сенбі, 23 қараша, 2024 8:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жұмысқа орналасудың тиімді жолы

Жұмысқа орналасудың тиімді жолы
ашық дереккөзі
Жұмысқа орналасудың тиімді жолы

Өңір жастарының жұмыспен қамтылуына сеп болып тұрған бірегей бағдарламаның бірі – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Әсіресе жас мамандардың еңбекке тартылып, ұжымдық ортаға бейімделіп, тәжірибе жинақтауына аталған бағдарлама аясындағы «Жастар тәжірибесі» үлкен ықпалын тигізуде.

«Жастар тәжірибесі» Жамбыл ауданында жүйелі жүзеге асырылып, жыл басынан бері 240-қа жуық жас бағдарлама арқылы жұмысқа тартылған. – Бүгінде жұмыс берушілердің оқу орнын енді ғана бітіріп, қолына дипломын жаңадан алған жастардан гөрі, тәжірибелі, еңбек өтілі бар мамандарды жұмысқа алуға тырысатыны белгілі. Ал «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жоғарғы және арнаулы орта білімі бар жас түлектерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бір түрі. Бағдарламаның арқасында ауданда бірнеше жылдан бері көптеген жас тек тәжірибеден өтіп қана қоймай, өзі таңдаған мамандығының иесі атанып келеді. Мәселен былтыр аудан бойынша 340 жас маман «Жастар тәжірибесінен» өтсе, биыл тәжірибеден өтіп жатқан 237 жастың 10-ы тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Бұл негізінен салада тәжірибесі жоқ жас түлектердің 6 ай мерзім ішінде өз мамандығы бойынша кәсіби тәжірибе алуына, өзінің мүмкіндіктерін көрсетуіне, мемлекеттен қаржылық қолдау алуына ықпал етіп отыр. Ең басты тиімділігі жұмыс таппай жүрген жастарға материалдық жағдай жасаумен қатар, моральдық тұрғыдан да көмек көрсетілуі, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Маханбет Рахымжанов. «Жастар тәжірибесінен» өтіп жүрген жамбылдық жас маманның бірі – Жамбыл ауылдық округі Шайқорық ауылының тұрғыны Рахым Айдарбеков. Жас маман халыққа қызмет етудің зор жауапкершілік екенін бастан өткеріп жатқанын айтады. – 2016 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика және бизнес факультетіне оқуға түстім. Биыл шілде айының соңында «Қаржыгер» мамандығы бойынша қолыма дипломымды алдым. Көкейімде қуанышпен қатар толқыныс та болғанын жасыра алмаймын. Өйткені көп жағдайда оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар жұмыс таппай, ақыр соңында басқа салаларға кетіп жататынын білетінмін. Әйтсе де мен диплом алғаннан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Онда маған мамандар осы бағдарлама жайында толығырақ ақпарат берді. «Сабақты ине сәтімен» демекші, өзімнің туған ауылымдағы ауылдық округ әкімдігі аппаратында тәжірибеден өту бақыты бұйырды. Қазіргі таңда азаматтарды әскери есепке алу, көшіп келгендер мен қоныс аударғандардың есеп-қисабын жасау, мәліметтерді базаға енгізу секілді басқа да құжаттарды толтыру бойынша ұжымыма қолғабыс етіп жүрмін. Негізінен жұмысқа жаңадан орналасқан жас маман бейтаныс ортаға бірден үйренісе алмайтыны белгілі. Дегенмен мұндағы мамандардың дені өз ауылымнан, аға-әпкемдей көретін азаматтар болғандықтан, ұжымға бойым тез үйренді. Қойылған талаптар мен жүктелген міндет үдесінен шығу мақсатында іске бел шеше кірісіп, бірден қарқын алып кетпесек те, тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйреніп жатырмын. Мемлекеттік қызметтің қандай болатынын, халықпен қалай жұмыс жасау керектігін де меңгере бастадық. Жамбыл ауылдық округ әкімі Бақыт Садырбаев жұмысты ынталы атқарып, көптің көзіне түсіп жатсам болашақта осында қалдыратынын айтты. Жергілікті атқарушы органдардың кәсібилігі мен ашықтығы талап етіліп отырған уақытта кез келген қызметкерге артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Егер осы мекемеден маған жұмыс табылып жатса бұл біз секілді жастар үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Рақым Жақыпұлы. Біздің айтпағымыз – «Жастар тәжірибесі» өзіне қандай мүмкіндіктер бергенін сезіне алған Рахым секілді жанып тұрған жастардың болашаққа деген сенімі сөнбеуі тиіс. Егер маман ретінде өз қарым-қабілетін айқын байқата алса, болашақта басқа ұжымнан болса да бір жұмыс табылар. Бастысы ел ертеңі саналатын ұлт ұрпағының тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі атануына жағдай жасап отырған бұл бағдарламаның жастарға берері мол. Өйткені өз кәсібінің қыр-сырын меңгергендер үшін әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасуға да мол мүмкіндік бар.

Нұрым Сырғабаев

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар