Тараздың төңірегі күл-қоқысқа толып барады
Қазір қайда қарасаңыз да кездейсоқ тасталған күл-қоқыстан көз ала алмайсыз. Әсіресе, қаланың айналасы тұрмыстық заттар мен құрылыс қалдықтарына толып бара жатқан сияқты. Мұны облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бастаған жұмыс тобымен кездейсоқ тасталған күл-қоқыс алаңдарын жою бойынша шықан іс-сапарымызда байқадық.
Қала айналасындағы күл-қоқысты жою бүгінгі күннің басты талабы. Ол бойынша шаһар басшылығына тапсырма берілген. Өңір басшысының орынбасары осы тапсырманың қалай орындалып жатқанын көру үшін қаланың шетіндегі Шаңырақ шағын ауданында болды. Онда сай жағалай тасталған құрылыс қалдықтары мен шағын ауданнан шығарылған күл-қоқыс біраз аумақты алып жатыр. Әкімдік мұнда арнайы техника бөліп, күл-қоқысты сайға қарай сырып, бетін тегістеуде. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев «Бүгін тазалап кетсең, ертең қайтадан шағын аудан тұрғындары күл-қоқысын сүйреп әкеліп осында тастап жатады. Қала ортасынан құрылыс қалдықтарын осында әкеліп төгетін ауыр жүк көліктері де жоқ емес. Біз бәрін бірден бақылай алмаймыз. «Жасыл ел Тараз» ЖШС көмегімен осындай кездейсоқ күл қоқыс алаңдарын жоюдамыз. Техникамыз жетпесе қалада құрылыс жасап жатқан мердігерлерден көмек сұрап, бар күшімізді жұмылдыру үстіндеміз», деді.
- Негізі құрылыс қалдықтарын арнайы полигонға шығару керек еді. Сонымен бірге бұл араға күл-қоқыс тастауға болмайтын тақтайша орнатып, шағын аудан тұрғындарына ескерту жасау керек. Қажет болса учаскелік полиция инспекторларын осында тартып, құрылыс қалдықтарын әкеліп тастайтын жүк көліктеріне айыппұл салуды қарастырыңдар, - деді Берік Нығмашев.
Сондай-ақ осы шағын ауданның батыс жағында да қараусыз қалған кездейсоқ қоқыс алаңы бар екен. Біраз жыл бұрын біреулер бір бұрышынан топырақ алса керек. Футбол алаңындай аумақта жүздеген ор үңірейіп жатыр. Ол жерге тасталған күл-қоқыс та біраз жерге созылыпты. Одан жел ұшырған полиэтилин қалта мен қағаздар төңіректі тұтастай басып кеткен. «Жасыл ел Тараз» ЖШС бас инженері Талғат Торғаев бұл араны ай сайын жұмысшыларымен келіп тазалап отырғанын айтты. Қанша тазаласа да бір ай болмай осылай қайта шашылып жатады екен. Шағын аудан тұрғындарына қанша ескерткенімен нәтиже шықпаған. Ал өздері оларға айыппұл да сала алмайтынын айтып қалды. Нығмашев бұл жерді де ретке келтіріп, шұқанақтарды күл-қоқыспен тегістеп, жауып тастауды тапсырды.
Келесі кезекте Ниетқалиев көшесінің аяқ жағында кездейсоқ тасталған құрылыс қалдықтары жатқан орынға келдік. Көше жақ бетін темір қалбырмен қоршап қойған жеке сектордағы құрылыс қалдығын біздің алдымызда ғана трактормен сырып, тегістеп тастапты. Бірақ оның арғы жағында атшаптырым аумақты алып жатқан құрылыс қалдықтары тау-тау болып үйіліп жатыр. Оның көптігі сонша, бұл араны тазалау да қала басшылығына оңай болмайтын сияқты.
Бұдан кейін Төрткөл шағын ауданында болдық. Мұнда да сондай жағдай. Көше жағалай ұзыннан ұзақ созылып жатқан құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық заттардың үстінен түстік. Күл-қоқыстың көптігі соншалық, ондағы шұқанақтардың орны (бұрын сай болса керек) бітелуге таяпты. Бұл жерді тегістеп, күл-қоқысты жою үшін үш күн керектігін айтты қала әкімінің орынбасары.
- Біздің басты міндетіміз қала болсын, аудан болсын кездейсоқ тасталған қоқыс алаңдарын жою. Халыққа арнайы күл-қоқыс тастайтын полигондардың барын айтып, кез келген жерге қоқыс тастауға жол бермеу. Ғарыштан түсірілген суреттерде қала аумағында 168 кездейсоқ тасталған күл-қоқыс алаңы анықталып отыр. Оның 88-і жойылды. 98-і қаланың ішінде болатын. Бүгінге 70 орын қалып отыр. Бұл бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тазалау жұмыстарын аудан мен қалада 3 тамызға дейін аяқтауымыз керек, - деген облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев, барлық анықталған жерлерге ескертпе тақталар орнатып, мұндай алаңдарды тездетіп жоюды қала билігіне тапсырды.
Марат Құлибаев
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
200 бетперде, 300 үнпарақ таратты
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024
Қоғам
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024