Қоғам

Ел болашағына пайдасы тиюде

Ел болашағына пайдасы тиюде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегі елдің ертеңін, жарқын, болашағын баянды етуге, ұлттық болмысымызды сақтап, жаңңаруға, жаңғыруға арналған маңызды құжат. Осы бағдарламалар аясында облысымызда ел игілігіне бағытталған сан түрлі жобалар жүзеге асуда.

Мәселен Қордай ауданында аталған бағдарламалық мақаланы іске асыру бойынша қаңтар-қараша айларында талай жұмыстар атқарылды. Алдымен аудан әкімі Рүстем Дәулеттің №43 өкімімен Қордай ауданында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру мақсатында құрамында 16 адамнан тұратын жұмысшы тобы құрылыпты. Аталған бағдарламалық мақалалар аясында ауданын аумағында арнайы бекітілген желілік кестеге сәйкес және желілік кестеден тыс 160 іс-шара өткізіліпті. Оның 87-ісі онлайн форматта ұйымдастырылған. Аталған іс-шараларға 30 мыңнан астам аудан тұрғындары тартылған.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын қолдау әрі оны халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі және Қордай аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клуб мекемелері бойынша барлығы 213  шара өткізілді. Атап айтар болсақ, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының бірінші тармағындағы «Атқа міну мәдениеті» аясында  «Жылқы – төрт түліктің төресі» атты атбегілермен кездесу, «Ақбоз ат менің сұңқарым, озып келер тұлпарым» атты ұлттық ат спорты ойындары, «Ер қанаты – ат» атты іс-шаралар кеңінен өткізілді.

Қазақстанның рухани және адамгершілік құндылықтарын, ұлттық      мәдени дәстүрлерін насихаттау мақсатында «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында  аудандық «Киелі бесік» фестивалі, «Киіз басу өнері ұлттық мұра», «Шебердің қолы ортақ», «Құлақ тесу» дәстүрі, «Асық ойнайық» атты шағын жарыс, «Ұрпаққа  мирас – ұлттық киім» көрмесі музей құрылымында ұйымдастырылды – дейді аудан әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрболат Сатымқұл.

Бұдан бөлек, «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында меценаттардың демеушілігімен 10 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінде 7-еуі толық аяқталыпты. Мәселен демеуші Қ.Молдасейітовтің көмегімен құны 40 миллион теңгеге Кенен ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтерген. Отар ауылына мектеп ұжымы жазғы сахна салып берген. Осы ауылға мектеп түлектері «Отар ауылы», ал Қарасай ауылына осы тектес стеланы кәсіпкер Ж.Сатылғанов орнатып беріпті. Демеушілер құны 1 миллион 500 мың теңгелік бірнеше ИВЛ аппаратын сатып әперген. Сонымен қоса жағдайы жоқ 12 отбасына аудан кәсіпкерлері баспана салып беруді қолға алыпты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобаларын ақпараттандыру жұмыстары бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республикалық облыстық аудандық БАҚ-та бірнеше материал жарияланып, әлеуметтік желілерде, аудан әкімдігінің ресми сайтында мақалалар жарық көрген. «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын насихаттау мақсатында аудандағы барлық білім беру және мәдени мекемелерінде арнайы ақпараттық бұрыштар ашылып және ауданның көрнекі орындарында 9 баннер орналастырылыпты.