сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 19:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мәулен Әшімбаев: Батыр аманатына адал болайық

Мәулен Әшімбаев: Батыр аманатына адал болайық
ашық дереккөзі
Мәулен Әшімбаев: Батыр аманатына адал болайық

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев фейсбуктегі парақшасына жазба қалдырды.

«Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қашанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіктің символы болып саналады. Оның соғыс жылдарындағы ерлігі мен атақ-даңқы бірқатар елдерге тарады. Сол кезде батыр атамыз дарынды қолбасшы, әскери стратег, шебер ұйымдастырушы ретінде мойындалды.

Бауыржан Момышұлының соғыстан кейін әскери-ғылыми қызметпен және әдебиетпен айналысқаны баршамызға белгілі. Оның қаламынан майдан даласын шынайы суреттеген кесекті шығармалар туды. Сол дүниелер қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыптың негізін қалауға үлкен үлес болып қосылды.

Бәукең – батырлығымен қоса даналығымен де дараланған тұлға. Ол соңына ұрпаққа үлгі болар өнегелі ойлар мен нақыл сөздер қалдырды. Қазіргі таңда Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөздерін күллі қазақ біледі десек, қателесе қоймаспыз. Батырдың осындай өсиеттері әрдайым жас буынды мінезді, жігерлі және отаншыл етіп тәрбиелеудің өзегі болып қала беретіні сөзсіз.

Шын мәнінде, қазақ даласы – батырлар институты қалыптасқан жер. Біз – асқақ рух пен өр намысты ту еткен сол бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан болар, Бауыржан Момышұлына деген халықтың құрмет-қошеметі ешқашан төмендеген емес. Қазақта Бауыржан есімді азаматтардың көп болуы соның бір дәлелі. Мұндай үрдісті ұлт батырларын ұмытпаудың және ұлықтаудың өнегелі дәстүрі деуге әбден болады.

Кеше осы мерейтойға орай «Egemen Qazaqstan» газетінде Халық Қаһарманы, тағы бір батыр ағамыз Бақытжан Ертаев пен ғалым Болат Сайланның «Қаһармандық өнегесі» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбекте Бауыржан Момышұлының ерлікке толы өмір жолы дәлелді деректермен көрсетілген екен. Бас басылымның бүгінгі нөміріне де «Бауыржантанудың тұнығы мен тұңғиығы» атты көлемді сұхбат жарияланғанын атап өткен жөн.

Осындай мазмұнды дүниелерді кеңінен дәріптеу арқылы ұлы тұлғаларымызды одан әрі тани түсеміз. Біз ұлтымыздың айбыны мен айбарын асқақтатқан қаһарманның рухына тағзым етіп, есімін ел жадында мәңгі сақтауымыз керек. Бұл – бүгінгі буынның да, болашақ ұрпақтың да перзенттік борышы.

Ендеше, Кеңестік кезеңнің өзінде тегін «Момышұлы» деп жаздырып, Отанды сүюдің озық үлгісін көрсетіп кеткен батыр аманатына адал болайық», делінген жазбада.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар