Педофилдер мен экстремистер енді Қазақстанға кіре алмайды
Бүгін Парламенттің төменгі палатасы тиісті заң жобасын сенатқа жіберді
Бүгін парламент мәжілісі педофилдер, экстремистер мен террористерге Қазақстан аумағына кіруге тыйым салуды көздейтін заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобасында кәмелетке толмаған балаларды зорлағаны үшін сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуіне, сондай-ақ ел азаматтығын алуына шектеу қою ұсынылып отыр.
Сондай-ақ экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеу туралы норма да бар. Депутаттар заңды екінші оқылымда қабылдап, сенатқа жіберді.