сейсенбі, 31 желтоқсан, 2024 4:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңарған, жасарған Сарыкемер

Жаңарған, жасарған Сарыкемер
ашық дереккөзі
Жаңарған, жасарған Сарыкемер

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев  «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бүгінде мемлекеттік және салалық бағдарламалардың шапағатын көріп отырған елдімекеннің бірі әрі бірегейі – аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылдық округі. 

Осындай бағыттағы нақты белгіленген мақсаттарға назар салсақ - ауылдағы әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың заманауи өмір сапасының стандарттарына сай етуге берілген мүмкіндіктерді іске асыру. Осы орайда, ауылдық округ аумағында үстіміздегі жылы ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны баршаңызға аян.

Он алты мыңнан астам тұрғыны бар Сарыкемер ауылында бірқатар жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер  «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында қолға алынып отыр.  Соның ең негізгісі – ауыз су мен ағын су мәселесі.

Бүгінгі таңда, елдімекенге су желілерін тартып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған шаралар қарқынды  түрде  жүргізілуде. Сарыкемер ауылының  ауыз су жүйесін дамыту бағыты бойынша құны 3 миллиард 402 миллион теңгені құрайтын жоба іске асырылуда. Өткен жылы 456 миллион теңге қаражат игерілсе, биылғы жылдың еншісіне 1 миллиард 666 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге мердігер «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоспарланған 54 көшенің 42 көшесіне ауыз су жүйесін тартып үлгерді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы басты әрі күрделі мақсат  –  серверлік құдықтан тұрғын үйге қарай су бұру жүйелері тұрғындардың қатысуымен нәтижелі атқарылып жүзеге асырылуда. Айта кететін жағдай, үш жылға қарастырылған "Сарыкемер ауылына су имараттары мен су бұру жүйесін орнату" жобасының аяқталу мерзімі 2021 жылға жоспарланған. Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Сондықтан да, әлеуметтік маңызы жоғары, сапалы таза ауыз сумен округке қарасты 2 758 ауланың тұрғындарын толығымен қамтамасыз ету болашақтың еншісінен күтілуде.

Сонымен қатар, аудан орталығының Талас өзенінің жанында орналасуына қарамастан, ауыл тұрғындарының соңғы жылдары ағын суға мұқтаж болып келгені жасырын емес.  Өткен жылы қолға алынған бастама биылғы жылы жалғасын тауып, «Бәйдібек баба» көшесінен басталып,  «Жамбыл», «Байзақ батыр»  көшелерімен 7 шақырым қашықтыққа арық тарту жұмыстары жүргізілуде. Күрмеуі қиын күрделі мәселе оң шешімін тауып, нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықпен бірге орталық көшенің бойындағы жасыл желектер мен көгалдар, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің жанындағы аллея, Ақәділ Суханбаев атындағы саябақ пен гүлзарларды суару мәселелері шешімін тапқалы отыр. Жалпы құны 139 миллион 189 мың теңге тұратын жобаны «Жолғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Ауылішілік арықтар тарту жұмыстары қыркүйек айының басында  аяқталмақ. Мұндай жұмыстарды Д.Қонаев көшесіне де жүргізу жоспарлануда.

Сапалы жол - қауіпсіздік кепілі саналатынын белгілі. Ауылдық округ аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына байланысты қолайсыздықтар туындағаны анық. Тұрғындар күн ыстықта шаң болды, ылғалды кезеңде батпақ болды деп шағымдануда. Дегенмен, құрылыс жұмыстары аяқталған көшелер бойынша негізгі мердігер «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс қарқынын еселей отырып, Сарыкемер ауылының көшелерін 8 комплекске топтап, орта жөндеуден өткізуді бастады. Таза ауыз су құбырының жүргізілуіне орай, кешендерге біріктірілген алқаптар қатарындағы «К.Орынқұлов» көшесінің 1,2,3,4,5,6 бұрылыстары және орта жөндеуден өтпеген «Төле би», «Ж.Дидарбекұлы», «Ә.Молдағұлова», «М.Әуезов», «М.Әуезов бұрылысы», «Б.Момышұлы», «Наурыз», «Райымбек батыр», «Солодкин», «Бұралхиев», «Сейдуалиев», «Абай», «М.Мәметова», «Ж.Мәдімарұлы», «Сапаралиев», «Қ.Сүлейменов» көшелерімен қоса «Қосы батыр», «Бәйдібек баба», «Д.Қонаев», «Сыпатай батыр» көшелерінің кезінде қалып кеткен бөліктеріне жалпы жол жөндеу жұмыстарына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қарастырылған 338 миллион 844 мың теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен бөлінген 84 миллион 889 мың теңге қаражат игерілетін болады. Қазір отандық өнімдерді пайдалану, оның ішкі нарықтағы жағдайды жақсартуға тигізетін ықпалы жоғары болып отыр. Ауданда жолға төселетін асфальт «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында шығарылады. Зауыт тәулігіне 1 100 текше метр асфальт өндіру мүмкіндігі бар. Бір шақырым жолға асфальттің өзіндік құны 12 миллион теңге шамасында. Өнім өндіруде технологиялық талаптар қатаң сақталады. Орта жөндеу жұмыстарын қазан  айында аяқтау жоспарланған. Алайда, жолдарға асфальт жамылғысын мерзімінде төсеу жеке үй иелерінің серверлік құдықтан тұрғын үйге қарай су бұру жүйелерін өткізуіне тікелей байланысты екенін тұрғындардың назарына тағы да жеткізіледі.

Аудан орталығында ауқымды жұмыстар жүргізу өз кезегінде жұмыссыздықты жоюға да өзінің игі әсерін тигізіп отыр. Нақты айтар болсақ, жергілікті тұрғындардың жұмысқа қабылдануы да қарастырылған. Ол еңбек нарығындағы күрделі мәселені шешуге елеулі оң ықпал етуде.

Сарыкемер  ауылдық округінде ағымдағы жылы мамыр айында басталған Жамбыл облысы бойынша жұмыспен қамту жол картасының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына жұмыссыз азаматтар аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алып, ең кем дегенде 85 000 теңге жалақымен жұмысқа тартылды. Атап айтқанда, Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарының жеңімпазы «KazConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (жобаның жалпы сомасы 15 миллион 600 мың теңге), орталық арқылы 4 адамды, Сарыкемер ауылдық округінің әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер "Жігер-2004" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (жобаның жалпы сомасы 44 миллион 143 мың теңге), 10 адамды қамтыса, аудан әкімдігі мемлекеттік архивінің аумағын абаттандыру жұмысы бойынша "BBR GROUP" ЖСШ-іне (жобаның жалпы сомасы 3 миллион 870 мың теңге) орталық арқылы 3 азамат жолданды. Сарыкемер ауылының арық жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмысы бойынша жеңімпаз атанған мердігер "Жолғай" ЖШС-і (жобаның  жалпы сомасы 139 миллион 188 мың теңге), орталық арқылы 23 адамды, ауылдық округтегі "Новомихайловский" каналының ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұтып алған жеңімпаз "L-ВитаТемп Строй" ЖШС-і, (жобаның жалпы сомасы 53 миллион 338 мың теңге), 10 азаматты жұмыспен қамтыды. Абаттандыру жұмыстарына мердігер «KazConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (жобаның жалпы сомасы 44 миллион 378 мың теңге), "ГУЕСТ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (жобаның жалпы сомасы 29 миллион 500 мың теңге), "Каз-Глав-Инвест" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (жобаның жалпы сомасы 42 миллион 996 мың теңге), халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 22 жұмыссыз жолдама алды.

Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде орталық алаңымыз, саябағымыз танымастай жаңа кейіпке енді. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп 6 000-ға жуық шаршы метрге тас жолдар төселді, 3 000-ға жуық шаршы метрге көгалдар орналастырылды. Арша, ақ қайың, сәндік ағаштар отырғызылып, суару жүйесі іске қосылды. Ел игілігіне 100 дана жарық шамдары, 67 дана орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Үш жерден субұрқақ салынуда. Телеком, пошта торабының алдына келушілерге жағдайлар жасалып, орталық алаңдағы сахна маңы, аудандық партия филиалының ғимаратының аумақтары қайта жаңғыртудан өткізіліп, ауыл орталығы сәні мен сәулеті келіскен халықтың серуендейтін сүйікті орнына айналғаны сөзсіз.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратына аудан әкімінің тапсырмасымен жөндеу жұмыстары жүргізіліп "сервистік әкімдік" қызметі жүзеге асырылды. Онда аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлімдер және «Байзақ – адалдық алаңы» кеңсесі орналасты. Іске қосылған жоба мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерге шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналғандығымен құнды екеніне, яғни, атқарушы билік өкілдерінің тұрғындармен бетпе-бет отырып кедергісіз жұмыс жасауға болатынына көз жеткізіліп отыр.

Аудандық тарихи-өлкетану музейі де заман талабына сай сипатқа ие болды. Атап айтқанда, музей алдындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш орны ауыстырылып, қайта жаңғыртылды. Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың әр түрлі қимыл рәсімдерін атқаруға арналған қос дөңгелекті ағаш арба, ежелгі түрік дәуірінде билік иелері атақты бекзадалардың құрметіне мен аруағына арналып қойылған Балбал тастардың көшірмелері жасалып, өңіріміздің тарихынан сыр шертетін арнайы стелла және Жібек жолы көріністері қойылды. Сонымен қатар, музейдің ішкі бөлмелері жаңа талапқа сай жарықтандырылып, музейдің сыртқы бұрыштарына бейнебақылау камералары орнатылды.

Өткен «Жастар жылы» еншісінде, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан жастарының басын біріктіретін «Жастар ресурстық орталығының» ашылғаны аян. Бұл орталықтың да саябақ ішінен ашылуы жайдан жай емес. Осы күнге дейін бас қосып, түйінді мәселелер мен тың идеяларын ортаға салатын орталықтың болмауы аудан жастарына кедергі болғаны белгілі. Ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын жастар үшін ашылған орталықта жаздық кино көрсету, би алаңы қарастырылды. Сондай-ақ "Samruk kazyna" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен жалпы құны 57 миллион теңге қаржыға шағын футбол және стрит воркаут, стритбол алаңшалары, балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді.  Нәтижесінде, бүгінгі таңда балалар саябағы көркіне көңіл сүйсініп, көз тоятын, тұрғындардың демалыс орнына айналып үлгерді.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында 28 дана бейнебақылау қондырғылары жұмыс істейді. Сондай-ақ аудан орталығында аз күнде «Сарыкемер – Тараз» жолының бойы абаттандырылып, орын алған "Отбасы аллеясы", «Байзақ датқа» ескерткішінің жаңа келбеті халық игілігіне берілетін болады.

Өткен жылы "Ауыл - ел бесігі" жобасымен ауылдың жарықтандыру мәселелері шешімін тапқан болатын. Сондай-ақ "Балдырған" бөбекжай-бақшасының жалпы құны 41 миллион 951 мың теңгеге іші қайта жаңғыртылып, шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, үстіміздегі жылы бағдарлама шеңберінде №1мектеп-гимназиясының ғимаратына «BBR Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 57 миллион 120 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын атқарып жатыр. Жұмыстың орындалу барысында білім беру мекемесінің ішкі қабырғалары жаңартылып, кіреберіс еденіне керамоплитка төсеу, су құбырын және канализация жүргізу, жаңа есіктермен жабдықтау, ішкі әжетхана орналастыру,  мектеп айналасындағы жолдарды жөндеу және мектепке шағын футбол алаңын орнату шараларын атқаруда.

Осыдан 22 жыл бұрын қолданысқа беріліп, қазақтың мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров есімін иеленген №1 балалар жасөспірімдер спорт мектебі де қайта жөндеуден өткізілді. Құрылыс жұмыстарын өз міндетіне алған мердігер «KazConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы аумағы 675,9 шаршы метрді алып жатқан спорт мектебін шілде айында аяқтады. Бір күнде сыйымдылығы 150 адамға дейін грек-рим күресі, үстел теннисі және дзю-до залдары, үш киім ауыстыру, бір жуыну және дәрігер бөлмелері күрделі жөндеуден өткізілді. Ғимарат жаңа келбетке ие болып, айналасы абаттандырылды.

Мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында кейінгі үш жылда ауқымды жұмыстар атқарылды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық  әл – Фараби атындағы мәдениет үйінің сыртына ағымды жөндеу жұмыстарына 14 миллион 664 мың теңге бөлініп, жұмыстар атқарылса, демеушілердің көмегімен 10 миллион теңгеге  нысанның сол қанатындағы аумақтан аллея бой көтеріп, автотұрақ орнатылды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің аумағын абаттандыруға 8 миллион 928 мың теңге, «Қайғылы ана» ескерткішіне ағымды жөндеу жұмыстарына 1 миллион 300 мың теңге қаралып, аталған жұмыстар жүргізілді.

Мәдениет ошақтарын жылумен қамту үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен "Балдырған" бөбекжай-бақшасына, мәдениет үйіне модульдік қазандықтар орнатылды. Қазандықтардың орнатылуына байланысты жылу жүйелеріне ағымды жөндеу жұмыстары өткізілетін болады. Қазандықтарды газға қосу мақсатында балабақшаға 10 миллион теңгеге, аудандық мәдениет үйіне 1 миллион 800 мың теңгеге сметалық құжаттар дайындалып, үнемделген қаржыдан газды ортақ қысымға ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Ауылдық округтің бүгінгі даму әлеуеті және қазіргі экономикалық жағдайына өңірлік стандарттарға сай жобалармен іске асырылуда. Соның ішінде, жұмыс орындарының ашылу әлеуетінің оң көрсеткіші қалыптасуда.

Жергілікті тұғындарды  жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобалар бойынша жаңа дағдыларды игеру мақсатында, ауыл жастары тартылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілсе, сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарына мол мүмкіндіктер жасалғаны анық. Соның нақты нәтижесіне тоқталар болсақ, аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 6 адам жолданып, оқуларын аяқтады. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына 14 адам, «Жастар практикасына» 43 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 61 адам, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 133 адам, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы және салалық бағдарламалар аясында 21 адам жұмысқа жолдамамен жіберілді. Бұған қоса, бағдарлама арқылы несие және қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, шаруасын дөңгелетіп отырғандар саны да артуда. Мәселен, былтырғы жылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендер саны 144 болса, биылғы жылдың бастамасы ғана 27 миллион 780 мың теңгемен 50 адамға жетіп отыр. Округ бойынша үстіміздегі жылы “Атамекен” кәсіпкерлік палатасында оқуға 140 азамат жолдама алды.

Бүгінгі күнге ауылдық округтен 6 азамат жалпы сомасы 22 миллион теңге несие алып, кәсіпкерлікпен айналысуды бастап кетсе, 3 азамат құжаттарын әзірлеуде. Кәсіпкерлікті мақсат тұтқан ауыл тұрғындары алған шағын несиелеріне төрт түлік малдарын сатып алды әрі отбасыларындағы жұмыссыз азаматтардан бір-екі адамнан жұмыспен қамтуға қол жеткізді.

Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұру көрсеткіштері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарының азаюына да әсер етті. 2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 651 отбасының (591 отбасына шартты, 60 отбасына шартсыз) 3 100 адамына тағайындалса, ағымдағы жылғы «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша  бары 111 отбасына 27 миллион 512 мың теңге тағайындалып отыр.

Бүгінгі күннің нәтижесі ауылдық округте шешімін табуды талап еткен бірқатар мәселелер шешіліп, елдімекен жаңғыртылуда. Өткен жылдан бастау алып, үстіміздегі жылы да өз жалғасын тауып отырған жобалар округте 2 мектеп пен балабақша, мәдениет үйі мен барлық спорт нысандарын, бірнеше абаттандыру нысандарының жөндеу жұмыстарын бітіруге, 59 шақырым жолға 1 236 түнгі жарықтандыру шамдарын орнатуға, 32 шақырымнан астам жолдарды орта жөндеуден өткізуге, 7 шақырым ауылішілік арықтар желісі қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Барлық ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Келер жылы аудан орталығынан құрылысы жоспарланып отырған  спорт кешені мен көп қабатты үй құрылыстарының жобалық сметалық құжаттары дайындалу барысында. Бұл ауылдық округінде көп жылдан бері қордаланған тұрғын үй мәселесін шешу жолындағы алғашқы қадамның бастамасы болмақ. Жүргізіліп жатқан  жаңғырту жұмыстары ауылдың өсуіне серпін беріп, әлеуметтік – экономикалық дамуының оң динамикасына куә болатынымыз сөзсіз.

Олай болса, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауларды қоштап, Сарыкемер ауылының жаңарып, жасаруына өз үлесімізді еселеп қосу заңдылық болар. Аудан әкімінің бастауымен орталықта орналасқан кәсіпкерлік нысандардың  меншік иелерімен кездесу өткізіліп, ауыл келбеті бойынша ортақ шешім кабылданып, аудан әкімдігі құрылыс, қалақұрылысы және сәулет бөлімінің ұсынысымен жаңарту жұмыстары бастама алды. Ендігі кезекте, меншік иелері тарапынан тұрғын үйдің сыртқы келбетін сәйкестендіру, тазалықты қамтамасыз  ету, жасыл желектер отырғызу бойынша бағдарламалардан кем емес жұмыстар атқарылуы қажет.

Жергілікті ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр «Жайнаған Сарыкемерім, Өзіңде бар керегім. Алыстан шақырады, Көк жасыл тал-дерегің», - деп жырлағандай тек ауыл ғана емес, халқымыз да  замана көшіне ілесе отырып, күн өткен сайын жасарып, жаңаратынына сенімдіміз.

 

Сәуле ТЛЕУҚҰЛОВА,

Сарыкемер ауылдық округінің әкімі

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар