «Отбасы аллеясы» шырайын әрлендіру, тұрғындар назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару және алдағы уақытта осы жерді көпшілік келіп серуендейтін демалыс аймағына айналдыру мақсатын көздеген шараға аудан әкімдігі бастаған барлық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Екі күнге созылған сенбілікте аудан тұрғындары «Ер-Жұма» дүкені мен «Дан-Ойл» жанар-май құю бекеті аралығында туя биота, үйеңкі, терек, талшын сынды сәнді ағаштарды отырғызды. Үлкен жолдың жағасынан төселінген брусчатканың бір жақ бетіне туя биота, ал, екінші қарама қарсы бетіне сәнді ағаштар үш метр арақашықтықта егілді.

Шара көтеріңкі көңіл-күймен басталып, оған қатысушылар сенбіліктің маңыздылығын жақсы түсініп, белсенді жұмыс істегенін атап өтуге болады. Осындай сенбілікке қатысушы Арман Бердібеков: «Мына, бүгінгі сенбілікке келіп, өз еңбегімізбен үлесімізді қосып жатырмыз. Аудан әкімдігі бастамасымен жүргізіліп жатқан шара экологиялық сенбілік болып саналады. Аллеяны абаттандыру ауылдың көркі емес пе? Ертеңгі күні отбасымызбен келіп, осында жайқала өскен ағаштар арасында демалғанға не жетсін. Бұл келер ұрпаққа беріп жатқан үлкен үлесіміз деп ойлаймын», - дейді.

Аталмыш шараға аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов те арнайы қатысып, туя биота ағашын отырғызып, шараға өз үлестерін қосты.

Осындай экологиялық сенбілік аясында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы алдындағы алаңқайға және Суханбаев ауылдық округі Жақаш ауылындағы батыр Ақәділ Суханбаев музейінің алдына да ағаштар отырғызылды.