Иманның бір жұлдызы
Қасиетті Құран Кәрімнің әуелгі сүресі, әуелгі аятының әуелгі сөзі «Әлхамдүліллә», яғни Құранды толығымен қамтитын алғашқы «Фатиха» сүресінің бірінші аяты «Әлхамдүліллә Рәббил ғәләмин» деп басталады. Бұл арайлы таңның атысын, шырайлы күннің батысын, әрбір демнің тынысын, әр қозғалыстың қимылын қуаттандыратын сөз. Бұл сөзді білмейтін, яки өмірінде естімеген мұсылман жоқ шығар. Білмеген мұсылманды табу қиын болар.
«Әлхамдүліллә» сөзінің аудармасы «Аллаға шүкір». Түбірі «Хамд» яғни мақтау-мадақтау деген мағынаны береді. Тек, бұл сөз Жаратушыға ғана қолданылатын термин, яғни біреудің жақсылығына рахмет делінгендей, барша ризық иесі Аллаға айтылатын мадақ сөз. Әлемдегі барша мұсылман елдеріне ортақ кәлима. Тіпті араб елдерінде яхудейлер, яғни еврейлер және христиан өкілдері де бұл сөзді ара жік қолданады. Мағынасы жағынан олардың «Аллилуйя» сөзіне жақын, орыс тілділер «Слава Богу!» дейді.
Асылында, Аллаға шүкір сөзі – шынайы мұсылманның алғашқы «атар оғы». Әлдеқандай жетістікке жеткенде не көз-аяғы қуған мақсаты орындалғанда яки қуанғанда, дертінен айыққанда, қиналыстан шыққанда, қарны лық тойғанда ғана емес, ешбір жағдайсыз тілінің табиғи болмысына айналдырса, әбден құба-құп болар еді. Мұсылман Аллаға шүкірлік айтса, оның мәңгілігін ұмытпайды, айтпаса шайтан сілтеген қанағатсыздыққа, тойымсыздық пен ашкөздікке ереді. Негізінде, мұсылманның Тәңіріне шүкірлік етуі – иманның бір жұлдызын жандыруы. Себебі шүкір айту ғибадат. Мұнымен Алланы риза етеді, алғысын білдіреді, екі дүниесінің бақыты, қиындықты жеңуіне қуат, ризығын көбейтеді. Тек, бұл сөзді тілмен сылдыратып суша ағыза салмай, жан-тәнімен сезініп, жүрегі қабылдауы тиіс. Ал жүректегі шүкірлік тілдің ұшымен сыртқа шығып, амалға айналса, рухы мен тәнінің бақытын табады. Алайда, осы ғажайып сөздің құнын әлі күнге бағаламайтын қаймана қазақтар бар. Осыншама нығметтің шексіз санына жете алмайтын адам баласына не деуге болады? Алланың бергеніне де, бермегеніне де шүкір еткен қандай жақсы. Осы өмірге келудің өзі Алланың қалауындағы ұлы нәсіп. Тегінде, мұны да көтере алмай, кей әлсіз пенделер ой-санасын бұрқыратып, өмірін өздері үзіп жатуы осы шүкірліктің болмауынан.
...Таң сәріде шырылдаған қоңыраудан оянасыз, дауысын естіп тұрсыз. Жылы төсектен тұруға, жастықтан басыңызды көтеруге ерініп жатырсыз. Ойлаңызшы, бейбіт елде, өз шаңырағыңызда, мамық көрпенің астында, сау күйіңізде ояндыңыз. Өміріңіздің тағы бір таңын көру нәсіп болды. Нақ осы тұста Аллаға шүкір етіп, әлхамдүлілләні айтыңыз, ерінбеңіз. Бұл сөзден жаңылмаңыз, ешқашан ұмытпаңыз, жаттап алыңыз, нәпсіден жығылмаңыз. Жай ғана айтып қоя салмай, іштей жүрегіңізбен Аллаға именіңіз. Бұл тірі екеніңіз, кіші өлім төсегінен аман-есен тұрғаныңызды білдіретін белгіңіз, Ұлы Алланы дәріптегеніңіз! Өйткені дәл осы таңды атырмай, көздерін ашпастан, жатқан орнынан тұра алмай, мәңгілік ұйқыға кеткен жандар баршылық. Ал сіз аман-сау ояндыңыз! «Сен біле білсең, әрбір дем алған тынысың үшін, Алла тағалаға екі рет шүкір ету сөзі мойныңа қарыз. Өйткені сенің әрбір алған демің – өмір, әрбір берген тынысың – өлім екенін, соңында Алланың құзырында саған берілген нығметтің есебін беретініңді ұмытпа» деген ғалымның сөзінде таным бар.
Таң арайланды, мазалаған ештеңе жоқ. Терең тыныс алып, емін-еркін керілдіңіз. Бір сәтке болсын, аяқ алысыңызды жобалап үлгердіңіз. Енді ойлаңызшы, аурухананың жан сақтау бөлімінде екі дүниенің ортасындағы науқастардың қазіргі күйін. Өліммен күресу кімнің қолынан келген, амалсыз сынаққа көніп жатыр. Жақындары жандарын шүберекке түйіп, аурухананы торуылдап, науқастың хал-жағдайын білуге есігіне телміруде. Ал сіз өзге жанның қол көмегінсіз өз төсегіңізден кеудеңізді көтердіңіз. Екі аяғыңызды тіктеп, орныңыздан тұрдыңыз, жерді бастыңыз. Құдай берген он екі мүшеңіз сау. Біліңіз, қолымнан демеп отырғыза ма деп, төсекте баласы мен келініне қарайлап, ішінен шыққан өз баласына өзі жәутеңдеген жандар барын. Немесе жата-жата жауырыны, отыра-отыра жамбасы жауыр болып тесілген, басын көтерсе жата алмайтын, жатса отыра алмайтын, сүлдері сүрленген адамдар мұндайды істей алмайды. Ал сіз екі аяғыңызбен әжетке бардыңыз... Әжетханадан оң аяқпен аттап шыққан соң, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың «Аллам! Менің денемде маған азап беретін, мені қинайтын, мені мазалайтын нәрсені денемнен шығарып тастап, маған жақсы хәл бергенің үшін, Аллам саған шүкірлер болсын» деген дұғасын іштей оқыдыңыз ба? Немесе Аллаға шүкірлік айттыңыз ба? Біле білсеңіз, бүйірлерін тесіп, түтікше салып, ыдыспен жүретіндер қаншама? Олар ештеңеге қарамастан, жол бойына тоқтай қалып, кейде дәрет ұсатады. Себебі нәжістің қинауына шыдамайды. Ал ішіп-жегенін немесе сыртқа жіберіп қойғанын білмей, ес-тұсынан айрылған меңіреу не болмаса айықпас дертке шалдығып, темір төсекке таңылғандар ше? Ол жандардың арманы айтпаса да түсінікті болар? Ал сіз дәреттен кейін, беті-қолыңызды жудыңыз, содан соң «Аллам! Мына суды тазалаушы етіп жаратқаның үшін саған шүкірлер болсын» деген дұғаның оқылатынын білдіңіз бе? Мұны да Алла елшісі (с.ғ.с) үйреткен! Сол су болмаса, қай көңіліңізбен дастарқанға отырар едіңіз? Біле білсеңіз, дәретке барғанда тетігін бір басып, нәжісті шұр еткізіп шайып жіберетін бес литр суды сонау Африка елдерінде ішуге зар, әр тамшысы арман! Сонда да Аллаға шүкірлік айту сізге арзымай ма?
Терезеден ішке төгілген күн шуағына еліктеген екі көзіңіз даланы бақылады. Сырттан табиғат пен жүргіншілерді көрдіңіз. Алысқа көз тастадыңыз, арманға берілдіңіз. Енді қараңыз, көздері мүлдем көрмейтін, таяғын жерге ұрғылап, жүрер жолында біреудің жетегіне мұқтаж соқыр жандар мұндайды көре алмайды. Бір кезде әсем құстардың шиқылы, жасыл жапырақтардың сыбдыры, самал желдің лебі, ұзын көшенің шуылына құлағыңыз елең етті. Ал өмірінде ешқандай дыбысты, анасының аяулы сөзін, перзенттерінің күлкісін естімеген, әйелінің, күйеуінің, үй-ішінің сөзін ұқпайтын құлағының мүкісі бар саңырау, сөйлеу қабілетінен айырылған мылқау пенделер, қол арбаға таңылған мүгедектер ше? Қалай ойлайсыз, олардың күні қалай басталады, немен аяқталады?
Дастарқаныңызға қарадыңыз. Ыстық буы бұқыраған еттен, жұпар иісі аңқыған бауырсақтан, бал тамған күлшеден, шай тартқызар құрттан жаныңыз жайнап сала береді. Сонау ғасырдағы Алла елшісінің (с.ғ.с) немесе кешегі өткен ата-бабаңыздың алдында мұндай дәмділер мен тәттілердің бірі болған емес. Олардың алдында болмаған дастарқанда отырсыз, олар жемеген асты жеуге даярсыз. Алдыңызда үзілген не қатқан нанның сынығы да жоқ, болса да жемес едіңіз. Қазақта мұндайды «Ішкені алдында, ішпегені артында» дейді. Әлемнің пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с)-ның неке дастарханында қой мен ешкінің терісі жайылып, құрма мен су ғана қойылған. «Бір нан, яки бір тістем ет жоқ еді» деп жеткізеді сахабалары. Немесе кешегі ата-әжелеріміздің тағамы құрғаған нан мен сарғайған май еді ғой. Бір тістем қант та болмаған. Ал осы дастарқаныңыздағы дәмге әртүрлі рең мен дәм берген Алла емес пе? Сонда аштық пен шөлдікті көрмесін деген Жаратушыңа шүкірлік айту сізге соншалықты қиын ба?
Жалғыз едіңіз, жаныңызға жұп берді, одан өрбітіп ұрпақ берді. Ал өмірінде жұпсыз, уақытын жалғыздықпен өткізетін жандар ше? Жалғыздық тек Жаратушыға ғана жарасымды. Жұп құрса да, жылдар бойына сәбидің иісіне зар, перзентсіз жүргендер қаншама? Ал сіз немере көрдіңіз, көрмесеңіз алдағы уақытта бұйыртса көресіз, солардың қызығына қуанып, шыжығына күйінетін боласыз. Сізді Алла ардақтап, өміріңізге мейірімін төкті, құрметтеп жұбайыңызды жар етті, қамқорлықпен несібеңізді молайтты, жанашырлықпен ұрпағыңызды көрсетті. Сонда да, осы шалқыған бақыт үшін шүкірлік айтуға Алла лайықты емес пе әлде бір сөзді оған қимайсыз ба?
«Дін екі бөліктен тұрады. Бірі шүкір, екінші жартысы сабыр» деген ұлағатты хадис бар. Тоқетері, Аллаға шүкірлік айту ұятыңызды оятады, ниетіңізді құлшындырады, тәубеңе келтіреді, сабырлыққа тәрбиелейді, қанағаттылыққа үйретеді. Зұлымнан алыстатады, әділеттікке жақындатады, мейірімділікке бағыттайды, барды бағалатады, өмірдің әр сәтіне дұрыс бағдар береді. Ендеше, әрбір таңда көзіңізді ашқанда, терең дем алғанда, орныңыздан тұрғанда, айналаны барлағанда, аяғыңызды басқанда, қолыңызбен қимылдағанда, жүрегіңізді тыңдағанда, ойыңызды саптағанда, әсіресе түшкіргенде тіліңіз осы бір көркем сөзді айтудан мақұрым қалмасын. Шүкірлік сіздің қуатыңыз!
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы имам
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Жеңісін Үшкемпіровке арнады
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
Қоғам
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024