Қоғам

«Сынық төсек, сынамасыз тамақ, жазбайтын камера». Жамбыл облысындағы балалар интернатының сұмдық хәлі жария болды

Адам құқықтары жөніндегі жедел уәкілдің Жамбыл облысындағы өкілі өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайын баяндады

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі  Берікбол Байхожаев Меркі ауданы Гранитогорск кентіндегі көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына арналған мектеп-интернатында қандай келеңсіз жайлар орын алғанын баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Берікбол Байхожаев осы жұмысқа кіріскеннен бері өңір халқынан 293 өтініш түскен екен. Көбінесе, сот шешімне келіспегендер, заң бойынша кеңес алғысы келетіндер мен  медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмағандар арызданады. Ал, жуырда Меркі ауданы, Гранитогорск кентіндегі көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына арналған мектеп-интернатына барған Байхожаев сұмдық жайларға куә болған.

Мектепте 40 бейнебақылау камерасы тіркелген, оның 27-сі ішкі, 13-і сыртқы бақылау камералары. Бірақ, интернаттағы камералар көз бояушылық үшін ілінгені белгілі болған.  Яғни,  әлеуметтік мекемеде ішкі бейнебақылау камералары жазылмаған. Сонымен қатар, балаларға беретін тамақтар тексерілмеген, яғни, күнделікті тамақ үлгілері толық сақталмаған. Айта кетейік, мектеп-интернат 180 балаға арналған, бүгінгі күні онда 128 бала жатып оқиды.

Омбудсмен облыстық білім басқармасына осы нақталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар жолдаған. Жалпы, Жамбылинфо ақпарат агенттігінің редакциясы да  интернаттағы осы жағдайларды баяндап, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевқа өткір сұрақтар қойған болатын. Мұхит Нысанбаев нақты жауап бермей, бұл мәселені жіті тексеріп, жеке назарында ұстайтынын айтқан еді.


«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дәрілердің уақыты өткен»

Сұхбат барысында Берікбол Байхожаев облыстағы тағы бір әлеуметтік нысан  Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы» заңсыздықтарды атады. Жедел уәкіл медициналық пунктерді аралау кезінде қобдишадағы дәрі-дәрмектерді кездейсоқ тексеріп қалған. Ал, ол дәрілердің арасында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттар анықталған.


Осыған байланысты, Байхожаев Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне орталықта дәрілік заттарды сақтау және пайдалану тәртібін бұзу фактілеріне тексеру жүргізу жөнінде ұсынымдар берген.


Нәтижесінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарған. Соның арқасында, лауазымды тұлға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жедео уәкілге қандай тәсілдер арқылы өтініш беруге болады? 

Егер қандай бір салада құқығыңыз шектелсе, сіз Жамбыл облысындағы уәкілге мына үш тәсіл арқылы өтініш айта аласыз:

  • «е-өтініш» порталы арқылы (Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық)
  • Пошта арқылы (Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 15-кіреберіс)
  •  Қолма қол (Кеңсе)

Жамбылдық омбудсмен әлеуметтік желідегі парақшалары да жұмыс істейтінін еске саламыз.