Қоғам

Оралдағы балалар лагерінде он жасар баланы 10 қатарласы жабылып ұрған

Перзентінің соққы жегенін айтып, оралдық азамат арызданған

Оралда балалар лагерінде 10 жастағы баланы бір топ оқушы жабылып, соққыға жыққан. Бұл туралы жергілікті Мой город басылымы жазды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Ақпаратқа сүйенсек, қала тұрғыны 10 жастағы ұлын әпкесімен бірге 10 маусымда «Атамекен» балалар лагеріне жіберген. Тепкі көрген баланың әкесі жеткіншекті 8-10 бала ұрғанын айтады.

15 маусым күні ер адам ұлымен дәрігерге барып, көп гематомаларды тіркеп, полицияға арыз жазған. Айта кетейік, бұл 15 маусымда болды. Ер адамның айтуынша, ешкім іс қозғамаған. Тек адвокат жалдағаннан кейін ғана іс қозғала бастады.

11 күн өткен соң, 26 маусым күні кешке полицейлер сот-медициналық сараптамаға жолдама берген.

Осы арада БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаның 2024 жылғы 15 маусымда Орал қаласының ПБ-де тіркелгенін хабарлады. Бұл іс бойынша полиция қызметкерлері кінәлі тұлғаларды және оқиғаның себебін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізген. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылып, оның қорытындысы бойынша осы оқиғаға заңды баға берілетіні хабарланды. Тексеруді ұйымдастыру мақсатында Орал қаласының Білім бөліміне ұсыну енгізілген.

БҚО Білім басқармасы да оқиғаға түсініктеме берді.