жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 0:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жақсылық жасау – жүректің жомарттығы

Жақсылық жасау – жүректің жомарттығы
ашық дереккөзі
Жақсылық жасау – жүректің жомарттығы

Әлемді әбігерге салған індет адамның өмір сүру қағидасына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Өйткені қоғамда «жапалақ секілді жамбасына басып емес, қыран секілді жан-жағына шашып жейтін», барын өзгемен бөлісіп, бір-біріне жанашырлық сезіммен, мейіріммен қарайтын жұрт қатары көбейген.

Індет өршіген тұста қиналғандарға қол ұшын созуға тек мемлекеттік жүйе ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдар да үлес қосқаны белгілі. Көп көмегінің арқасында аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, жалғызілікті жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қорғаныш заттары тегін таратылды. Әсіресе төтенше жағдай кезінде дін өкілдері, кәсіпкерлер мен депутаттар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, мекемелер, еліміздегі партиялар қайырымдылық жасауда алдыңғы шептен табылды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты да қайырымдылық шараларын атқару ісіне белсене атсалысты. Аталған жастар ұйымы елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде қиындық көрген отбасыларға көмек көрсету мақсатында арнайы еріктілер штабын құрды. Осы штаб құрамына облыс аумағындағы барлық жастар ұйымдары мен жас кәсіпкерлер және еріктілер ұйымдары келіп қосылды. Штаб жұмысының бір бағыты – тұрғындарды демеушілікке тарту. Нәтижесінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер демеушілік көмек көрсетуге құлшына кірісіп, «Birgemiz – Jambyl Oblysy» қоғамдық қорына қаражат аударып, 10 миллион теңгеден астам қаржы жинақталған. Бұл қаржы есебінен облыстық жедел штабтан түскен сұраныс хатқа сәйкес, 19 азаматқа 35 мың теңге көлемінде (665 мың теңге) бірреттік материалдық көмек көрсетіліпті. Бүгінде «Birgemiz – Jambyl Oblysy» қоғамдық қорының есепшотында әлі 9 миллион теңгеден астам қаражат бар көрінеді. Бұдан бөлек жекелеген кәсіпкерлер 292 миллион 984 мың теңгеге 14 286 отбасыға азық-түлік себетін алып беріпті. Сондай жанашыр адамдар 1500-5000 көпреттік бетперделер тіктіріп берген. Бұл бетперделер де азық-түліктермен қатар мұқтаж отбасыларға үлестіріліпті. Сонымен қатар Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге «Nur Otan» партия облыстық филиалының ұйымдастыруымен 15 тонна гуманитарлық көмек (9,2 миллион теңге) пен мүгедек жандарға арналған қоларбалар жолданса, Шу аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Сенімді-Ақниет» қайырымдылық қоры 18 тонна (100 отбасына) гуманитарлық тауар жолдап, 20 жасотандық Мақтааралда көмек көрсетіп келіпті. Бүгінгі таңда республикалық «Вirgemiz» қорынан індеттің күтілген келесі толқынына дайындық ретінде мұқтаж азаматтардың тізімдері жасақталып жатқан көрінеді. Қайырымдылық жасаудан жас кәсіпкерлер де шет қалмаған. Мәселен Тараз қаласындағы «Аstana Park» кинотеатрының директоры Олжас Қуандықов карантин кезінде демеушілікпен айналысып, індеттің алдын алуға белсене атсалысқаны үшін «Халық алғысы» медалін иемденіпті. – Қоғамның бір мүшесі болғаннан кейін халық қиналмаса екен дедік. Мәселен мен жасотандықтар қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жатқанда көмек қолын созу үшін, ұйымдастырушыларға өзім бардым. Қайырымдылық істің басы-қасында жүріп, «Өркен-Ниет» қоғамдық қоры демеушілердің көмегімен 7,3 миллион теңге қаражат жинап, 157 дана тыныс алуға көмектесетін құрылғыларды облыс аумағындағы 19 медициналық мекемелерге таратқанына куә болдым. Жуалы ауданындағы бір тігін шеберханасында 10 мыңға жуық бетперде тігіліп, тұрғындарға тегін үлестірілгенін де естідім. «Жамбыл облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Шұғыла» қоғамдық қоры оннан астам оттегі концентраты аппаратын сатып алып, аудан ауруханаларына таратты. Бұдан бөлек жекелеген кәсіпкерлер арнайы қорларға миллиондап қаржы аударып жатты. Олардың қасында менің мұқтаж отбасыларға бетперде, азық-түлік, медициналық қорғаныш заттарын таратып, емдеу мекемелері үшін өкпені жасанды демалдыруға арналған медициналық аппарат сатып алуға үлес қосуым түк емес. Десе де елге белгілі спортшылар, өнер жұлдыздары қиын шақта қанатымен су сепкендей болса да халыққа пайда тигізіп жатыр. Сол үлкен қуаныш. Мен де соның бірімін. Әлі де мұқтаж отбасыларды көре қалсам, барыммен бөлісуге тырысамын. Негізінен біздің кинотеатр 9 айдан бері жұмыс істемей тұр. Енді ғана сыйымдылық көлеміне қарай залды 30 пайыз көрермен толтыру арқылы жұмыс істей бастадық. Бұрын айына 2 миллион теңге табыс тапсақ, қазір шығынмен күнелтіп жатырмыз. Мен қайырымдылық шарасына белсене араласуға «кәсіпкер деген атым бар» деп емес, адами тұрғыда қадам бастым. Себебі осындай қиын жағдайда кез келгеніміз мақтаныш сезіммен жалған патриоттыққа бой алдырып немесе өзім онсыз да шығынға батып отырмын деп жағдайға көз жұма қарасақ, ел болудан қаламыз. Сондықтан бір-бірімізге қарайласуды ұмытпай, бабадан қалған ізгілік ісінің үзіліп қалмауына шын ниетімізбен атсалыссақ, еңсерілмейтін қиындық жоқ, – деді Олжас Маратқалиұлы. Даласы дархан еліміздің пейілі де сондай кең. Арамызда Олжастай жаны жомарт, мейірімді жастардың көп болуы қанымыздан бөлек, болмысымызға, жұтатын ауа мен ішетін суымызға, отбасында алған тәрбие мен жүрген ортамызға да байланысты екені даусыз. Расында да айналаңда жақсы адамдар көп болса, қиындық атаулыны жеңу оңай. Қоғам халыққа осындай жандарды үлгі етуі тиіс.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар