Қоғам

Әлеуметтік дүкеннің әлеуеті

Әлеуметтік дүкеннің әлеуеті

Осыдан бірнеше жыл бұрын ішкі нарықтық жағдайды реттеу мақсатында еліміздің әр аймағында өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қоры құрылған болатын. Біздің облыстағы мұндай қор «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына қарайды. Бүгінде бұл қор өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бағасын реттеудің нарықтық тетігіне айналып отыр. Себебі аудандарды айтпағанда, Тараз қаласында өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қоры есебінен тұрғындарға арзандатылған бағамен азық-түлік сататын 8 әлеуметтік дүкен мен бір коммуналдық базар қор құрылғалы бері жұмыс істеп келеді.

Одан бөлек «Фиркан», «Дәмді себет», «Гауһар» секілді бірнеше ірі сауда орталығының сөрелеріне де қор есебінен арзандатылған азық-түлік тауарлары қойылып келген. Тұрғындар бұл сауда орындарынан бүгінге дейін, ұн, өсімдік майы, макарон өнімдері, картоп, пияз, сүт, жұмыртқа секілді бас аяғы 19 тауар түрін нарықтағы бағадан 10-20 пайызға дейін арзан бағада сатып алып жүрді. Осы арқылы облысымызда азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілген жоқ. Бұған облыстағы атқарушы органдар тарапынан өңір аумағындағы ірі және орташа деңгейдегі сауда орындарында әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары азық-түлік тауарларының бағасына мониторингтік зерделеу жүргізу, қандай тауар түрі қымбаттауы мүмкін екенін білу үшін алдын ала сараптамалық талдау жасап, соған орай тиісті шаралар қабылдаудың да септігі тиді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен сауда орындары иелері және мүдделі тараптар біріге отырып, меморандумға қол қою секілді жұмыстардың жүргізілуі, апта сайын тұтыну нарығындағы ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы секілді шаралардың атқарылуы азық-түліктің бағасын тұрақтандырды. Бірақ бір айта кетер негізгі жайт, кейінгі кезде Тараз қаласындағы аталған әлеуметтік дүкендерде күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы біршама өскені байқалды. Бұл өзгеріске не түрткі болғанын білгісі келетін қала тұрғындары бізге хабарласқан еді. – Мен «Қарасу» ықшамауданының тұрғынымын. Бізге жақын әлеуметтік дүкеннен азық-түлік алып тұратынмын. Онда қант пен нанның бағасы біз секілді тұрғындар үшін қолжетімді еді. Бірақ кейінгі кездері кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы өскені байқалады. Мәселен ерте көктемде картоптың бір келісін 75 теңгеден алып жүрдік. Сол кездері картоп ұсақ әрі шұрық тесік болатын. Артынша дұрысталды, бірақ бағасы 85 теңгеге көтеріліп кетті. Кейінірек картоп бағасы тағы да өсті. Қазір бір келі картопты 100 теңгеден сатып алып жүрміз. Сол секілді өсімдік майы, ұн секілді басқа тауар бағаларында да 20-30 теңге айырмашылық бар. Билік баға негізсіз өспеуі керек дейді. Ал тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етеді деген әлеуметтік дүкендердегі жағдай осы. Бұл өзгеріс алдағы уақытта азық-түлік тауарларының нарықтағы бағасын көтеріп жібере ме деп те алаңдап отырмыз, – дейді Жанат Нұржауова есімді қала тұрғыны. Осыдан кейін біз бірқатар әлеуметтік дүкендерге бас сұқтық. Соның бірі – «Қаратау» ықшамауданында орналасқан дүкен. Ондағы сатушы Айман Тұрғынбекова мұны әлеуметтік тұрақтандыру қоры есебінен сатылатын азық-түліктің таусылуымен байланыстырды. – Баға көтерілген жоқ. Мәселен бұған дейін бірінші сұрыпты «Наурыз» ұнының бір келісін 130 теңгеден сатқанбыз. Ол қазір таусылып қалды. Егер қор сондай бағада ұн алып келсе, ол тағы да 130 теңгеден саудаланады. Қазір оның орнына «Ақсарай» сауда белгісімен келісі 175 теңгеден бірінші сұрыпты ұн сатылып жатыр. Ал «Пионер» ұны одан сәл қымбаттау. Картоп та таусылған. Қазір кез келген дүкенде картоптың бір келісі 160 теңгеден кем емес. Ал біз келісін 100 теңгеден сатып жатырмыз. Негізі бізде қазір қор есебіндегі 1 келісі 240 теңге тұратын күріш, 250 теңгеден қарақұмық, бір данасы 23 теңгелік жұмыртқа, 55 теңгеден нан, 160 теңгеден сүт, 190 деңгеден қант бар. Қалған тауар түрлері таусылған. Олардың орнына әкелінген азық-түлік түрлері сәл қымбат бағада сатылып жатқандықтан жұрт баға көтерілді деп ойлауы мүмкін. Шындығына келгенде біз алыпсатар емеспіз, сатушымыз. Бізге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «мына тауарды осынша бағада сат дейді» біз сол бағада сатамыз, сол үшін жалақы аламыз, – деді Айман Доғдырқызы. Біз «Талас» ықшамауданында орналасқан әлеуметтік дүкенге де барып көрдік. Онда да алдыңғы әлеуметтік дүкенде қандай азық-түлік бар, соның бағасы қалыпты деңгейде қалып отыр. Негізінен таусылған тауарлардың сатылу бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанымызда ол 30-40 теңгеге арзан көрінді. Есесіне тұрақтандыру қорының белгіленген шекті бағасынан 20-30 теңге қымбат. Қор есебіндегі азық-түлік таусылғанымен, аты әлеуметтік дүкен болған соң, картоптың неліктен екі дүкенде екі түрлі бағада сатылып жатқаны ойландырды. Егер қорда тауар болмаса, баға әр дүкенде әр келкі құбыла беретін болғаны ғой. Мұндағы сатушы Роза Магомедалиева ол жайлы тауар жеткізіп берушіден сұрау қажеттігін айтты. Люда Фельдчерова есімді тауар жеткізіп беруші бізге тек қор есебінен сатылып жатқан азық-түліктер жайлы ғана мәлімет берді. Есесіне біз барлық мән-жайды «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Заңғар Кемеловке хабарласып, анықтадық. – Бізден әлеуметтік дүкендерді «Империя» жеке кәсіпкерлігі жалға алып отыр. Тауар жеткізіп беруші мен сатушы соларға тән. Алайда олар біз жеткізіп берген тауарға бір тиын қоспайды. Ал қорға тиесілі қандай да бір азық-түлік түрі сарқылса, сондай тауарды аталған кәсіпкерліктің тауармен қамтамасыз етушісі жеткізіп беріп, үстінен 5-10 теңге қосып сатады. Картоптың екі дүкенде екі түрлі бағада сатылуы бір дүкенде арзанға алынған картоп әлі сатылып жатса, келесі дүкенде ол таусылып кетіп, орнына сәл қымбатырақ бағадағы тауар келген болуы мүмкін. Қалай десек те, біз көріп отырғандай, ондағы тауарлардың кейбірі қордың мүлкі болмаса да нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Негізінен биыл азық-түлік қоры жиын-терім маусымына дейін толық жетеді деп жоспарланған. Бірақ елдегі төтенше жағдай режимі кезінде жұрттың жағдайы бары да, жоғы да жаппай азық-түлікті артығымен сатып алуға ұмтылып, қор есебіндегі азық-түлік тауарларының кейбір түрі межеленген уақыттан ертерек таусылып кетті. Қазір қорда күріш, ұн, қарақұмық, қант, жұмыртқа, нан, сүт секілді 6-7 тауар түрі қалды. Картоп, пияз іспетті көкөністерді кезінде көптеп алып қойсақ, олар бүгінде бүлініп рәсуа болар еді. Өйткені бізде оны молынан сақтайтын қойма жоқ. Десе де біздің картоп нарыққа диқандардың жаңа картобы шыққанға дейін жетті. Жалпы алдағы қыркүйек айынан бастап көкөніс және басқа да таусылған тауарларды жаңарту, қордағы азық-түлік тізімін толықтыру біртіндеп қалпына келе бастайды, – дейді Заңғар Қаржаубайұлы. Биылғы жиын-терім есебінен қордағы азық-түлік тізімі қайта толығатын болса, ол күн де алыс емес. Тегінде әлеуметтік ахуалдың ушығуы халық күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының өсуімен де тікелей байланысты екені белгілі. Өйткені мұндай жағдай «шықпа жаным, шықпа» деп онсыз да әзер отырған көпшіліктің күнкөріс жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан коммуналдық дүкендерде халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының бағасы алдағы уақытта белгіленген мөлшерге қайта түседі деген ойдамыз.

Нұрым Сырғабаев