Қоғам

Жалынды жастық пен озық ойдың ордасы

Жалынды жастық пен озық ойдың ордасы

Жастар үшін лайықты жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру қай кезде болса да өзекті мәселе саналады. Әсіресе, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық, психологиялық және өзге де қажетті кеңестер беру мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Өңірде дәл осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіру үшін осыдан 15 жыл бұрын облыстық жастар ресурстық орталығы құрылды. Осы уақыт аралығында бұл орталық мемлекеттік жастар саясатының әр алуан бағытымен жұмысты жүйелей отырып, түрлі лауазымды қызметті абыроймен атқарып жүрген кәсіби мамандардың ұстаханасына айнала алды.

Республикадағы ең алғашқы жастар ресурстық орталығының Жамбыл жерінде іргетасының қалануына бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты, сол кездегі облыс әкімдігінің ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Беріктің сіңірген еңбегі зор. Кейіннен мұндай орталықтар Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында құрылды. Алғашында бұл құрылым бірнеше жыл ішкі саясат департаментіне қарасты ұйым ретінде жұмыс істеді. Жамбылдық жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырған орталық ә дегенде әулиеаталық өрендердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен айналысты. Ал, 2012 жылы орталық жаңадан құрылған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының құрамына өтті. Қазір аталған құрылым жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен бірге кеңес беру, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қатар жүргізеді. Сондай-ақ, аудандарда жастар ресурстық орталықтары да құрылып, мемлекеттік жастар саясатының игі шараларының шарапатын ауылдық өрендер де айқын сезінді.

Жамбылдағы Жастар жылының жемісті жобасы ретінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастар ресурстық орталығы директорлары кеңесінің құрылуын айуға болады. Тоқсанына бір бас қосатын жиын өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланатын мінберге айналды. Дәл осы кеңестің бір жыл ішіндегі жұмысының нәтижесі ретінде жастар ресурстық орталықтарының әдістемелік нұсқаулығы бекітілді. Бұл әдістемелік нұсқаулық жастар ресурстық орталықтарының жұмыс істеу бағыты, ондағы құрылымдарды біріздендіруді көздейді. Алдағы уақытта орталық мамандары азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен келісім алып, отбасын құруға ниет еткен жастарды отбасылық өмірге баулитын арнайы курс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ олардың ұрпақ сүю қабілеті де медициналық тұрғыдан зерделенеді. 15 сағаттық курстан соң жастарға курстан өткенін растайтын сертификат беріледі. Болашақта заңды некеге тұруда азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімдері дәл осы сертификатты талап ететін жүйе де түзіліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, облыстық жастар ресурстық орталығы өзінің 15 жылдық мерейлі белесін абыроймен бағындыра алды. Ең бастысы өз замандастарымен түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар арасында дәнекер болған жас мамандардың орталықта қызмет ете жүріп үйренгені, көрген-түйгені мол. Бүгінде олар осынау тәжірибелерін өз қызметтерінде кәдеге жаратып жүр. Белсенді жастардың қоғам өміріндегі орнын айшықтап, оларға бағыт-бағдар берудегі жастар ресурстық орталығының рөлінің зор екенін 10 жылдан астам уақыт бойы Шу аудандық ресурстық орталығына жетекшілік еткен Айнұр Рахымбаева да растайды.

Ұзақ жылдар бойы Шу ауданы жастарының көшбасшысы ретінде жергілікті жерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан Айнұр Қамшыбекқызы қазір аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне басшылық етуде. Осылайша жастармен жүйелі жұмысты жолға қою міндетін абыроймен атқарып жүріп, жас мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауына мүмкіндік берген ресурстық орталық өзінің мерейлі белесіне құтты қадамын жасады.

  Шынболат Күзекбаев