Ораза ұстай алмағандар бір аш адамды 3400 теңгеге тойдырып, құлшылық ете алады
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биыл підияның мөлшері неше теңге болатынын жария етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «підия» деп аталады.
Мүфтият хабарлап отырғандай, «Бақара» сүресінің 184 аятында підия туралы айтылған.
Өте ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. Підияны бірден Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Сондай-ақ бір айдың підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп берсе, оның оқасы жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.