Қоғам

Шағын ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?

Шағын ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өңірдегі елді мекендерді кең жолақты интернет желілерімен қамту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңесте Бердібек Машбекұлы ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлерді кең жолақты интернетпен қамту жөнінде арнайы тапсырма бергенін тілге тиек етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында бұл мәселеге тоқталғанын жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде өңірдің кең жолақты интерпен қамтамасыз етілуі өзге өңірлермен салыстырғанда төмен екенін алға тартып, мұның себебін байланыстың жоқтығымен түсіндірді.

Мұнан соң облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару  және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев баяндама жасап, өңірдегі елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды. Ол өз сөзінде, Мемлекет басшысы биылғы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар әр ауылды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтіп, облыста мұндай 308 ауылдың 166-сы кабельдік кең жолақты интернет қамтамасыз етілгенін және жыл соңына дейін қосымша 11 елді мекен ғаламторға қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар 308 елді мекеннің 234-і жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен (3G және 4G) қамтамасыз етілген болса, 50 ауылда тұрғындар ғаламтордың төмен жылдамдығына (2G) байланысты қиындықтарға тап болып отыр екен. Бұл олқылықты орнын толтыру мақсатында 23 ауылда ұялы байланыс операторлары мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Мұнан соң сөз тізгіндеген «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік коммуникация дирекциясы Жамбыл жергілікті желілерінің техникалық торабының директоры Нұрлан Шотықов облыста 2018-2020 жылдар аралығында 72 елді мекен оптикалық-талшықты кабельмен қамтылу жоспарланғанын атап өтіп, қазіргі таңда 64 елді мекенде аталған жұмыстардың аяқталғанын мәлім етті. Нәтижесінде, ауылдағы мектептер мен мемлекеттік мекемелер сапалы интернетке қол жеткізген. Ал қалған 8 ауылға оптикалық-талшықты кабель тарту жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс екен.

Сол секілді «Транстелеком» АҚ Тараз қалалық «ЖамбылТрансТелеком» филиалының директоры Дархан Орманов 2018-2019 жылдары 46 елді мекенге интернет тартылғанын тілге тиек етті. Биыл осы ауылдардың барлығына инвестор тартылып, сапалы ғаламторға қосылыпты. Филиал мұндай жұмыстарды негізінен Жамбыл ауданында іске асырған. Осылайша, жыл соңына дейін 10 мың абонентті интернетпен қамтамасыз етпек.

Жиында облыс әкімі «КаР-тел» (Билайн Қазақстан) ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» (Алтел/Теле2) ЖШС мен «Kcell» акционерлік қоғамының өкілдеріне де жұмысты жүйелеу керектігін тапсырып, ұсыныстарына назар аударды.

  Шынболат Сейдуалиев