Жаңа оқу жылында оқушылар мектеп формасын киюге міндетті ме
Жаңа оқу жылында оқушылар мектеп формасын киюге міндетті ме
Еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында биыл оқушыларға міндетті мектеп формасын кию талабы қойылмайтынын хабарлады. Асхат Аймағамбетов пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болғанын еске салды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып, оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылданды. "Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық", - деді министр. Осы ретте Аймағамбетов бұл шешімнің эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қабылданғанын хабарлады. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. "Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады", - деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.