Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын
Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дейді әл-Фараби бабамыз. Расында бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында қылмыс саны азайғанымен, өрендердің қолымен жасалатын ауыр қылмыстың деңгейі төмендер емес. Оған қоса мектеп оқушылары арасында тәрбиеге қатысты мәселелер әлі де көп. Осы ретте облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жаңа оқу жылының басында келер жылды өңірде жасөспірімдердің тәрбиесіне арнау туралы ұсынысқа мән берген еді. Біз де бұл ұсынысты жан-жақты зерделеп көрген едік.
Алдымен 2020 жылдың тамыз айында облыстағы полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бағытындағы атқарылған шаралардың нәтижесін тілге тиек етсек. Аталған уақытта полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кәмелетке толмаған 5627 жасөспірім жеткізіліпті. 318 жасөспірім және 244 қолайсыз отбасы есепке алынса, оларда 446 кәмелетке толмаған жасөспірім тұрады екен. Құқықбұзушылықты бірнеше рет жасағаны үшін девиантты мінез-құлықты және ерекше режимде ұстайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке 16 жасөспірім орналастырылып, 47 ата-ана немесе оларды алмастыратын адамдар ата-ана құқығынан айырылған. Полицияның есебінде барлығы 257 жасөспірім тұр екен. Рейдтік шаралар барысында 5454 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық дерегімен тіркелсе, оның ішінде спирттік ішімдік пайдаланғаны үшін 45, бұзақылық жасағаны үшін 44, оқудан жалтарғаны, қаңғыбастығы үшін 143 кәмелетке толмаған жасөспірім, түнгі уақытта қадағалаусыз жүргені үшін 2999 жасөспірім анықталған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына барлығы 152 жасөспірім орналастырылған. Нөлдік төзімділік бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабымен 88 тұлға, 1 жасөспірімге қатысты ескерту жасалып, 50 адамға қатысты 1 миллион 137 мың 898 теңге сомасына айыппұл салынса, сотқа 35 материал жолданыпты. 2 материал сотпен тоқтатылып, аталған Кодекстің 132-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 46 мекеменің иесі мен әкімшілеріне қатысты барлығы 810 мың 135 теңге сомасында айыппұл салынған. Және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 442-бабының 1-бөлігі бойынша балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 63 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 ата-анаға ескерту жасалса, 61-іне 281 мың 838 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жалпы осы секілді жастар мәселесіне қатысты жаға ұстатарлық деректер жетерлік. Дейтұрғанмен құқықбұзушылықтың алдын алуға жауапты мамандар жасөспірімдердің арасында қылмыстың азайғанын алға тартуда. Десек те түбегейлі тосқауыл жоқ.
Яғни біз келтіріп отырған деректер жасөспірімдердің арасында әлі күнге құқықбұзушылық фактілерінің түбегейлі жойылмағанын растап отыр. Осы ретте Абайдың «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген өсиеті еріксіз еске оралады. Әрине қылмыс орын алса, айыппұл салып, балауса ғұмырға балта шабу оңай. Сондықтан мұндай жағдайда өзекті мәселенің түп тамырын тап басу қиын, дегенмен қажет-ақ. Ата-аналар тарапынан да жасөспірімдерге бақылау болуы керек.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Осынау ортақ мәселе төңірегіне ата-ана, мұғалім, мектеп психологы мен ювеналды полиция инспекторы топтасып, олқылықтың алдын алуды қажет етіп отырғаны да жасырын емес. Бұл ретте біз білім саласы мамандарының да ойын білдік.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ұшқан құстың қанаты талатын ұлан ғайыр Ұлы даланы мекен еткен ұлтымыздың бүгінгі ұрпағына да құндылықтардың уызы жетіспей тұрған сияқты. Шындығында баласы кешқұрым үйіне келмесе, уақытылы іздемейтін ата-аналар да баршылық. Олай болмаса жоғарыдағы көрсеткіштер көктен түсіп отырған жоқ қой. Сондықтан жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі – ортақ жауапкершілік.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ