сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 17:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Естен кетпес сол бір сәт...

Естен кетпес сол бір сәт...
ашық дереккөзі
Естен кетпес сол бір сәт...

Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыздың Таразға әлденеше мәрте жолы түсіпті. Киелі де қасиетті Әулиеата жерінің өзгеше бір құдірет-күші бар шығар-ау. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей-ақ, ол кезде Елбасының күнгей өлкеге әрбір сапары өркенді өзгерістермен тұспа-тұс келетін-ді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Таразға өзінің ежелгі аты қайтарылуы, Тараздың 2000 жылдық мерейтойының аталып өтуі, Аманкелді газ кенішінің алғашқы алауының жағылуы, зілзаладан әжептәуір зардап шеккен Құлан өңірінде бір-ақ жаз ішінде жаңа қалашықтың пайда болуы, Таразда «Астана» шағын ауданының іске қосылуы, тағы басқалары, тікелей Елбасының қатысуымен өткені де есте. Ұлт көшбасшысының жайдан-жай жолы түсе бермейтіні белгілі. Әр келісінде облысымыздың тарихына жаңа беттер қосып кетеді. Әрбір сапарынан жыл келгендей жаңалық сезінетініміз ше... Әрбір келіп-қайтуы сапары соңында соқаланып, «із» қалып отырады. Тараздың өңі жауһардай жайнап, тоты құстай таранып, түлеп, түрленіп сала береді. Содан ба, көңілде Елбасы біздің өңірге жыл-ына бір мәрте ат басын бұрып тұрса ғой дейтін пендешілік аңсар қылаң беріп қалатыны бар. Кездейсоқтық па, әлде Алланың маған бұйыртқан несібесі осы ма, Елбасын жақыннан, тіпті қолсозым ғана жерден көріп, лебізін естудің бір емес, бірнеше мәрте орайы келіпті. Ондаған жыл бойы Елбасын Таразға келгенінде ұшағы трапынан түсіп, әуежайға табаны тигенінде алғаш қарсы алған Жамбыл жұртшылығы өкілдерінің аз ғана шоғыры – отыз шақты адамның қатарында мен де болған екенмін. Облыстың бас газеті «Aq jol»-дың репортері ретінде. Қарсы алу рәсімінің осы бастапқы бөлігі неге екенін білмеймін, редакция қызметкерлерінің ішінде ылғи менің үлесіме тиіпті де отырыпты. Бұл кейіннен бұлжымас «күнкестеме» де айналғандай болды. Журналистердің қалай болғанда да Елбасының кез келген ресми сапарын бүге-шігесіне шейін жазып көрсетіп, елге жеткізуі қажет. Мұндай мандаттың бізге жүктелгенінің өзі – үлкен мәртебе. Қалай айтсақ та журналистің басқа мамандық иелеріне қарағанда бағы басым ғой! Әр нәрсенің басталуы қиын. Ұлт көшбасшысының Әулиеата жеріне «ал» деп аяқ басқан сәтін жазып көрсету де сондай. Мемлекет басшысымен қол алысып, тілдесіп қалу да үнемі мүмкін бола бермейді, әрине. Дегенмен сол бір қысқа ғана алым-берім уақыттың өзінде Елбасымен бірге елге келген басқа да мәртебелі меймандар кімдер, жалпы қарсы алу рәсімі барысында не жөнінде әңгіме болды – бәрі-бәрі сол сәтінде-ақ көңіл күнделігіне қатталып үлгеруі тиіс. Соңынан Елбасының ресми сапарынан жазылар есептің газетке жарияланарда тізгінұстары да өзіңсің, бұл күнгі мақаланың мейлінше асқақ рухпен басталуы, онда сапар мақсатының ұғынықты түрде нақтыланып берілуі, ол енді сенің шеберлігіңе байланысты. Елбасын «Әулиеата» халықаралық әуежайынан қарсы алуға, әдетте облыстың қос газеті атынан әріптестерім Г.Асанова, В.Сутулов, В.Мостовых және мен келетінбіз. Мұндайда мен өзім Президенттің қолын алып қалуды армандайтынмын. Ал мұның ілуде біреудің болмаса, әркімнің пешенесіне бұйыра бермейтін бақпен тең екені белгілі. Ақыры мұның да сәті түсті-ау. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың қараша айында кезекті Президент сайлауы алдында елмен жүздесуге келуімен тұспа-тұс шықты. Елбасының бұл жолғы ресми сапары барысында журналистердің аз шоғырымен (оның ішінде өзім де бармын) қол алысып, сәлемдесуіне уақыты болды. Өйткені Елбасы бастаған Үкімет адамдарының, бірқатар республикалық БАҚ журналистерінің ұшақпен ұшып шыққан көршілес Мемлекеттің басшысын осы әуежайда аз-кем күтуіне тура келген-ді. Журналистермен қысқа ғана тіл қатысып, алаңның келесі бетіне өткен Елбасы тобымен бірге болған (арамызды небәрі 4-5 метр ғана бөліп тұрды) сол бір сәт жадыма өшпестей жазылып қалды. Біз тұрған жерден Елбасының жинақы тұлғасы анық көрініп тұрды. Өзін аса байыпты ұстауы, шым-шым ызғарды да елей қоймай, жағасын сәл көтеріп, жүзі алаулап қолын қалтасына салған күйі қиыр алыс көкжиекке көз жіберіп тұрғаны... Ел-жұртының алдағы болашағына алаңдап, түпсіз ойға берілгені секілді көрініп кетті. Шынында да сол кезден бері елде, оның ішінде облысымызда қаншама өзгеріс болды, қаншама игілікті іс жүзеге асырылды.Тіпті тізбелеп шығудың өзі қиын. Барлығы да сол бір сын сәті болған кезеңнен бастау алғаны анық қой. Құдайға шүкір дейік, ел елдігін жасады, жарқын келешекке тура бастайтын нағыз көшбасшыны таңдай білді. Менің көңілімді марқайтқаны да – сол! БАҚ өкілдерінің үркердей ғана тобының – біздің сол сәттен бастап Елбасымен ойымыз, діліміз, арман-мақсатымыз да біте қайнасып кеткендей. Біз Елбасымен қашанда біргеміз!

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист, Тараз қаласы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар