Қоғам

Түз тағысын ату да теңгеге қарайды

Түз тағысын ату да теңгеге қарайды

Қыс қыр астында. Дәл қазір шаруалар төрт түліктің қыстық азығын дайындап, жанталасып жатқан кез. Алайда алғашқы қар түсісімен ашынған түз тағылары қораға кіріп, бес-он тұяғыңды қырып кететін кездер жиі орын алады. Бұған дейін малшылар Үкімет қыс айларында азын-аулақ болса да тендермен қасқыр атып, қорған болады деп үміттенетін. Алайда биыл қасқыр атуға бір тиын да бөлінбепті.

Негізі бұл мәселенің ұшы өткен жылы шыға бастаған. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы былтыр ит-құс атуға 4 миллион 380 мың теңгеге өтінім бергенімен, аталған қаржы бұл бағытқа толықтай бағытталмауы мүмкін екенін ашып айтқан. Сөзбе-сөз келтірсек, «2019 жылға 4 миллион теңгеден аса қаржы бөлінеді деп күтілуде. Оған 365 түз тағысының көзін жою жоспарланған. Бірақ, бұл қаржы толықтай сол мақсатта жұмсала ма, ол жағы белгісіз. Себебі 2018 жылы бөлінген 5 миллион теңгеге 420 қасқыр ату көзделгенімен, тек 140-ы атылды. Жоғарыдан келген бұйрық солай болып, игерілмеген ақша басқа мақсатта жұмсалды. Енді биылға қаралып отырған 4 миллион теңгенің қаншасы қасқыр атуға жұмсалатыны анық болмай тұр», деген еді сол кездегі облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің сол кездегі басшысы Сапарбек Сыдықов. Ал жылда тендер жеңімпазы атанатын «Қасқырбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл өткен сайын өңірдегі көкжалдар саны азайып келе жатқандығы туралы ақпарат берген. Сондықтан былтырғы жылға белгіленген қаржыға қорықшыларға мылтық, дүрбі секілді қажетті құрал-жабдықтар алынады деп жоспарланған еді. Бұны облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков те жасырмаған болатын. Десе де басқарма басшысы бір ай бұрын биыл қасқыр атуға қаржы қаралады деген ақпар берген. Алайда осы аптада басқарманың баспасөз қызметіне хабарласқанымызда ондағылар биылға қаржы қаралмайтындығын жеткізді. Жалпы бұған дейін үлкен қасқырдың құны 12 мың теңге, аналық қасқырға 19 мың 400, бөлтірігіне 600, ал шибөрінің құны 480 теңге деп бекітіліп келген. Және қасқыр аулаған мердігер оны терісімен қоса аудандарда құрылған арнайы комиссияға өткізуі тиіс болатын. Яғни көзін жойған қасқырдың санына қарай ақшасын алатын. Әйтеуір былтырғы жылдан бастап бұл жүйе жүрісінен жаңылған секілді. Болмаса, шындығында қасқыр саны азайып кеткен. Ал шаруалардың сөзіне сүйенсек, қасқырдың саны азаймаған секілді. Мәселен Мойынқұм ауданының тұрғыны Ерлан Құдабаевтың қорасына биыл қасқыр түсіп үлгеріпті. – Ауданымыздың көп бөлігін жазық дала алып жатқандықтан, сәл қар жауса болғаны аязды боран басталады. Бұл кезде мал түгілі жайылымда адам адасады. Сондықтан боранды күндері төрт түлігімізді қорада ұстауға тырысамыз. Алайда ашыққан қасқырлар адамнан да, басқаңнан да қорықпай қораңа түсіп, түлігіңді тартып кетіп жатады. Әрине қолдан келгенше қақпан қойып, қаруымызды сайлап отырамыз. Бірақ халық қалың ұйқыда жатқанда қораңа түсетін ит-құсты байқамай қаласың. Содан еңбегің еш кетіп, түлігің қасқырдың жемі болып жатады. Өткенде ғана сәл күн суытып, қар ұшқындап еді түнде қорамнан бір қойымды қасқыр тартып кетті. Алдыңғы жылдары тендермен орман қорындағы қасқырлар болса да атылушы еді, биыл ол да болмайтынын естіп жатырмыз. Ең болмаса орман қорынан шыққан мылтық үні қасқырларды әжептеуір үркітетін. Енді биылғы қыста өзімізге амалдауға тура келіп тұр, – дейді шаруа. Әрине төлінен өсірген төрт түлікті ішпей-жемей қасқырға жем қылу ешкімге оңай соқпайды. Ал жыл басында орын алған оқиға тіпті төбе шашыңды тік тұрғызады. Қаңтар айында Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылының тұрғыны Ақтөре Әбдебайдың бір түнде 206 қойын қасқырлар қырып кеткен еді. Малынан айырылған шаруа жыртқышпен күресу мүлде мүмкін емес екенін, ал өздігінен оларды атуға тыйым салынғанын айтқан. Тіпті қолында бар мылтығын жергілікті полиция қызметкері тәркілеп алып кетіпті. Осылайша шаруа 20 жыл бойы жинаған малынан бір-ақ түнде айырылып қалған еді. Осыдан кейін облыста қасқыр азайды дегенге қалай сенесің? Және бір шаруа 200 бас малынан айырылып жатқанда, түз тағысын атуға қаржыны тоқтатып қою да түсініксіз.

Естеріңізде болса, осыдан он жыл бұрын Үкімет әр ауланған қасқырдың басына 2000-5000 теңге аралығында сыйақы тағайындаған. Сол сәтте ауыл аңшылары ешбір мердігер мен тендерсіз-ақ өз қорасын да, орман алқабын да жыртқыштардан қорғап қалған еді. Бәлкім осы жүйені қайта жандандыру керек шығар. Себебі бір ғана аналық қасқырға 20000 теңге төлеп мердігерге атқызғанша, 2000 теңге сыйақы беріп, ауыл аңшыларының қолымен жыртқыштың көзін жойған тиімді емес пе? Бұны зер салып, зерделеуді жауапты мекеме­лер­дің еншісіне қалдырдық.

 

Саян ТІЛЕУЖАН