"Немерем әлемге танылды": Айнұр Тұрсынбаева немересі Әлем туралы
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 16:10
- 57
Коуч әрі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева немересі Әлемге қатысты ерекше әрі есте қаларлық оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақынның айтуынша, баланың есімін таңдауда терең мән жатқан.
«Адамның есімі өміріне қатты әсер етеді дегенге сенемін. Немеремнің есімін Әлем деп қоюымның себебі – әлемге танылсын, әлемге пайдасы тисін деген ниет еді», – дейді ол.
Қызығы сол, Әлемнің бұл әрекеті алдын ала жоспарланбаған, ешқандай сценарийсіз болған.
Ол айфонды бассейнге лақтырып жіберген сәт әлеуметтік желіде кеңінен таралып, 50 миллионнан астам қаралым жинаған. Осы бір бейнежазба әлем назарын өзіне аударып, тіпті Абу-Дабидегі «Лувр» музейінің тарихында қалды. Әлем лақтырған телефон музей қабырғасына ілініп, көпшілік тамашалайтын экспонатқа айналған.
«Балам мен келінім қаншама рет команда жинап, видео түсіріп, 50 миллион қаралым жинай алмады. Ал Әлем бір сәтте жинап берді. Осыдан кейін әлемдік компаниялар немеремнің әке-шешесіне ұсыныстар жасай бастады», – дейді айтыскер ақын.
Осы оқиғадан кейін әлемдік компаниялар Әлемнің ата-анасына түрлі ұсыныстар жасай бастаған. Ал Абу-Дабидегі «Лувр» музейі туристердің қызығушылығын арттырғаны үшін отбасына музейге тегін кіруге арнайы абонемент сыйлаған.
«Әлем өз есіміне сай әлемнің есігін еркін ашып келеді», – деп түйіндеді Айнұр Тұрсынбаева.





