Қоғам

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Құрметті жамбылдықтар!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Тəуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалар аңсаған бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүрудеміз. Тәуелсіз еліміздің жиырма тоғыз жылда аяғынан тік тұрып, өзгелермен терезесі тең мемлекет ретінде қалыптасуы – Елбасының салиқалы саясаты мен ел азаматтарының жұмыла еңбек етуінің нәтижесі. Тәуелсіздіктің арқасында жоғалтқанымызды жаңғыртып, рухани-мәдени байлығымыз түгенделді. Сан ғасырлық асқақ арман, талай тар жол, тайғақ кешулердің өтемі бізге бақ болып оралды. Қазақстан осы жылдары түрлі дағдарысқа қарсы тұрып, біртұтас мемлекет, еркін ел екендігін көрсете білді. Шекарамыз бекітіліп, Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналып, төл рәміздеріміз төрге озды. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен еліміз осы кезең ішінде толағай табыстарға жете білді десек, оған әулиеаталықтардың да қосқан үлесі орасан. Биылғы жыл мерейлі даталарға толы болды. Айталық, Абай Құнанбаевтың 175, Алтын Орданың 750, әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Жеңістің 75, Конституцияның 25 жылдығы аталып өтті. Бұл атаулы мерекелер тарихтан тағылым беріп, рухани жан-дүниемізді бір серпілткені анық. Сондай-ақ ағымдағы жыл барша әлем елдері секілді, еліміз үшін де оңай тиген жоқ. Коронавирус пандемиясымен Қазақстан лайықты түрде күресіп келеді. Бұл сынақ та еңсеріліп, артта қаларына сенеміз. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу», деп атап өткен болатын. Осы орайда әрбіріміз егемен еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, жаңару мен жаңғыру жолында өз үлесімізді қоса білуіміз – маңызды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз.

 

Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі, Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы