Қоғам

Соғыстың соңғы солдаты

Соғыстың соңғы солдаты

Ел басына күн туған 1941-1945 жылдары Қордай ауданынан 10 734 адам қолына қару алып, соғысқа аттанса, олардың төрт мыңнан астамы майдан даласынан оралмаған еді. Ал туған табалдырығын қайтадан көру бақыты бұйырған алты мыңдай жеңіс сарбазынан бүгінде аудан бойынша көзі тірі үшеуі ғана қалыпты. Міне сондықтан да соғыс атты сұмдықты көзімен көріп, отты жылдарда толарсақтан қан кешкен, сәт сайын ажалмен бетпе-бет келіп, бізге мамыражай бейбіт заманды тарту еткен қарт сарбаздарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Кенендік Керімқұл Қосақов қария биыл 95 жасқа толады. Ғасырға жуық ғұмырында қарияның басынан не өтпеді? Балалық шағы ұжымдастырудың аласапыранына тап келіп, одан іле-шала алапат аштық нәубетіне килікті, сұрапыл соғыста жауға қарсы қару кезеніп, ажалмен бетпе-бет келген кездері қаншама?! 1944 жылдан жүрек тұсындағы төсқалтада тұмардай сақтап, қасиет тұтқан коммунистік партия билетінің түкке алғысыз болып, мәңгілік мызғымастай көрінген КСРО-ның құлағанын да көрді ақырында. Қайтсе де Керекеңнің шырғалаңға толы өмір жолының өнегелі беттері аз емес. Азын-аулақ дәулеті бар әкесі Қосақ Кәрібозов орташа байлар санатына жатқызылып, 1929 жылы тәркілеуге ілікті. Ол кезде Керімқұл небәрі төрт жаста болатын. Содан әкесін Ақмола түрмесіне қамап, бір жылдан соң ақталып шыққанымен, көп ұзамай аштық зобалаңы басталады. Тәркілеу кезінде малдарынан тігерге тұяқ қалмай айырылған бұлардың отбасы қатты қиналады. Айналадағы елдің алды ішерге тамақ таппай, ісіп-кеуіп, басы ауған жаққа тентірей бастаған шақта Қосақ та әйелі мен баласын ертіп Қырғыз асады. Бір жылдай әркімнің жұмысын істеумен «шықпа жаным, шықпа» деп жүріп елге қайтады. Әкесі ұжымшарға «откочник» (бүгінгіше оралман) болып қабылданып, мал бағуға шығады. Біртіндеп тірліктері оңалып, ел қатарына қосылып келе жатқан еді. Бірақ алдындағы абақтының азабы мен ашаршылықтың зардабы тәні мен жанын қатар жаралаған әкесі 1936 жылы дүние салады. Күлиша анасы он жасар баласын азамат қатарына жеткізгенге дейін күні-түні бітпейтін ұжымшар жұмысының қамытын мойнына іліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып тер төкті. Сол кездегі ауыл балаларының көбі тәрізді Керімқұл да анасының ауыр мехнатын жеңілдетпекке белі қайыса жүріп шаруаның бір жағынан шығатын. Жетімдік ерте есейтті. 1942 жылы желтоқсан айында он жеті жасқа толған Керімқұл әскер қатарына шақырылады. Соғыстың қайнап тұрған кезі. Фрунзедегі (қазіргі Бішкек қаласы) жаяу әскерлер училищесінде қысқа мерзімді курстан өтер-өтпестен, емтихан да тапсыртпастан бүкіл курс курсанттық сарыала погондарымен майданға жіберіледі. Бұл 1943 жылдың жазы болатын. Мұрты жаңа тебіндеген бірыңғай бозбала сарбаз пойызбен Мәскеуге жетіп, іле-шала Можайск бағытында бір айдан аса тактикалық жаттығулардан өтеді. Бастан-аяқ мұздай қаруланып кез келген сәтте алғы шепке жіберуге әзір резервтік құрамға енгізіледі. Жастық желікпен жүрегі алып-ұшып «жау қайдалаған?» албырт шақ емес пе, қай-қайсысының да тезірек майданға шығып, ел тыныштығын бұзған зұлым жауды жапыра жайпап, елге жеңіспен оралу ойында бар. Жеңістің тағдыры өздерінің майданға кіруіне қарап тұрғандай көрінерін қайтерсің? Ақыры бұларға да кезек келді. 1942 жылдың қазан айында Керімқұл Қосақов екінші Украина майданында 5-армияның 68-бригада, 8-мотомеханикалық корпусында пулеметшілер взводында көздеуші болып алғашқы ұрысқа да кіреді. Алдымен Харьковке дейін пойызбен келіп, одан әрі түн қатып жаяу жорықпен Днепрге жақындай түседі. Бұл әр тұста жаудың өзеннің шығыс жағалауына қарай өршілене ұмтылып жатқан кезі еді. Бұлардың корпусына Кременчуг қаласы тұсынан өзеннің арғы бетіндегі деревняларды немістерден босатуға бұйрық беріледі. Ол үшін алдымен Днепрден өту керек. – Соғыс деген қиямет-қайымды сол жолы алғаш көрдім, – деп еске алады қарт сарбаз. – Өзеннің батыс бетіне тас түйін бекініп алған жау бет қаратар емес. Күндіз жаңбырша жауған снарядтар мен оқтан өзенге маңайлау да қиын. Біздің әскерлер бір ұрымтал тұстан өзеннің арғы бетіне дейін қайықтарды тіркестіре қойып өткел жасаған екен. Түн жамылып соның үстімен жедел жүгіріп өтуге бұйрық берілді. Взвод-взвод болып алға ұмтылдық. Әр тұстан снарядтар түсіп, айналада суды аспанға шапшыта жарылып жатыр. Жазатайым оққа ұшып, суға кеткендерді де көріп келемін. Арқамда станокті пулемет. Әйтеуір бір кезде өзеннің арғы бетіне жетіп жағалауға секіріп жатырмыз. Түскен жеріміз қалың қорыс, белуардан батпақ екен. Бір-бірімізді сүйрелеп жағалауға шығып, қатарымыздың едәуір селдіреп қалғанын сонда көрдік. Жауға қарсы бір оқ ата алмай қыршынынан қиылған боздақтардың ажалы соғыстың біз ойлағандай оңай шаруа еместігін бірден-ақ көрсетті, – дейді қария. Иә, соғысу серуендеп қайту емес-ті. Балалық шағына тұс келген жоқшылық пен жетімдік ерте есейткен Керімқұл енді өзін соғысқа кірген алғашқы сәттен мүлдем қартайып кеткендей сезінді. Бала күнінде тым ұзақ көрінетін адам өмірінің шын мәнінде қас-қағым ғана сәт екенін жан дүниесімен сезінді. Адамдарды жүздеп, мыңдап оққа байлаған қанды қасапқа қалай қарғыс айтпасын? Өзі де бар-жоғы екі ай соғысқанда сан мәрте ажал аузынан қайтпады ма? Сол Днепрден арғы бетке өткен алғашқы күні бұлардың батальоны осының алдында ғана немістер қалдырып кеткен үлкен деревняға келіп бекінеді. Мұндағы бір үй қойма ретінде пайдаланылған екен. Немістің қалбырланған еті, балығы, таңсық шұжығына дейін көздің жауын алады. Батпақ сорған суық пен неше күн нәр татпай аштықтан титықтаған сарбаздар «тоя тамақ ішетін болдық-ау» деп ойлап үлгергенше «уланған» деп командирлері асқа жолатпады. Содан аз тынығып алып, таң қылаң бере пулеметтерін арқалап, келесі деревняға бет түзейді. Екі аралықта қалың өсіп, орылмай қалған қара бидай алқабының шетіне келіп іліккенде алдан сап-сап болып келе жатқан қалың жау көрінеді. Немістердің алдында мотоциклді пулеметшілері келеді. Бейберекет бетпе-бет ұрыс басталады. Бұлар да пулеметтерін «сөйлетіп» қоя береді. Рота және взвод командирлері Керімқұлдан алда, таяқтастам жерде қатар жатқан еді. Бір кезде сол араға бір снаряд дөп түсіп, екеуі бірдей опат болғанын өз көзімен көреді. «Адамның аяғы аяқ, қолы қол болып жан-жаққа ұшқанын сонда көрдім» дейді. Күші басым жау әл бермей бара жатқан соң шегінуге тура келеді. Бұлар бидай арасымен бұқпантайлап өтіп, жарқабақтың астымен орманға кіріп құтылады. Содан жинала келе қараса, бес жүз адамдық батальоннан елу шақты ғана жауынгер тірі қалыпты. Батальонды толықтыруға жіберіп, көп ұзамай Александрия қаласы үшін алапат шайқасқа қатысады. Үш күндік текетірестен кейін қаланы жаудан тазартып, оның арғы бетіндегі немістер бекінген темір жол стансасын алуға аттанады. Міне сол жорықта Керімқұл ауыр жараланады. – Желтоқсанның 26-сы, кешқұрым болатын. Тастүйін сайланып шабуылға дайын жатқанбыз, – дейді майдангер сол сәтті еске алып. – Бір кезде шабуылға бұйрық берілді. Бәріміз «уралап» алға ұмтылдық. Мен орнымнан көтеріле бергенімде сол жамбасым тыз ете түсіп, мұрттай ұштым. Жолдастарым алға озып кетті. Аяғымды сүйретіп айдалада мен қалдым. Алғашында ет қызуымен білмеппін, бір кезде жанымды көзіме көрсетіп ауыра бастады. Төбемнен оқтар зуылдап өтіп жатыр. Жақын маңға снарядтар келіп жарылады. Содан тырмыса еңбектеп, бомба қазған бір шұңқырға аунап түстім. Жарақаттан аққан қан қонышыма толып, әп-сәтте мұзға айналып барады. Осылай қансырап, аязда қатып өлемін бе деген қорқыныш та қылаң береді. Бір кезде жақын жерден гүрс етіп жарылған дауыс естілді, артынша айналаны қою түтін басып кетті. Өтіп бара жатқан танкіге снаряд тиіп өртенген екен. Әлгіден атып шыққан біреудің тура менің үстіме келіп құлағаны. Біздің танкист, орыс жігіті екен. Қапелімде мені неміс деп атып жібере жаздап, жараланып жатқан өз адамы екенін көрді де: «Танкіміз өртенді, жолдастарым қаза тапты. Ал сені санчасқа жеткізейін», деп сүйрелеп ала жөнелді. Қазір есімін де сұрап үлгермеген сол жігіт болмағанда әлгі шұңқырда мәңгі қалатын ба едім деп ойлаймын… Санчаста мұның жарақатын жуып таңғаны болмаса, ота жасай алмайды екен. Санбатқа немесе госпитальға жеткізуге көлік жоқ. Жаралылар мұнсыз да көп, ал жарақаты болса иістеніп, іріңдей бастаған. Бұл түрімен аяқтан айырылуы да ғажап емес-ті. Кездейсоқ сәттілік, тағдырдың сыйы деген осы шығар, Керімқұлға жазмыш тағы да оң қабақ танытқаны. Қасындағы кереуетте ауыр жаралы полковник жатыр еді. Дондық казак. Медбикелердің өзара: «Бүгін мұны шағын самолетпен госпитальға алып кетеді» дегендерін құлағы шалып қалған. Содан жатып кеп әлгіге жалынсын: «Сіздің бригаданың жауынгері едім, мені де ала кетіңіз» деп. Сол кезде ештеме демегенімен, өзін әкетуге самолет келгенде полковник мұны да мінгізуді бұйырады. Сөйтіп «кукурузник» аталатын шағын ұшақ жан-жақтан үзбей атқылап жатқан оқ пен өрттің арасынан аман өтіп, жақын маңдағы бір темір жол стансасына барып қонады. Одан әрі Керімқұл пойызбен Барнаул қаласынан бір-ақ шығады. Тылдағы госпитальда жамбасқа қадалған оқты алып, екі ай емдеп, таяққа сүйеніп жүре алатын болғанда, қасына медбике қосып беріп, екінші дәрежелі мүгедектікпен елге қайтарады. Бұл 1944 жылдың ақпан айы болатын. І дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері, 95 жастағы қария тағдырына риза. Бір басына төнген қаншама кесапат, қияметтерден аман келеді. Шүкір, өсіп-өнді, тамырын тереңге жайды.Бүгінде қырықтан аса немере, шөбере, шөпшектің атасы. Оның соғыстан кейінгі өмірінің өзі бір кітапқа өзек боларлық. Барнаул госпиталындағы екі айда қарап жатпай, сол жерде ұйымдастырылған «Колхоздар мен МТС бухгалтері» курсында оқығаны кәдеге асып, біраз уақыт ауылда есепші, бригадир болды. Елуінші жылдары ҚазПИ-дың (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын сырттай оқып бітіріп, біржолата ұстаздыққа ден қояды. Бұл жолда ол қатардағы мұғалімнен оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директорына дейінгі сатылардан өтіп, зейнеткерлікке шықты. Ал қандай ұстаз болғанына 1985 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, одақтық министрліктен бастап, облыстық, аудандық дәрежедегі мадақтамалардың, мерейтойлық медальдардың сан түрін иеленгені дәлел. Жерлестері берген ауданның Құрметті азаматы атағы және бар. Шүкір ұл-қыздарынан тараған ұрпағы бір қауым елге айналып келеді. Мерекелі күндері мұның қара шаңырағын жан-жақтан жиналған бала-шағасы думанға бөлеп жатады. 1988 жылы Жеңіс мейрамында арнайы шақыртумен Украинадағы өздері жаудан азат еткен Александрия қаласына да барып қайтты. Өздері соғысқан жерлерді аралатып, мектептерде кездесулер ұйымдастырып, сый-құрметтерін аямай қолына алтын сағат, омырауына жауынгерлік Қызыл Туды, Кутузов орденді 8-Александриялық механикаландырылған корпустың майдангерлеріне арнайы шығарылған естелік медалын тағып шығарып салған еді. Одан кейін 1990 жылы Ұлы Жеңістің 45 жылдығы мерекесінде Мәскеудегі ардагерлер шеруіне қатысты. 1994 және 2004 жылдары Украинаның неміс фашист басқыншыларынан азат етілуінің 50 және 60 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. 2010 жылы 9 мамырда облыстан барған тоғыз майдангердің қатарында Нұр-Сұлтандағы әскери парадқа қатысты. Жүріс-тұрысы ширақ, сөз саптауы орнықты соғыстың соңғы сарбазы әлі де сапта. Саптан қалмаңыз, қадірменді қарт сарбаз!

Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданы