сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 23:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Рухани қатерге ана тілінің құдіреті төтеп береді

Рухани қатерге ана тілінің құдіреті төтеп береді
ашық дереккөзі
Рухани қатерге ана тілінің құдіреті төтеп береді

Қазіргі кезде шартарап сағымдай құбылып тұр. Желдей ескен ақпарат орта Азия елдерін де ойландырып тұр.  Оның қатарында бірнеше ұлтты бауырына басқан, әлімсақтан мұсылманмын деп есептесе де, бірнеше діннің басын біріктірген, ғасырлар илеуінде ақ патша мен қызыл империяның бұғауында болып, сан мәрте саяси репрессияларды басынан кешірген, ашаршылық зардабынан баудай қырылған, ширек ғасырда есін жинап, егемендігін жария қылған қазақ елінің халі нешік? Бүгінгі қазақ неден қауіптенеді? Елінің болашағына елеңдеген әр азаматтың көкейінде осы сауал тұрары хақ. Руханиятымызға, егемендігімізге, елдігімізге сын болар қандай қатерден сақтанғанымыз жөн?

Тәуелсіздігімізді алғалы бір ұрпақ алмасатын уақыт өтті. Егемендік алаңында еңсе тіктейтін екінші буынның рухани халі қалай болмақ? Ислам дінін бетперде қылған ағымдар қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, жалпы таным-түсінігіне шабуыл жасап жатыр. Әсіресе, діни жоралғыларды қалқан қылып, араб киімін кию, араб салтын насихаттау белең алуда.

Қазақ ұлты – мың жылдық тарихы бар көне ұлт. Арғы ата-бабамызды Сақ, Ғұн, Көк түркілер деп түрліше атасақ та, біз – солардың ұрпағымыз. Сан ғасырдың елегінен өткен салтымызға жойқын шабуыл жасалуда. Ұлтымыздың тұтастығын, ынтымақ-бірлігін бұзуға күш салып жатыр. Шын мәнінде, қазақ халқы ешқашан құдайдан безген емес. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Қазақтың ешбір салт-дәстүрі, ырым-тыйымы шариғат талабына қарсы келмейді. Бірақ бүйректен сирақ шығарып, арабтардың бүкіл салтын, ұғым-түсінігін санаға сіңіріп, қазақтың бір бөлігін қоғамнан тұйықтап тастады. Қазақты қазаққа қарсы қоюдың қауіпі зор.

Жаһандану құбылысына ат төбеліндей қазақ халқы төтеп беруі үшін зор қалқан, сана сүзгісі керек. Халқымыз ежелден «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деп айтқан. Рухани қатерге ана тілінің құдіреті төтеп бермек екен. Тіл арқылы тұтас ұлт рухани құндылықтарын құрмет тұтады, көзінің қарашығындай сақтап, санасына сіңіре алады. Өзін шынайы мұсылман санап, қара оранатын, сақалын сапситып өсіретін тобыр қазақтың көсегесін көгертпейді. Олар қазақтың ыдырауына күш салып жатыр. Жастар содырлардың қиянат жасап, болашағына балта сілтейтінін ерте ұғына білуі тиіс.

Тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді текті халықты орыс империясы тұралата алмады. Бірақ аз уақыттың ішінде дүмбілез пиғылды діншілдер қазақты қатты ойсыратуда. Бұл ретте салт-дәстүрімізді заман ыңғайына бейімдеп, ескісінен арылып, есесіне, ана тілімізді, ұлттық болмысымызды жоғалтып алудан сақтануымыз керек. Заман райы мың құбылса да, қазақ халқы дала маңғазы іспеттес дархандығынан, дәстүр дәнегіне айналған адамгершілік қасиеттерінен, ақжарқын да ақ көңіл мінезінен, айбынды тектілігінен айнымауы, бабалар салған сара жолдан жаңылмауы тиіс.

Зейнеп АХМЕТОВА

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар