Қоғам

Таразда оңалту орталығы ашылды

Таразда оңалту орталығы ашылды

Елордада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ" онлайн-форумы өтті. Форум барысында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған сегіз оңалту орталығының ресми ашылу салтанаты өтті.  Оның бірі – Жамбыл облысында орналасқан.

Аталған оңалту орталықтары Тұңғыш Президенттің "Қамқорлық" бастамасы аясында іске қосылды десек, ол Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ашылды.

Орталық лентасын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен осында ем алып жатқан 13 жасар Даниил Зонов қиды.

Аймақ басшысы барлық кабинеттерді аралап, орталықтың жұмысына жоғары баға берді. Қазіргі уақытта онда 57 бала оңалту курстарынан өтуде.

 Орталықта аяқты қозғалтуға үйрететін швейцариялық "Lokomat" тренажері бар.

Ауруханада аудандардан келетін балаларға арналып 120 төсек-орын дайындалған.

Форум барысында Бердібек Сапарбаев "Елбасы медальдары" жобасының қатысушыларына марапаттар табыстады. Бұл жастардың кешенді дамуына бағытталған жалғыз ұлттық деңгейдегі бағдарлама. Жоба спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен  жаяу серуендеу, еңбек тәжірибесі секілді 7 негізгі бағыттан тұрады. Қатысушылардың барлығы – 14 пен 29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар.

Жамбылдық оқушылар арасында төрт оқушы медальға ие болды. Атап айтсақ, Меркі ауданы Гранитогорск ауылындағы №8 орта мектептің оқушысы Диана Бақтиярова, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Сәния Қайнарқызы, дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернатының оқушысы Әсемай Қауас, Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Гүлзат Сауран жүлдегер атанды.

Ауыл мектептері оқушыларының дарыны мен қабілетін дамытуға және қолдауға жағдай жасауға бағытталған ауылдық балалар арасындағы «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары да өз сыйлықтарына қол жеткізді. Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Гүлбина Байшахан, Байзақ ауданы Көкбастау ауылындағы Амангелді атындағы орта мектептің оқушысы Ерасыл Тілеу ең үздік деп танылды.