жексенбі, 1 маусым, 2025 4:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әскери қызметке деген сүйіспеншілік пен білімге деген құштарлық

Әскери қызметке деген сүйіспеншілік пен білімге деген құштарлық
Фото: Jambylinfo.kz
Әйел адамның өмірде алатын орны ерекше. Ол отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі, Отанның қорғаушысы. Қай саланың болмасын аяғынан тік тұрған әйелдер өздерінің қайсар мінезі мен еңбекқорлығын дәлелдеп келеді.

Сондай ерекше жанның бірі – білім мен әскери қызметті қатар алып жүрген, кіші сержант Эльмира Сманова. Jambylinfo.kz тілшісі оның өмір жолымен танысып, сұхбаттасып қайтқан болатын.

Эльмира Далбайқызы 1983 жылы 3 қаңтарда Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен білімге деген сүйіспеншілігі оны 1989 жылы Талас ауданы, Көктал ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке алып келеді. Мектеп кезінде-ақ болашақ мамандығын таңдаған Эльмира ұстаз болуды армандады.

– «Мұғалімдік – тек сабақ беру ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ұстаз – шәкіртінің екінші ата-анасы, бағыт-бағдар беруші тұлға. Мен бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым», – дейді Эльмира.

2000 жылы Тараз мемлекеттік институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына түсіп, жоғары білім алады. Әрі қарай өзіне таныс мектепке ұстаз болып оралып, шәкірт тәрбиелеуге кіріседі. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере жүріп, мектеп директорының орынбасары қызметін де атқарады.

Алайда, өмірдің оған берген жаңа бағыты оның бәрін өзгерте алды.

2008 жылы Эльмира Далбайқызы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер қатарына шақырылады. Бұл шешім оның өмірін түбегейлі өзгертеді.

 «Әскери қызмет – темірдей тәртіп пен мықты рухты талап етеді. Ерлерге тән деп есептелген бұл салада әйелдер де өздерін дәлелдеп жүр. Мен үшін бұл шешім үлкен сынақ болды, бірақ ол мені шыңдай түсті», – дейді Эльмира.

Қазіргі уақытта Эльмира Сманова Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің маманы болып қызмет атқарады. Түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, кіші сержант шенін иеленді.

 «Әскери қызметте тәртіп пен жауапкершілік басты орында. Әр тапсырма уақытында орындалуы тиіс. Құжаттармен жұмыс істегендіктен, әрбір қағаздың дұрыс рәсімделуі маңызды. Бұл қызмет менің шыдамдылық, тәртіп және ұқыптылық қасиеттерімді дамытуға көмектесті», – дейді ол.

Мансап қаншалықты маңызды болса да, Эльмира үшін отбасы әрқашан бірінші орында. Ол екі қыздың аяулы анасы.

 «Қыздарым Сабина мен Аяна – менің өмірімнің мәні, болашаққа деген үмітім. Олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. Ана болу – мен үшін ең маңызды міндет. Оларға жақсы тәрбие беріп, саналы азамат болып өсуіне жағдай жасау – басты мақсатым», – дейді ол.

Білім мен әскери қызметті қатар алып жүрген Эльмира Далбайқызы – қазақ қыздарының жан-жақты бола алатынының үлгісі.

 «Әйел адам кез келген салада табысқа жете алады. Бастысы – өз ісіне адал болу, үздіксіз даму және жауапкершілікпен жұмыс істеу. Әскери форма киіп, Отан алдында қызмет ету мен үшін үлкен мақтаныш. Өзімді осы жолда таптым және болашақта да аянбай еңбек ете беремін», – деп айтады Эльмира.

Эльмира Далбайқызының өмір жолы – ерік-жігер мен табандылықтың үлгісі. Ол білім беру мен әскери қызмет сияқты екі күрделі саланы ұштастыра отырып, әйел адамның кез келген ортада өз орнын таба алатынын дәлелдеді.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар