Қоғам

«VISIT TARAZ» трендте

«VISIT TARAZ» трендте

Тасын түртсең топырағы мыңжылдық тарихтан сыр шертетін Әулиеата өңірінің туристік әлеуеті жайында жиі жазылып та, айтылып жүр. Әйтсе де көне тарихы мен көрікті келбеті де туристерді магнитше тартуы керек өлкеге сырттан саяхаттап келетіндер некен-саяқ. Оның бір себебін мамандар интернет кеңістігінде облыстың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени орындары жайында сапалы контенттің жоқтығымен байланыстырып жатады.

Туризм нарығындағы сұраныстан шет қалудағы осы бір олқылығымыздың орнын толықтыруға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ақпарат және медиакоммуникация орталығының мамандары қолдан келгенінше әрекет жасап жүр. Олар дайындаған «VISIT TARAZ» бағдарламасы аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Жамбыл өңірінің туристік әлеуетін көпшілікке танытуды мақсат еткен жобаның идеясын орталық директоры Гүлмира Амалбекова ұсыныпты.

Көпшілік «VISIT TARAZ» жобасы аясында түсірілген бағдарламаларды «You Tube» видеохостингіндегі «Dulaty University» арнасы немесе «Instagram» әлеуметтік желісіндегі tarmu_official, visit_taraz парақшалары арқылы тамашалай алады. Сондай-ақ 15 қазаннан бастап бағдарлама жергілікті «Jambyl» телеарнасы арқылы жұртшылыққа жол тартты. Жоба жетекшілері алдағы уақытта ұлттық дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптейтін бағдарламаларды түсіру жоспарланғанын айтады. Саятшылық, қолөнер сынды тақырыптарға арналған бағдарламаларға жергілікті жерде бүркіт баптап, саятшылықты кәсіп еткен азаматтар кейіпкер бола алады. Әлі күнге дейін текемет басып, ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырмаған жандардың өнегесін өзгеге үлгі етеді.

Әлемдік тәжірибеде туризмді табысты етудегі жарнаманың мүмкіндігі әлдеқашан мойындалған. Сондықтан облыстағы туристік кластердің түтінін түзу ұшыруды ғаламтордағы сапалы контенттен бастауды құп көрген ұжымның жасампаз жобасы жоғары бағалауға тұрарлық.

«VISIT TARAZ» жобасы аясында түсірілген бағдарламаларды «You Tube» видеохостингіндегі «Dulaty University» арнасы немесе «Instagram» әлеуметтік желісіндегі tarmu_official, visit_taraz парақшалары арқылы тамашалауға болады.

  Шынболат КҮЗЕКБАЕВ