жұма, 22 қараша, 2024 20:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өткелден өту қауіпті

Өткелден өту қауіпті
ашық дереккөзі
Өткелден өту қауіпті

Облыс орталығы Төле би көшесі жаяу жүргіншілер көп жүретін көше болғандықтан бұл жерде көлік кептелістері жиі болып, қоғамдық көліктер мен жүргізушілерге ыңғайсыздық тудырып келген болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2016 жылы көшенің екі жағын жалғайтын құны 30 миллион тұратын жерүсті өткелінің құрылысы қолға алынып, келер жылы көпшіліктің пайдалануына берілген еді. Бірақ сол өткелге тараздықтардың өпкесі бар. Себебі қар мен судан қорған болсын деп арнайы доға іспетті жабылған жабындысы сынып, жан-жағы ашық-шашық тұрғанына бірнеше ай болған. Аталған көпір арқылы мектепке қатынайтын оқушылардың ата-аналары ойын балалары үшін қауіпті екенін айтып редакциямызға шағымданып отыр.

Сол маңда тұратын қала тұрғыны Мөлдір Әбілқасымованың баласы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясына жерүсті өткелі арқылы күнде мектепке барады екен. – Ұлым кезекші сыныпта оқиды. Кейде мектепке өзім жеткіземін. Бірақ мына жолүсті өткелі қабырғасы мен шатырының бір бұрышының қирап тұрғаны мені қатты мазалайды. Қазір күн суық, көпір іші мұз, оқушылар жазатайым тайып кетсе, болмаса ойын балалары ғой, бір-бірін итеріп жіберсе не болмақ?! Балалар емес, өзім де бұл жерден өтуге қорқамын, – дейді Мөлдір Болатханқызы. Сол аймақтың тағы бір тұрғыны Қаракөз Құрманбекова да көршісінің шағымын қоштап отыр. Шатыры опырылған көпірдің көзге де қораш көрінетінін, сынғанына біраз болғанымен оның әлі қалпына келтірілмегеніне қапалы. – Осы уақытқа дейін балаларым мектепке өздері барып келетін. Мына сынықты көрген соң, өзім таситын болдым. Өту былай тұрсын, сыртынан қарағанның өзі қорқынышты, – дейді ол. Бүгінде қаладағы 2 жерүсті өткелі Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қарамағында. Ондағылар өткелді күрделі жөндеуден өткізу үшін әжептәуір қаражат қажет деп отыр. Түсінгеніміз, берілген ұсыныс алдымен қалалық мәслихаттың сессиясында қаралған соң ғана көпірдің жөнделу тағдыры шешілмек. Қысқасы, оның қашан қауіпсіз күйге келтірілетіні әл-әзір белгісіз. – Ол көпірді өзіміз де байқап отырмыз. Бірақ бюджеттен оны жөндеп, жамауға ақша бөлінбесе, өз айлығымыздан жөндеп бере алмаймыз. Көпірді жөндеу жөніндегі ұсынысымыз ақпан айында болатын сессияда қаралады. Қаржы бөлінсе жөнделеді. Жалпы, алдағы уақытта сол төбесіндегі жабындысын Алматыдағыдай мүлде алып тастайтын шығармыз. Себебі қазіргі материал күнге де шыдамай сына береді. Есесіне қоршайтын темірлерін көбейтеміз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Дамир Айманов. Көпшіліктің пайдалануындағы өткел мұнтаздай деуге келмес. Қабырғалары лас, түрлі балағат сөздер жазылып тасталған, дегенмен оқушылар мен сол аймақтың тұрғындарының ары-бері өтуіне жарап-ақ тұр. Ал жауапты бөлім мамандары балалардың бұл бұзақы әрекетіне тыйым болмай тұрғанын айтуда. Қысқасы аспалы өткел жұрттың жүріп тұруына ыңғайы болмаса, төбесі тесіліп, қажетке жарамаса, оны ешкім ретке келтірмесе, салынған өткелден не пайда?!

Айжан Өзбекова

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар