сенбі, 23 қараша, 2024 1:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әскери госпитальдің әлеуеті қандай?

Әскери госпитальдің әлеуеті қандай?
ашық дереккөзі
Әскери госпитальдің әлеуеті қандай?

Бірнеше апта бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізген болатын. Мемлекет басшысы кейбір өңірлерде аталған дертпен ауырғандар санының артуына байланысты жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударып, барлық денсаулық сақтау ұйымдарының, әскери медицинаның да толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ал облысымызда Президент тапсырмалары қалай жүзеге асуда?

Дауасы табылмаған дерттің таралуына жол бермеу, алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бүгінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей бақылауында. Әр аптаның дүйсенбісі өңір басшысының төрағалығымен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі штаб отырысы өтіп, індетке байланысты маңызды мәселелер қаралып, жан-жақты талқылануда. «Әскери госпитальдар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға жəне құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс» деген ел Президентінің тапсырмасы бойынша да өңірде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Тараз қаласындағы әскери госпиталь бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Қамбар Назаров барлығы мұқият жоспарланғанын, кез келген жағдайға сақадай сай екендерін айтады. – Тараз қаласындағы әскери госпиталь «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге қызмет көрсетуге арналған. Қызмет көрсету ауқымымыз – Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары. Аталған облыстардың әскери қызметшілеріне алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеміз. Әскери госпиталь қызметкерлері коронавирустық инфекциямен күресте әрдайым алдыңғы қатардан бой көрсетуде. Әскери госпитальда қабылдау бөлімі, хирургия, терапия, жансақтау бөлімі және емхана қарастырылған. Сонымен қатар пандемия кезінде Тараз қаласындағы әскери госпитальға қарайтын жылжымалы әмбебап далалық госпиталі жасақталды. «Қазақстандық бітімгерлік полкі» негізінде құрылған далалық госпиталь қажеттілік туындаған жағдайда COVID-19 диагнозы расталған азаматтарды жатқызатын инфекциялық стационар ретінде пайдаланылуда. Мәселен далалық госпиталь наурыз айында Алматы облысы, Нұрғиса Тілендиев ауылында Алматы горнизонының әскери қызметшілеріне, инфекцияға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетті. Жалпы, жылжымалы әмбебап далалық госпитальда 66 кереует дайындалған. Госпитальдің күніне 300 науқас қабылдауға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы әскери госпиталь облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланысып, қоян-қолтық жұмыс істеуде. Біз кез келген төтенше жағдайға дайын болуымыз керек. Сондықтан да 1 дәрігерлік және медбикелік бригада, 2 дәрігер, 6 медбике тізімі бекітіліп, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына жолданған. Біздің міндетіміз – кез келген уақытта әскери қызметшілерге және азаматтық қызметкерлерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге дайын болу. Сол себепті тек мамандардың ғана емес, қажетті техникалардың да дайындығы қатаң бақылауымызда. Қазіргі уақытта 11 «КаМАЗ» тіркемесімен бірге тастүйін дайын тұр, – деген Қамбар Алпамысұлы сөз соңында ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қойған міндеттерін, бұйрықтарын, нұсқауларын 100 пайыз орындауға дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар Тараз қаласындағы әскери госпиталь бастығы дәрігерлер мен медбикелердің білімін шыңдау мақсатында да ұдайы кешенді жұмыстар жүргізіліп тұратынын айтты.

  Талғат НҰРХАНОВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар