Қоғам

ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай жамбылдық судьялар марапатталды

ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай жамбылдық судьялар марапатталды

Жамбыл облыстық сотында Қазақстан Республикасы Конституциясының мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Осыдан тура 25 жыл бұрын жалпы қабылданған еліміздің негізгі Заңында  азаматтардың құндылықтары, бостандықтары, құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналысқа қатысушыларды құттықтады. Ол Конституцияда қазіргі заманғы мемлекет моделінің құқықтық негізі қаланғанын атап өтті. - Ел Конституциясының 25 жылдығы – әрбір қазақстандық үшін басты мерекелердің бірі. Еліміздің негізгі заңы халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін нығайтты, Қазақстанның қалыптасу процесінің дамуын қамтамасыз етті. Оның негізгі ережелеріне сүйене отырып, біздің еліміз сәтті және қарқынды дамып келеді, - деді облыс әкімі. Бердібек Сапарбаев Конституцияның мерейтойы сот жүйесінің қызметкерлері мен ардагерлері үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Өйткені, соттардың барлық қызметі Конституцияда бекітілген негізгі принциптерге негізделген. - Жамбыл облысының соттары ағымдағы жылдың алты айында 15 мыңнан астам істі қарады. Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, тәркіленген мүлікті мемлекет меншігіне өткізу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды, - деді облыс әкімі. Бұл күні бірқатар Фемида қызметкерлері жемісті еңбегі үшін белгілермен және грамоталармен марапатталды. Жамбыл облыстық сотының судьялары Нұрлан Жұмағұлов, Самат Төлесбай, сот жүйесінің ардагері Зина Жұмахметова, Тараз қалалық сотының төрағасы Алтынбек Мадемаров «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Тараз қалалық мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Жамбыл Жұмабековке облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Қордай аудандық соты кеңсесінің бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Баян Сайпышева, Шу аудандық соты кеңсесінің бас маманы Насихат Сыбанбаеваға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, сот жүйесінің ардагері Мұсабек Әлімбеков әріптестерін айтулы күнмен құттықтады. Сондай-ақ, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.