Қоғам

Суицидті насихаттағандар мен оған итермелегендер қылмыстық жауапқа тартылады

Суицидтің алдын алу үшін Қылмыстық кодекске жаңа екі құрам бойынша норма енгізілді

Қазақстанда суицидті насихаттағаны және оған итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделіп отыр. Тиісті заң жобалары парламент мәжілісінде қаралып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 


Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда қаралып жатыр. 


Депутат, әлеуметтік-мәдени комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодекске жаңа екі құрам бойынша норма енгізілген. Олар: суицидке итермелеу және суицидті насихаттау. 


Сондай-ақ балалардың құқығын қорғау саласында тағы екі жаңа норма қарастырылған. Оған сәйкес, педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 
Бұдан бөлек азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. 


Сонымен қатар Қылмыстық кодексте жаңа 98-3 бабы «Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгілеу» қарастырылған. Осы баптың негізінде, құқық бұзған азаматтарға тек жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі бойынша керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі беріледі. 


Жәбірленушілердің арызын күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдана алады. 


Қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтінішімен үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөз жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленбек.