Қоғам

Тұрғындардың тазалық мәдениет неге төмен?

Тұрғындардың тазалық мәдениет неге төмен?

Егер біз күл-қоқыс немесе тұтынған тұрмыстық заттарымыздың қалдықтарын кез келген жерге бейберекет лақтырып тастай беретін болсақ, онда саналы түрде қоршаған ортаның бұзылуына жол бергеніміз. Өйткені атмосфераның бұзылуы ауаның тек химиялық-физикалық тұрғыда ластануынан тұрмайтыны белгілі. Ол айналаны таза ұстамау, тазалық тәртібін, мәдениетін сақтамаудың салдарынан да туындайтыны анық. Мұның соңы тіпті айықпас ауру-сырқауға шалдықтыратын экологиялық апатқа алып келуі де мүмкін. Сол үшін де халқымыз әу бастан-ақ қоршаған ортаның таза болуына баса мән берген.

Әрине қоршаған ортаның тазалығына қазір де аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Өкінішке қарай қаншама игі іс қолға алынып жатқанымен, қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай, жинақылықты көре алмай-ақ қойдық. Күз-көктем мезгілінің белгілі бір айларын «Абаттандыру және санитарлық-тазалық» айлығы деп жариялап, облыс бойынша көптеген мекемелер, кәсіпорындар тарапынан сенбіліктер ұйымдастырылып, қалалық, ауылдық жердегі тазалыққа жауапты мекемелер күн сайын көше, аула тазалығын барынша ұстанғанымен қоқыстардың қай жер болса, сол жерде шашылып жатуы әлі де тыйылмай келеді. Бұл тұрғындардың тазалық мәдениетін ұстануды жете сезінбеуінің салдары. Өзіміз де қоқыс төгуге пәтерінен шығып, қолындағысын қоқыс жәшігіне жетпей, алыстан тұрып ата салатындарды талай көргенбіз. Кейбіреулерінің ерінгені соншалық үй ауласындағы кішкене қоқыс жәшігіне қалдық заттарды аузы-мұрнынан шыққанша тықпалап жатады. Бұдан бөлек жеке үй, кәсіпкерлік нысан немесе мекемеге тиесілі күл-қоқысты иелері жүк көлігіне тиеп алып, арнайы белгіленген орынға емес, көзді ала бере қалтарысқа төгіп кететіні тағы бар. Одан қалса табиғат аясында сейіл құрғандар демалған орындарын жинастырып кетпей, айналаның ластануына жол беріп жатады. Облыстық экология департаменті геопортал арқылы ғарыштан бақылау жүргізіп бар-жоғы бір-екі ай ішінде өңірімізде осындай жағдайдан пайда болған 203 нүктені анықтапты. Облыс әкімдігіне кездейсоқ пайда болған қоқыстардың қайда орналасқанын, оны тазарту қажеттігі жөнінде хат жолдап, нәтижесінде бүгінде 137 күл-қоқыс төгілген орын тазартылған. Аталған департамент тазалықты ретке келтіруде толайым тірліктер тындыруда. Мәселен шілде айының соңынан бастап санитарлық-тазалықты сақтау бағытында түрлі акциялар мен рейдтер ұйымдастырыпты. Соның бірі – «World Cleanup day» («Бүкіләлемдік тазалық күні) экологиялық акциясы. Акция ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен өңірімізде бір мезетте өткен. Нәтижесінде «Құмшағал» тұрғын алқабындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апаратын тас жол бойында, Шу және Талас өзендерінің жағалауы мен Меркі шатқалында күл-қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар жинастырылған. Акцияға облыстың мемлекеттік органдары, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен ірі кәсіпорындар қатысқан. Акцияға облыс бойынша 8000-ға жуық адам атсалысқан. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, осы жылдың қазан айынан бастап екі ай абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспарына сай кешенді шаралар қолға алынған. – Әзірге 16 мың 422 тал-дарақ отырғызылды. 1 мың 712 шаршы метр гүлзар мен 2 мың 595 шаршы метр көгал орналастырылды. 614 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазаланды. 1 мың 404 шақырым көше бойлары қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар 398 мың 452 шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы ретке келтірілді. 1 мың 860 тонна кездейсоқ күл-қоқыс шығарылды. Тазалыққа қатысты басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ өңіріміз жаппай тазалықты ұстануға талпынып жатса да, кейбір елді мекендерде қоқыстардың шашылып жату фактісі әлі де бар. Облыс орталығы мен бірқатар аудандарда санитарлық тазалық жұмыстары дұрыс деңгейде жүргізілмей отыр, – дейді Қ.Қорғанбаев. Әрине тұрып жатқан қаласы немесе ауылының көрікті және таза болғанын жұрттың бәрі қалайды. Осы орайда біз халық қазынасынан биыл санитарлық тазалық үшін 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген облыстың бас шаһарында тазалық жұмыстары қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанына назар аудардық. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Жанболат Таңатаров шаһардың «Шөлдала», «Шалғай Қарасу», «Қант» зауыты тұрғын алқаптарын қосқанда барлығы 11 округтен тұратынын, ал округтердің тазалығымен 8 мекеме айналысатынын айтады. Ықшамаудандардағы қоқыс контейнері арқылы күніне 70-80 текше метр тұрмыстық қалдықтар, көше бойы, саябақтарды тазалаумен айналысатын «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күніне 500 текше метр күл-қоқыс шығарады. Одан бөлек күз-көктем мезгіліндегі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық айларында әр апта сайын 60-70 тонна қоқыс шығады. Қаладағы қоқыс жәшіктері күн сайын 4:00 мен 16:00-де күніне екі мәрте тазартылып тұрады екен. Көктемде қала көшелері мен саябақтарға 23 мың 70 түп тал көшеті отырғызылса, күз айында 10 мың көшет егу жоспарланыпты. – Жыл сайын санитарлық-тазалық айлығындағы сенбілікке 5-8 мыңдай адам қатысатын. Биыл әлемдік пандемияға байланысты көп адамның шоғырлануына болмайтындықтан, көктем мезгілінде жаппай сенбілік ұйымдастырылған жоқ. Десе де әр мекеме өз ауласына арнайы сақтық шараларын ұстана отырып, тазалық, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда сенбілікке шығу қайта жанданып, оған «Қазфосфат», «Жамбыл-Жылу», «Жамбыл су» секілді өндірістік кәсіпорындар айтарлықтай үлес қосып отыр. Мәселен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 600-дей адам және қажетті техникасын шығара отырып, Тараз қаласындағы Ниетқалиев көшесінің бойы мен көлік базарына, Жаңа Жамбыл фосфор зауытына баратын жолдарға тазалық жұмыстарын жүргізді. Осы секілді өзге де мекеме, ұйымдар өздеріне тиесілі аумақты тазалауда. Бұдан бөлек «Жасыл ел» еңбек жасақтары, еріктілер, бірді-екілі үкіметтік емес ұйым да өз үлесін қосуда. Жалпы Тараздың тазалығы, оның көркейіп, көгалдануы барлық тұрғындар үшін ортақ міндет. Бірақ қаладағы жеке тұрғын үй секторлары мен кейбір мейрамхана, тойхана секілді жекелеген нысан иелері ғимараты орналасқан ауласының маңын ретке келтіруге арланады. Көбісі өзінің ауласын ғана таза ұстаумен шектеледі. Әсіресе жекелеген тұрғын үй иелері тұрмыстық қалдықтарды да көше бойына үйіп тастайды. Бұл әрекеттерінің дұрыс еместігін тазалыққа қатысы бар тиісті мекемелер және құзырлы орган қызметкерлерінен құрылған комиссия арқылы сан мәрте ескерттік. Олардың кейбіріне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 505-бабы бойынша айыппұл да салынды. Айыппұл көлемі 1 миллион 736 мың теңгені құрап отыр. Алайда тұрғындар тазалыққа ден қоюды әлі де дұрыс түсінбей жүр. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын арнайы аула сыпырушылар тазалағанымен олар бұл іске толық жауапты емес. Көшені де «жасылелдіктер» ретке келтіреді. Осыны көрген кейбіреулер көшені тазалайтын адам бар, олар босқа жалақы алмауы керек деген пиғылмен, ішкен сусынының құтысын көшеге лақтыра салады. Мұның мәдениетсіздік және тазалықшыларға жасалған қиянат екенін қашан түсінетініміз белгісіз, – дейді Жанболат Диханбекұлы. «Жасыл Ел–Тараз» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі директорының көше тазалығы ісі жөніндегі орынбасары Айдын Бейсековтің айтуынша, індет өршіген қиын кезеңде де көктемгі гүлзарлар мен саябақтарды реттеу, абаттандыру, қала көшелерінің тазалығын сақтау жұмыстары бір күнге де тоқтамаған. Олар қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, қала көшелерін, жаяу жүргінші жолдарын және аялдамалар мен саябақтарды дезинфекциялаумен де айналысуда. Жалпы қала тазалығына қатысты шаруаларға 233 штаттағы, 293 шартты, 297 қоғамдық негіздегі жұмысшы жұмылдырылған екен.

Байқап отырсақ, қоршаған ортаның тазалығы үшін талай адамның тері төгіліп, талай мекеме ат салысуда. Бірақ таңертең сыпырылған көше, кешке қайта шашылып жататыны шындық. Бұл түптеп келгенде тұрғындардың тазалық мәдениетінің сын көтермеуінен туындап отыр. Сондықтан жұртшылық өз бетінше апта сайын көпшілікке қосылып сенбілікке қатыспаса да өз ауласын, иелігіндегі нысан маңын таза ұстауға ден қойса нұр үстіне нұр болар еді. Ең болмаса, кез келген жерге қоқыс тастау әдетінен арылса, тазалық туралы мәселе қозғалмас еді.

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ