Қоғам

Карантин келін түсіріп, қыз ұзатуға кедергі емес

Карантин келін түсіріп, қыз ұзатуға кедергі емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал үлкен алаңдаушылық тудырып отырғанын баса айтқаны белгілі. Президент әсіресе кейінгі жылдары ерлі-зайыптылар арасында ажырасу фактілері жиілеп кеткенін өзекті мәселе етіп көтерді. Осыған орай әлемдік пандемия кезіндегі өңір тұрғындары арасындағы отбасылық ахуалды бір зерделеп көрген едік.

Облыс әкімдігі аппаратының азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, каринтин бастау алған 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 3102 неке қиылып, 431 отбасы ажырасқан екен. Өткен жылғы дәл осы кезеңде 4105 адам некеге тұрса, 1692 азамат некесін бұзған. Бұл сандарға қарап отырсаңыз былтырғы жылға қарағанда биыл некеге тұру да, ажырасу да азайғанын көруге болады. Әсіресе шаңырағы шайқалып, ортасына түскен отбасылардың саны үш есеге кеміген. Бұл әрине жанға жылу беретін ақпар. Тараз қаласына келетін болсақ, 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 1297 адам үйленіп, 231 жанұя ажырасқан. Өткен жылмен салыстырсақ былтыр 1750 адам некеге тұрса, 804 азамат осы кезеңде некесін бұзған. Мұнда да үйлену де, ажырасу да алдыңғы жылға қарағанда азайғанын аңғару қиын емес. Қала бойынша ажырасқан отбасылардың саны тіпті төрт есеге кемігені қуантады. Десе де тағдыр тоғыстырды деп қосылған жастардың жолдары екіге айырылып кетіп жатқан фактілер әлі де бар. Осы ретте жастар не себепті отбасындағы жылулық пен татулықты сақтай алмай жататынын таразылап көрдік. Әлемдік психология бұның 9 себебі бар деп түсіндіреді. Біріншісі тұрмыстық зомбылық. Екіншісі ер не әйелдің ішімдікке салынуы. Одан әрі ер не әйелдің есірткіге салынуы, күйеуі не әйелі жұмыссыз, жұбайлардың өмірге деген көзқарастарының сәйкес келмеуі, күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпауы, некеден кейін де ұната алмауы, көзге шөп салу, материалдық қиындықтар немесе бедеулікті психологтар негізгі себеп ретінде көрсетуде. Бұл факторлардың қай-қайсысы болмасын кез-келген отбасыда бар екені анық. Әсіресе әлемдік пандемия кезінде жұмыссыздық белең алғаны белгілі. Бірақ бұдан ажырасып кетіп жатқандар көбеймегенін статистика көрсетіп тұр. Сонда себеп неде? – Үш баламды далада ойнатып жүргенімде күтпеген жерден медициналық киім киген адамдар үйге кіруімізді талап етіп, подъезімізді сыртымыздан құлыптап тастады. Бастапқыда түсінгеніміздей көрші үйден коронавирус жұқтырған адам анықталып, бұл соған орай жасалып жатқан сақтық шарасы екен. Алайда кешкісін подъезд тұрғындары 14 күнге карантинге жабылатындығын айтып, бәрімізді аң-таң қылды. Шыны керек, үйде азық-түлік болса да 14 күнге жететін қорымыз болған жоқ. Содан көршілердің бәрі шырылдап қалды. Алайда Тараз қаласы әкімдігінен келген адамдар еш нәрсені уайымдамай тек сақтық шараларын ұстану керектігін айтты. Бірақ екі апта бойы қала әкімдігі азық-түлікпен де, қажетті тұрмыстық заттармен де қамтамасыз етті. Сондай-ақ демеушілердің есебінен екі мезгіл ыстық тамақ та келіп тұрды. Көршілермен де сөйлесуге тыйым салынғандықтан үйде бала тәрбиесімен айналыстық. Сабақтарына барынша көңіл бөліп, спортпен шұғылдандық. Жолдасым жұмыс бабымен бірде Қызылордада, бірде басқа қалада жүретіндіктен түсінісе алмай қалатын кездеріміз көп болып жүрген. Карантиннің бір пайдасы күйеуіммен түсінісіп, балаларым да әкелерімен ойнап, құмарлары қанды, – дейді Тараз қаласында карантинге алғаш жабылған Қарасу алқабы №38 үйдің тұрғыны Аягөз Маялиева. Демек карантин жұптардың түсінісуіне жәрдемдескен екен. Былтырғы жылға қарағанда облыс көлемінде де, Тараз қаласында да ажырасу фактілері 3-4 есеге азайғаны осыны айғақтап тұрғандай. Тағы бір қуанышты хабар – карантин кезінде тойханалардың жабылуынан үйлену тойлары тоқтатылғанымен, қазір халық жаппай есік алдында аз ғана адамның басын қосып, балаларын үйлендіруге көшкен. – Жыл басынан үйленуді жоспарлап жүргенмін. Сөз байласып қойған қызым да дайын болатын. Алайда карантин қолды байлап, той күнін кейінге шегеруімізге тура келді. Содан ай-айға жалғанып, күзге бір-ақ жеттік. Былай отыра берсек, биылдан қалып кететінімді түсініп, «қолдан ұзатып береміз» деп отырған құдалардың рұқсатымен қызды алып қаштым. Сөйтіп есік алдында шағын беташар жасап, енді тойды кейінге қалдырып отырмыз. Бұны қайын жұртым да қолдап отыр. Себебі қазіргідей қиын кезде той жасау да көпшіліке оңай соқпауда. Алайда бір таңғалғаным, күз айы келген бойы өз көшемдегі үш отбасы келін түсірді. Сол секілді тамыр-таныстарымның арасында да үйленіп жатқандар көп. Бұл карантиннің осы тұрғыдан пайдасы тиді деп айта аламын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрбек Оспанов. Иә байқап тұрсаңыздар сананы тұрмыс билеген заманда көп шығындалмай отбасы құруды жастар да, үлкендер де құп көре бастаған секілді. Себебі қазір тойхана іздеп, сабылып жүрген адамды көрмейсің. Бәрі есік алдында қуанышын бөліскенді жөн көруде. Естеріңізде болса, коронавирус кеселі әлемді шарпыған алғашқы айында Қытай мемлекетінде ажырасу фактілері жиілеп кеткенін естігенбіз. Бұл бізді айналып өткені қуантады. Енді тек жаңадан бас құрап жатқан жастарға отбасының беріктігін сақтап қалуға тырысу керек. Жоғарыда психологтар атап өткен ажырасу себептерінің бірі – бедеулік. Бұл мәселенің де Президент өз Жолдауында шешу жолын айтты. «Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен ұлттар ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», деп Мемлекет басшысы нақты тапсырмасын берді. Сондықтан бала сүйе алмай отырған отбасылар бұл мәселеге енді алаңдамаса болады. Ең бастысы шаңырақтарыңызды шайқалтпай, босағаларыңыздың қазығын берік еткейсіздер!

Саян Тілеужан