Ресей салатын үш жылу станциясының инвесторы ауысуы мүмкін

Қазақстанда Ресей есебінен салынуы тиіс үш жылу электр орталығына (ЖЭО) қатысты инвестор ауысуы ықтимал. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Ақордада журналистердің сұрағына жауап берген вице-премьер жобаның қаржылық қиындықтарға тап болғанын растады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі таңда нақты жаңа инвестор жоқ. Мәселе маусым айында шешілуі тиіс.
Айта кетейік, 2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Ресей Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жөнінде меморандумға қол қойған. Кейін Роман Скляр станциялар «толық дайын күйінде» Ресей тарапынан салынады деп нақтылаған болатын. Инвестор ретінде ресейлік «Интер РАО» энергетикалық компаниясы қарастырылған. Жоспар бойынша үш станция да 2028 жылы іске қосылуы тиіс болған.