Өткеннің өсиетімен өспірім жастарын тәрбиелеп өсіріп, өнегелі өмір өрнегін салатын бабаларымыздың сара жолымен ұрпақ өрбіткен халқымыз «Ақыл жастан, асыл тастан» деп жастарға үлкен үміт артады. Белгілі ақын Мағжан Жұмабаев та «Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты,
Мен жастарға сенемiн!» деп келешектің иелеріне сенімі мен үмітін өлеңмен жеткізіп, өмірден өтті. Сол сеніммен мемлекетіміздің билігі де жастар саясатын жүйелі жолға қойып, олардың сапалы білім алып, салауатты өмір салтын ұстануларына, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуларына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Соның бір ғана айғағы ретінде өткен 2019 жылды Жастар жылы деп, ағымдағы 2020 жылды Волонтерлер жылы деп аталуынан-ақ байқауға болады. Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Волонтерлер жылының жабылуында бірқатар ерікті жастар «Үздік волонтер» атанып, сыйақыға ие болды. Солардың қатарында Жамбыл облысынан мәртебелі марапатқа ие болған Станислав Насыров Қордай ауданындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің маманы. Ол сонымен қатар, Жамбыл облысы Қазақстан халықтары Ассамблеясының «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының Қордай ауданындағы жетекшісі. Және «Отечество» славян этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі. Мойнына жүктелген осы міндеттерді атқару барысында Қордай ауданы жастарының қоғамдық белсенділігін жандандыруда жұмыс атқарып, ерікті ретінде де бірқатар істерге атсалысып еңбек етіп жүр. Сол еңбектерімен «Жыл волонтеры» Халықаралық сыйлығын иемденді.
– Өзім тұратын және менің отбасыма құтты мекен болған Қордай ауданында волонтерліктің дамуына өз үлесімді қоса алғаныма өте қуаныштымын. Біреудің қиындықты жеңуіне көмегім тигені, жабыққан жанды жұбата алғаным мені бақытқа бөлейді. Қазақта «Адамның күні адаммен» деген жақсы сөз бар. Біз адамдар бір мүддеге біріккенде ғана қандай қиындықты да жеңе аламыз. Бұған осы пандемия жағдайы нақты көзімізді жеткізіп, төртеу түгел болса төбедегіні алуға болатынын тағы да дәлелдеді. Облысымыздағы «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің мүшесі болған 9 жылдан бері волонтер болып келемін. Адам басқа біреуге көмегі тисе, өзін бақытты сезінетінін жан-тәніммен ұққалы өзгеге көмектесу басты ұстанымыма айналды, -дейді жас ерікті Станислав.
Жиырма бес жасар бұл жігіттің ұлты орыс. Алайда, ол бір шаңырақ астында бірге туғандай өмір сүру, ортақ мақсатты көздеу жеке бастың мүддесінен де жоғары екенін ұғынған. Сондықтан да ол халық арасында достық пен келісімді нығайтуға еңбек етіп келеді.
– Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болғалы бейбітшіліктің баяндылығы үшін татулықтан артық, берекелі өмір үшін бірліктен асқан ештеңенің жоқтығын түсіндім. Сол себепті де бұл іске беріле кіріскенмін. Жыл басындағы Қордайдағы қақтығыс талайдың қабырғасын қайыстырғаны анық. Арандатушылар айрандай ұйып отырған ағайынның арасына сызат түсіргісі келді. Алайда ол олардың қолынан келмейді. Себебі біз біртұтас қазақстандықтармыз! Бұндай оқиғалар біздің бірлігімізді одан сайын нығайтуға қамшы сілтеп, қателескен тұстарымызды іс жүзінде көрсетіп берумен, тұрақтылықты арттырудағы тәжірибемізді күшейтеді деп білемін. Ассамблея мүшесі ретінде біз де жұмысымызды жандандыра түстік. Қазір сондай бірлескен, нәтижелі жұмыстардың арқасында ауданда жағдайлар тұрақталды. Ахуал, шүкір жақсарды. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз одан ары да жалғаса береді. Қордайдағыдай жағдай екінші рет қайталанбауын қамтамасыз етуге өзім де барынша еңбек ете беремін. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблея сынды алып институтты құрып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақты сақтауға бар күшін салды. Енді осы бізге артылған сенімге селкеу түсірмей, біз біртұтастығымызды көрсетуіміз керек. Менің басты арманым мен мақсатым – осы, -дейді славян этномәдени бірлестігінің белді мүшесі Станислав.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің Қордай аудандық филиалының маманы ретінде мемлекеттің өркениетіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген Станислав Алексеевич бейбітшілік, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін «Жыл волонтері» атанды.
Негізі «Жыл волонтері» Халықаралық байқауына облысымыздан 12 адам қатысқан еді. Солардың ішінен екі жас волонтер ғана жеңімпаз атанды. Соның бірі Станислав Насыров:
– Онлайн кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қиын кезеңде мейірімділіктің, бірліктің үлгісін көрсеткен барша адамдарға, сондай-ақ азаматтық қоғам белсенділеріне, оның ішінде еріктілерге ерекше алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Алқалы жиынға еліміздің әр өңірінен жастар қатысты. Волонтерлік бойынша жүзеге асырылған жобалардың нәтижелері таныстырылды. Әрине, барлық қайырымды іс мақтауға, марапатқа лайық. Дегенмен, байқау болған соң үздік істің биігінен көрінгендер Халықаралық марапатқа ие болды. Солардың қатарында атым аталып, марапатты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев маған тапсырғанда, үлкен сенім мен асқан жауапкершілік міндетіме жүктелгендей сезіндім. Себебі, бұл марапат мені бүгінге дейін жасаған жұмыстарымнан да артық іс қылуыма ынталандырып, соған сенім артылғанын сездірді. Шынында да бұл сыйлық еріктілерді әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге белсене қатысатын ұйымдарды көтермелеуге бағытталған, -дейді үздік ерікті бұйырған сыйлығының мәні терең екенін ұғынып.
Жүрген ортасында адамгершілік үшін ұлт пен діни нанымға қарай бөлінудің мәні жоғын тек сөзбен емес, ісімен де насихаттап жүрген Станислав Алексеевич үнемі қан доноры болып та басқаның қайғысына бей-жай қарамайтынын танытып келеді. Айта кетейік, ол мемлекеттік тілді де өз қалауымен үйреніп жүр. Жас жігіттің басты көздейтіні – бейбітшіліктің баяндылығы мен Тәуелсіз Қазақстанның биік тұғырының тұрақтылығы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз